Елімізде қоқыс реформасы басталған сияқты. Өйткені биылдан бастап қайта өңдеу саласына 200 млрд теңге бөлініп отыр.
Табыстың бір көзі – қоқыс
884
оқылды

3 жыл мерзімге есептелген бұл қаржы қоқысты сұрыптаудан бастап, тасымалдау, қайта өңдеуге дейінгі кезеңде жүзеге асырылатын жобаларға бөлінбек. Ендеше әрі экономикалық, әрі экологиялық проблемалардың шешімі болар бұл саланың бүгінгі тынысы қандай?

Қайта өңдеудің де өз машақаты бар

Елімізде жыл сайын қоқыс поли­гон­да­рына шамамен 4,5-5 млн тонна қат­ты тұрмыстық қалдық төгіледі екен. Со­ның тек 24%-ы ғана қайта өңделеді. Соның өзін­де де еліміздегі қалдықтарды қайта өң­деу зауыттары шикізатқа жарымай отыр. Оның бір себебі – сұрыптау және тасымалдау жұ­мыстары тыңғылықты жолға қойылмаған. Ай­талық, кәдеге жарату процесін сұрыптау, жи­нау, жеткізу және қайта өңдеу деп бөлер бол­сақ, полигондарға әкімдіктер жауапты, ал іріктеу және жеткізумен шағын бизнес ай­на­лысады. Бірақ олардың өндірістік қуаты жет­кіліксіз. Коммуналдық қызмет бұл про­цес­ке ішінара шаруашылық жолмен көмек­тес­кені болмаса, басыбайлы кірісіп кете ал­майды. Қайталама шикізат деп пластик, ма­кулатура, шыны сынықтары, резеңке қиын­дылары, қаңылтырлар және тағы бас­қа­ларды айтар болсақ, олар бостан босқа по­лигондарда шіріп жатыр. Түптеп келгенде, қайта өңдеушілер қиналуда.

«Біздің зауыт құрылғалы бері толық қуа­тында жұмыс істеген емес. Негізгі проблема – шөлмек сынықтары қат. Мысалы, өндіріске 30% шөлмек сынықтары керек десек, оны біз барынша өз күшімізбен жинауға ты­ры­самыз. Бірақ бәрібір де 10%-ын жинап тап­сырушылардан аламыз. Ал «ӨКМ опера­торы» мекемесі жұмысын тоқтатқалы, олар тым саябырсып қалды. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл салаға көңіл бөлініп жат­қа­нына қуаныштымын. Бірақ бұл жерде ке­шен­ді түрде қарастыру қажет. Мәселен, шикізат түрлерінен біз құм мен мәрмәр тас­­ты ғана жергілікті жерден аламыз. Бас­қасы шетелден келеді. Бірақ «санкциялық соғыс» басталғалы ол да қиындап тұр. Біздің өнді­ріске шпатл, доломит, сода сынды тағы да басқа өнімдер керек. Ол өнімдерді Қазақ­станда да өндіруге болады. Егер осы жолы соны да жолға қояр болсақ, шетелге тәуел­діліктен арылар едік. Сол сияқты газ баға­сының өсуі, теміржол тарифтерінің өзгеруі де қайта өңдеу саласына теріс әсер етіп отыр. Соның кесірінен, біз нарықта бәсекеге қа­білеттілігімізден айырылып қалдық. Өнім­де­ріміздің өзіндік құны аспандап кетті. Әсі­ресе, экспортқа шыға алмай қалдық», – дей­ді «Еврокристал» ЖШС коммерциялық директоры Елена Журавлева.

Шыны құю зауыты Шымкент қа­ласында орналасқан. Қазір он­да екі пеш пен екі желі жұмыс істеп тұр. Өн­дірістік қуаты – жылына 210 миллион шарт­ты бірлік бұйым. Көлемі 200 миллилитр мен 3 литр аралығында болатын пайдалану аясы кең, түрлі пішіндегі жоғары сапалы шөлмек ыдыстар шығарады. Сол сияқты Ақтөбе қаласында орналасқан Capital Plast Kz ЖШС бүгінде қайта өңделген қағаздан гофра өнімдерін, түрлі қаптамалар мен пакеттер, стақандар, бір рет пайдаланылатын пластик  ыдыстар, фольга қалыптар, PET контей­нер­лер, сорғыш сүлгілер, ланч бокстар және та­ғы да басқа бұйымдар шығарады. Олардың да бір проблемасы – шикізат. 

