Жақында Сенат отырысында ғылым және білім беруді же­тілдіруге арналған заң қа­ралып, онда Scopus базасына енетін ха­лықаралық ғылыми журнал­дар­ға мақала жариялау туралы та­лап докторлық диссертация қор­ғауға кедергі келтіретіні жө­нінде мәселе көтерілді.
Ғалымға да, ғылымға да қолайлы жол қайсы?
958
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жур­налдарға қатысты пікірлер орын­­ды және ғалымдарымыз үшін шетелдік басылымдарға мате­риал жариялау оңай емес еке­нін айтып, әйтсе де, жалпы ғылымға қойылатын талапты төмендетпеу керегін алға тартты.

«Ғылым жан-жақты зерттелген қадамды талап етеді. Сондықтан PhD-ді қорғауға арналған критерийлерді төмендетуге бол­май­ды. Болон жүйесіне көшер алдында мұн­дай олқылықтың болғанын білеміз. Сол кезеңде кандидаттар мен докторлардың кө­бейіп кеткенін және олардың қалай қор­ға­ғанын көрдік. Сол кезге қайта оралмау үшін PhD-ді өз деңгейінде ұстап отыруымыз қа­жет. Жеңіл жолмен қорғаған он PhD-ден гөрі бір-екі нағыз ғалымды тәрбиелеп шық­сақ, елдің ғылымына да, экономикасына да көбірек пайдалы болатыны анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ал бүгінде докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық оқу курсын меңгеріп, бірақ докторлық дис­сер­тациясын қорғай алмай жүрген докторанттар саны ар­тып барады. Қорғау кезеңінен қорқып, бірқатары тіптен оқудан шығып кетіп жа­тыр. Көбіне кедергі – ғылыми басылым­дарға, әсіресе, Scopus базасына енген жур­нал­­дарға мақала жариялау. Өкінішке қарай, Ұлттық статистикасы бюросы оқуға қабыл­данған және оқуын бітірген докторанттарды ғана тізімдейді, ал қорғап-қорғамағаны жай­лы мәлімет жоқ. Әйтсе де, Сенатта кө­терілген мәселенің барын ғалымдардың көбі растайды. Мәселен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педа­гогика және психология институтының «Арнайы педагогика» мамандығында 2-курс докторанты Досжан Тоқтарұлы қазір ғылы­ми мақала жариялау әр докторант үшін айтарлықтай қиындық тудыратын мәселе болып отырғанын айтады.

– PhD дәрежесін алу үшін қойылған талаптарға сәйкес, ККСОН тiзiмiне енетін журналға 3 мақала, халықаралық конферен­ция материалдарына 3 мақала және Scopus базасына кiретiн журналға 1 мақала жария­лауымыз керек. Менiң зерттеу салам – «Ар­найы педагогика» бойынша елiмiзде ККСОН ба­засына енетін нақты журнал жоқ. Сол себепті жалпы педагогика бойынша ККСОН базасына енетін басылымдарға ма­қала жариялауға тиіспіз. Ал ККСОН база­сына енген педагогика бағыты бойынша журналдар да және олардың сериялары да өте аз. Сәйкесінше, онда мақала беретін зерттеушілер көп, ұзын-сонар кезек. Сон­­дықтан мақала шығаратын кезде қиындыққа тап боламыз. Сондай-ақ докторант ККСОН базасына енетін журналға мақаласын жа­рия­­­­лап, кейін ол журнал база­дан шығып қалса, онда басқа журналға қайта мақала жария­лауға тиіспіз. Мұнда уақыт жоғалтамыз әрі пси­хологиялық күйзеліс тудырады. Зерттеушінің ККСОН журналына мақаласы жарияланса, ол журнал базадан шығып қалса да докто­ранттың мақаласы ККСОН журналына ен­ген мақалалар тiзiмiнде сақталуы керек деп санаймын. Scopus базасына енетін журналға мақала бергеннен гөрі Ғылым министрлігінің Бақылау комитетінің тiзiмiне  енетін жур­нал­дар санын, олардың серияларын көбейту керек. Scopus базасына енетін журналға мақала шығару – басқа адамдардың табыс кө­зіне айналып бара жатқаны және оған мақаланы өзі жазатын докторанттар саны аз екені ақиқат. Scopus журналына мақала шығару талабының орнына ККСОН база­сына енетін журналдар санын көбейте оты­рып, олардың төлемақысын көтерген дұрыс болар еді. Шетелдік журналдарға берген ақшаны еліміздің журналдарына төлегеніміз игі. PhD дәрежесін қорғауды жеңiлдету ке­рек. Ғы­лыми кеңестерді көбейтсе, қорғауға қойы­латын талаптарды жеңілдетсе, яғни ғылыми басылымдар санын көбейте отырып, Scopus журналына мақала жариялау талабын алып тастаса, көптеген PhD дәрежесіне қол жет­кізе алмай жүрген зерттеуші үшін оң ше­шім болар еді, – дейді зерттеуші.

Академиялық жазу институты қажет

Докторанттар шетелдік басылымдарға мақала жариялау кезінде қиындықтарға тап болатыны себебінен осындай шаруамен айналысатын агенттіктерге жүгініп жатады. Алайда олардың қызмет көрсету құны қым­бат. Елімізде Scopus базасына енетін халық­аралық ғылыми журналдарға мақала дайын­дау және жариялауға көмектесу қызметінің ақысы 5 мың мен 7 мың АҚШ долларының арасын қамтиды. Әрі 1,5-2 жыл уақытты қа­жет етеді. 

Елімізде осы бағытта жұмыс істейтін ұйымның бірі – SciPubl INDEX-KZ. Аталмыш компания редакторы, The Journal of Behavioural Sciences (Cambridge University Press) журналының халықаралық рецензенті Ләззат Смаилхан докторанттардың шетелдік беделді журналдарға мақала жариялай алмауының себебін былай түсіндіреді. 

– Шын мәнінде, шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жариялаудың қиын болатын себебі – академиялық жазу дағдысын Қазақ­стандағы тек бірқатар ЖОО-да, оның өзінде қысқа курспен ғана үйретеді. Ал бұл сапалы жарияланымға қол жеткізу үшін, сондай-ақ ресейлік және украиналық бір­күндік компа­ниялар арқылы қате жарияланымнан аулақ болу үшін аса қажет. Ғылыми жобаның нәти­жесі бойынша сапалы ғылыми мақала жа­зуға қажетті академиялық жазу өнерінің өзіндік қыр-сыры, қиындығы бар. Бұл дағдыны бір күн немесе бір айда меңгеру мүмкін емес. 

2010 жылдың наурыз айында Қазақстан Болон білім беру жүйесіне көшті. Бұл – шетелде ғалым ретінде танылудың ерекше мүмкіндігі. Көптеген жас докторант өте сапалы зерттеулер жазады, бірақ, әдетте әр пәндік саланың өзіндік жазу стилі, жария­ланым ережелері болады және жас докто­рант­қа академиялық жазуды білместен ғылыми жарияланымдар жүйесіндегі жаңа­лық­тарға бейімделу қиынға соғады. Осы­ған байланысты қорғау алдында күрделі мәселе­лер туындайды. Болон жүйесі – жоғары білімді демократияландырудың бір түрі. Оның жағымсыз жақтарынан гөрі жақсылы­ғы көп. Ғылым дамуы керек, Қазақ­стан халықаралық рейтингте 93-орыннан кем деген­де 60-орынға көтерілуі тиіс. Бұл – әр университеттің және әр ғалымның жеке еңбегі. Білім берудегі жаңа трендтерді белгі­леу керек, әлемнің үздік универси­теттерінің ғалымдарымен серіктесе алуымыз шарт. Ол үшін үздік басылымдарда мақала жариялау қажет. Мұндай ғылыми жарияла­­нымдар шетел­дік зертханалармен ынтымақтастыққа үлкен мүмкіндік ашады, зерттеудің жаңа әдістерін, жаңа ғылыми тәжірибелерді тү­сіну­ге, ғалымның сапалы ғылыми мақаласы арқылы әлемге танылуына, халықаралық ғылыми аренаға шығуға және өзінің ғылыми имиджін арттыруға көмектеседі. Докто­ранттар үшін бұл білім және ғылыми тәжі­рибемен алмасу үшін академиялық ұтқыр­лыққа қатысудың үлкен мүмкіндігі.