«Макулатура қабылдайтын компаниялар не­гізінен еліміздің оңтүстігінде шоғыр­лан­ған. Оларға өзге өңірлерден қағаз жинап әкелу қымбат. Тіпті, соңғы өнімнің өзіндік құ­нында тасымалдау үлесі 20%-ға дейін жетіп жатады. Еліміздің батыс өңірінде жи­налған макулатуралар жақын болғандықтан Ресейге кетіп жатады. Сол себеп Ақтөбеден макулатура өңдейтін зауыт ашуға ниет етіп отырмыз. Бұл – стратегиялық мәселе, онсыз да жетпей жатқан шикізатты шетелге жібер­меуі­міз керек», – дейді Capital Plast Kz ЖШС бас директоры Берікхан Санке.

Оның айтуынша, бұл мәселені «қо­қыстан қоқысқа дейін» деген цикл аясында қарастыру керек. Ол дегеніміз, қоқыстан шыққан қалдық өңделіп, қайта дайын өнім болып алдыңызға келген соң да қайта қоқысқа кетеді, міне, осы цикл бастан-аяқ қам­тылуы қажет. Мұндағы жолға түспей тұрған бір мәселе – сұрыптап жинаумен ай­налысатын компаниялардың жұмысын жандандыру. Нақтырақ айтқанда, олардың саны аз, соны көбейту қажет. Шындығын айтқанда, елімізде бар өндірістік қуаттың өзін ұстап тұру мұңға айналып отыр. Елімізде ПЭТ (полиэтилентерефталат) қалдықтарын өңдейтін 12-ге жуық кә­сіпорын бар десек, олар 25-30%-ы ғана жүк­те­мемен жұмыс істеуде. Ал басқа қоқыс­тар­мен араласып, шашылып жатқан шикізат полигондарда көміліп қалуда.

«Тағы бір мәселе – көрші елдермен са­лыстырғанда бұл салада сауда шарттары тең емес. Мәселен, Өзбекстан ПЭТ қалдықтары мен қайта өңделген материалдарды экспорт­тауға тыйым салған. Бұл олардың өңдеуші­лерін қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Өйткені аталған қал­дық­тарды геотекстиль, геокомпозит, гео­мемб­рана сынды құрылыс материалдарын өндіруге пайдаланып, тоқыма өнеркәсібіне арналған штапельді талшықтар жасауға, ПЭТ контейнерлерін құрастыруға болады. Сондай-ақ оны флекс түрінде шетелге экспорт­таса, қомақты қаржы. Мұның сыр­тында шикізат пен дайын өнімге әртүрлі кедендік ставкалар мен валюта бағамындағы айырмашылықтардан туындаған демпинг проблемасы бар. Нәтижесінде, мұндай фак­торлар қазақстандық қайта өңдеу­ші­лер­дің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, нарық­та­ғы үлесін жоғалтуға алып келіп отыр», – дей­ді ол.

Мұндағы мәселеге кешенді түрде қарау керек дегенде, қоқысты сұрыптауды әрбір үй­ден бастаған дұрыс сияқты. Олар қоқыс тастайтын контейнерлерде целлофаны мен пластигі бөлек, қағазы мен қаңылтыры бө­лек, резеңкесі мен шынысы бөлек іріктеліп тұрса, құба-құп. Бірақ азаматтарымыздың қоршаған ортаны қорғау мәдениеті төмен бол­ғандықтан, атқарушы билік бұл тұста дәр­менсіз.

Үкімет шындап бет бұра бастады

Сонымен, Үкімет экологиялық қана емес, экономикалық та проблема­ның бір тетігі саналатын бұл салаға ден қоя бастады. Экология министрлігі 2024-2026 жылдарға бағдарлама дайындап, 200 млрд теңге субсидия бөліп отыр. Бұл Қазақстан тарихында болмаған нәрсе. «2030 жылға дейінгі жасыл экономикаға көшу кон­цеп­ция­сына» сәйкес, қоқыс полигондарында тө­гі­летін қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткіземіз деп отыр.

«Еліміздің қоқыс полигондарына тө­гі­летін 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді екен. Ал қалған 96,5 мың тоннасы қайда кететіні белгісіз Егер сыртқа әкетілген болса, құжаты болу ке­рек. Жерге көмілген болса, онда Эко­ло­гия­лық кодекске қайшы. Бұл заңнаманың бір тұстары толық жұмыс істемей тұр дегенді білдіреді», – дейді «Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы, «KazakhExport» ЭСК» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ба­тыр­бек Әубәкіров.

Сол себепті қауымдастық ұзақ жыл­дар­дан бері полигондар мен отандық қайта өң­деушілердің арасында орнықты байланыс орнату, салықтар мен кредиттер бойынша преференциялар беру, Қазақстанның бар­лық қалаларында отандық қайта өңдеу­ші­лердің қатысуымен қоқыс сұрыптау желі­ле­рін іске қосу, тіпті осы саладағы мәселелердің барлығын қамтитын Жол картасын әзірлеу жөнінде мәселе көтеріп келген екен.