Бірақ біздің білім беру жүйесінде сапалы зерттеу жазу механизмін, Academic Writing мәселелерін түсіну мүмкін емес. Қысқа мер­зі­мді пәндер болашақ ғалымдарға толық ақпарат бере алмайды. Шетелде жас докто­ранттар бір орында тұрмайды, олар бұл сала­да ұдайы даму үстінде жүреді, өйткені Academic Writing ғылым статусын алудағы негізгі шарттардың бірі. 

Өкінішке қарай, бізде Academic Writing деңгейі өте төмен. Академиялық жазу сала­сындағы үздік кадрлардың ұстасы ретінде жеке академиялық жазу институтын ашу қа­жет және академиялық жазу бойынша дә­ріс­керлерді шақыру, толыққанды оқу курс­тарын өткізу немесе Academic Writing пәнін бакалав­риаттың бірінші курсынан бастап міндетті пәнге енгізу қажет. Акаде­миялық жа­зу мекте­бінің болмауы докторанттардың сауатсыз­­дығын тудырады және оларға Scopus ғалым­дарының материалдарын түсінуде үлкен қиындық туғызады, оларға акаде­миялық жазу­­дың мәнін түсіну қиын, зерт­теудің өзі ту­ралы айтпағанда, ғылыми дис­сертация­сының атауын дұрыс құры­лымдай алмай жатады. Сол себепті Білім министрлігі Қазақ­стан ғалымдары үшін академиялық жазу институтын ашу қажеттігі туралы мә­селені на­зар­ға алады деп үмітте­немін, – дейді сарапшы. 

Бізде институционалдық бақылау кеңесі жоқ

Джордж Вашингтон университетінен ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан қа­уым­­­дастырылған профессор Қарлыға Мы­саева докторанттарға институционалдық қолдау болуы қажет екенін айтады. 

– Қазақстандық PhD дәрежесін алушы­ларға қойылатын талаптарды ғылыми әлеуеті жоғары елдердің бірі АҚШ-тағы PhD докто­рантурада оқумен салыстыра қарастырып көрейік. Ең алдымен оқу уақыты мен ұзақ­тығы: Қазақстанда PhD бағдарламалары 3 жылға есептелген, ал АҚШ-тағы PhD бағ­­­­­­­­­­дар­ламалары әдетте 4 жылдан 7 жылға дейін немесе одан да көп уақытқа созылады. Бірақ АҚШ-та орташа алғанда докторант­тардың басым бөлігі 5 жыл көлемінде аяқ­тауға ты­рысады. Бұл елде докторант алғашқы екі оқу жылында тек ғылыми зерт­теу тео­ри­ялары мен өзі таңдаған тақырыбына қа­тысты әде­биетке, ғылыми еңбектерге шо­лу жасау­мен айналысады. Ғылыми зерттеу та­қыры­­бына қатысты әдебиеттермен то­лығымен таны­сып, өзіне қажетті мате­риалдар жи­нақ­тайды. Содан кейін диссерта­ция тақыры­бына сай таңдалған ғылыми зерттеу теория­сы мен  зерттеу әдістеріне сәйкес сандық немесе сапа­лық зерттеу жүргізу үшін универ­ситеттің Институцио­налдық бақылау кеңе­сінен (Institutional Review Board, IRB) рұқсат алуы керек. Оған бір айдан үш айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Бұл – негізінен ғылыми зерт­теу тақырыбы­ның жаңашылдығын, зерттеу әдістері мен сұрақтарының  тақы­рыпқа сәйкестігін және зерттеу объектісінің дұрыс таңдалуын толығымен тексеретін этикалық кеңес. Док­торант IRB рұқсатын алғаннан кейін ғана зерттеу жүргізу құқы­ғына ие бо­лады. Өкі­нішке қарай, біздің елде IRB се­кілді ғылыми зерттеуді этикалық тұр­ғы­дан қа­рас­тыратын кеңес барлық жоғары оқу ор­нында бірдей жұмыс істей бермейді. Сонымен қатар докторант ғылыми зерттеуін жүргіз­ген­де барлығының ашық, шынайы және сапалы жүргізілуіне ерекше мән береді. Мәселен, сауалнама немесе сұхбат жүргі­­зілген болса, оған қойылатын талаптарды толығымен орындауы шарт. Көп жағдайда АҚШ-та докторант зерттеуді үшінші курстан бас­тайды және тек зерттеуге бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан докторанттар оқуы­ның төртінші жылында ғылыми тео­рияны зерт­теу нәтижесімен байла­­­ныс­тыра диссерта­циясын жаза бастайды. Жалпы ал­ғанда, бес жылда докторанттың диссер­тациясы толы­ғымен жазылып аяқталуы мүм­­кін. Отбасы­лық, қаржылық немесе ден­саулығына бай­ла­нысты мәселелерге қа­­тыс­ты одан да ұзақ уақытқа созылады. Уа­­қыт­тың тым ұзақ­қа со­зылуы көп жағдайда ғы­­­лым­ға қызығу­шы­лықты жо­ға­лтуға немесе ғылымнан жалығуға әкелуі мүмкін деген ұғым да бар. Десек те, біздің елмен салыс­тырғанда, АҚШ-та докто­ранттарға уақыт жағынан шек­теу жоқ. Ең бастысы, ғылыми зерттеу жұмысының, яғни диссертация­сының сапалы жазылуы жоғары маңызға ие. Қазақ­станда докто­рантурада үш жыл оқу жеткілікті ме? Егер қазіргідей Scopus база­сындағы журналға материал жария­лау деген талап сақталса,  жеткіліксіз. Себебі Scopus база­сына енетін ғылыми журналға бір мате­риал­ды жазуға және шығаруға кем де­генде бір жыл уақыт жұмсалады. Осы тұр­ғыдан ал­ған­да, ғылыми зерттеу еңбегінің ап­ро­бация­сы тек Scopus базасындағы жур­налға материал шығаруға негізделсін деген талап қалдыры­латын болса, оқу ұзақтығы тағы бір жылға созылуы керек. АҚШ-та мұндай талап жоқ. Бірақ док­торанттар өздері жаса­ған ғылыми зерттеу жұмысын ғылыми кон­ференцияларға жиі ұсынады, сол жерде талқыға салады. Ал диссертациясын аяқта­ғаннан кейін міндетті түрде сол бойынша мақала немесе кітап ретінде ғылыми жетек­шімен бірігіп жария­лайды.  Сонымен қатар біздің докторанттарда қалыптаспаған бір әдет – уақытты басқара білу. Атқаратын іс көп, оны жасауға берілген уақыт небәрі үш жыл. Бұл біздің заманы­мыздың мантрасы болса керек. Жаңа мүм­кін­­діктерге қол жет­кізу үшін уақытты дұрыс пайдалануды үйре­ну қажет. Докторанттар нақты уақыт кес­тесімен жұмыс істеген кезде ғана сәтті­лікке қол жеткізе алатынын түсі­ну­ге тиіс. Олар­дың есінде сақталуы тиіс нәр­­­­се ғылымға қойы­­­латын талап өте жоғары. Сондықтан док­торанттар зерттеудің сапа­сына мұқият назар аударуы маңызды. Ин­ституционалдық қолдау болуы қажет. Док­торанттардың ха­лық­аралық ғылыми кон­­­­­­ференцияларға қатысуы, зерттеу тақы­ры­бының нәтижесі бойынша ғылыми жа­рияланымдары олар­дың диссертацияны қорғауына ғана емес, олар­дың академиялық ортаға қосылуына мүм­­­­кіндік беруі керек. Бізде көп жағдайда дис­сертацияның сапа­сына емес, докто­ранттың Scopus база­сын­дағы журналға баса назар аударылып кеткен сияқты. Сондықтан біздегі соңғы жылдары қорғалған докторлық диссер­­тациялар мазмұнына талдау жасау қажет. Яғни, біздің жас ғалымдардың ғылы­ми әлеуетін  бір Scopus базасындағы мақа­ламен бағалау осы саладағы назар ауда­ры­латын басты мәселе­нің бірі, – деп атап өтті Қар­лыға Нақыс­бекқызы.

Елімізде әртүрлі салада өзекті әрі ғылы­ми дәреже алуға әбден лайық зерттеулермен ай­на­лысып жүрген жас ғалым көп. Алайда ғы­лыми мақала жариялау мәселесі көбіне қол­байлау болып тұр. Ал Сенатта нағыз ғы­лымға та­лап жоғары болуы керектігі айтыл­ды. Ға­лым­­­ға да, ғылымға да қолайлы шешім қандай?!

Айдана НҰРМҰХАН