«Осы ретте бүгінде оң шешімдер бар, мы­салы, EcoQolday бағдарламасы жақсы нә­тиже беріп жатыр. Наурыз айында «Өнер­кәсіпті дамыту қоры» арқылы «жасыл» жо­ба­ларға жылдық 3%-бен кредит беру туралы Үкі­мет қаулысы күшіне енді. Соның аясында Экология министрлігі 2024-2026 жылдарға бағ­дарлама дайындап, «Жасыл даму» ар­қылы саланың дамуы үшін 200 млрд теңге суб­сидия бөліп отыр. Соның негізінде бүгін­де аймақтар бойынша 94 жобадан тұратын пулл жасақталды. Оның 37-сі алдын ала ма­құл­даудан өтті. Десе де, бұл қаржы тек «жасыл» жобаларға қарастырылғанын баса атап өткім келеді», – дейді ол.

Елімізде сұрыптау, жинау, жеткізуді не­гізінен шағын бизнес жүзеге асырады. Онда да негізінен тиын санап отырған жеке кә­сіп­керлер. Ал олардың жинаған қалдығының әрбір грамынан пайда іздейтіні белгілі. Сол себепті бертінге дейін батыс Қазақстандағы макулатура жинаушылар оны Шымкент, Ал­матыны алыссынып, Ресейге өткізіп кел­ген болатын. 

«Шикізатсыз қалған қайта өңдеушілерді қор­ғау үшін Үкіметке қайта-қайта хат жа­зып, қайта өңдеуге жататын қалдықтарды ше­карадан өткізбеуді сұрадық. Соның ар­қасында елімізден макулатура мен пластикті алып шығуға тыйым салынды. Одан соң қал­дықтарды жинап, тапсырушыларды мем­лекеттен субсидиялау тетігі енгізілді. Осы­лай­ша, тыйым салу мәселесі өзімен өзі ше­ші­мін тапты. Өйткені жинаған қалдығын тап­сырып, ақшасын бір алған қалдық тап­сырушылар мемлекеттен субсидиясын тағы алып, пайдаға кенеле түсті. Ал қайта өңдеу­ші­лерге өнімін өткізуге мүмкіндіктер жаса­дық. Яки, мемлекеттік органдардың барлы­ғын Қазақстанда шығатын кеңселік қа­ғаз­дарды сатып алуды міндеттедік. Осы­лайша, жинаушы-тапсырушы, қабылдаушы-өңдеуші тарап тиімді позицияға шығып, са­лаға жан біте бастады», – дейді Батырбек Теміртасұлы.

Қоқысты кәдеге жаратуда Қызылорда ерлеп тұр

Қызылорда облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Былтыр 166 мың тон­на тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5%-ы өңделген екен. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасы­мал­дау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы тех­ника алынған. Бұл туралы бізге Қы­зылор­да облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев айтып берді.

«Мемлекет басшысының ірі қалаларда қат­ты тұрмыстық қалдықтарды қайта өң­дейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырылмақ. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық ау­дандары мен Қызылорда қаласы толық қам­тылады. Бүгінде инвесторлар анық­тал­ған. Айта кетсек, қалдықтарды сұрыптау жә­не өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржы­лан­дыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жо­баға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралған», – деді ол.

Жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жы­лына 380 мың тоннадан астам қатты тұр­мыстық қалдық сұрыптау және қайта өң­деуден өтеді. Одан құрылысқа қажетті брус­чат­ка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылмақ.

«Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асы­рылу­да. Оның бірі – қолданыстағы полигон­ды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы тех­ника, 3 мың еуроконтейнер алынып, ме­ди­циналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жа­ратылады. Осылайша, полигонның қал­дық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды. Бұдан бөлек, шы­ны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады. Жоба құны – 29 млрд теңге. Қуаттылығы – жы­лына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа ши­кі­зат ретінде жиналған шыны қалдықтары қол­данылады», – дейді облыс әкімінің орын­­­басары.

Қалай болғанда да, алдағы үш жылда қай­та өңдеу саласына жаңа тыныс біткелі отыр деуге болады. Ендеше қайталама ши­кізатты сатып алуда қазақстандық өң­деу­шілер басымдыққа ие болуға тиіс. Осы­лай­ша, ел бюджетіне түсетін түсімдердің ұл­ғаюы­на және жаңа жұмыс орындарын ашу­ға ықпал ете аламыз. Табыстың бір көзі – қоқыс. Оны өркениетті елдер әлдеқашан дәлелдеп тас­таған.

Нұрлан ҚОСАЙ