Сыйлық сыйлаудың реті мен жөні болады.
Кімге қандай сыйлық берген жөн: пайдалы кеңес
www.istockphoto.com
536
оқылды

Кімге қандай сыйлық беру керек? Қазақ ұғымында да сыйлы адамға арнап, ет асып, табақ тартады. Сыйлық сыйлаудың да сондай жоралғысы барын білдіңіз бе? Құрбыңыздың не сүйіктіңіздің қандай екенін білсеңіз, (аудиал, визуал, кинестетик, диджитал) сипатына қарап сыйлық таңдауға болады. Міне, сізге пайдалы кеңес:

Аудиал

Бұл типке жататын адамдардың есту, тыңдау қабілеттері ерекше дамыған. Көзімен көрген, ұстап көрген заттардан гөрі естіген ақпараттарды тез жаттайды. Дыбыс олардың жаны десек те болады. Олар табиғатта музыка тыңдағанды жақсы көреді және музыкалық сауаты болады. Белгілі бір аспапқа икемді болады. Оларға сүйікті әндері жазылған диск немесе сүйікті әншісінің әнжинағын, MP3-плеер әперіп немесе караокеге апарсаңыз, сізге алғыстан өзге айтары болмайды. Оған қоса, шытырман оқиғаға толы кітап берсеңіз, қуанары сөзсіз.

Визуал

Бұл типке жататын адамдардың көру қабілеттері өзгеше. Олар көрген ортасын тез жаттайды. Бір жерге бара қалса, адамдардың киім-киісіне, үйдің интерьеріне мән береді. Іш пысса, өз-өзіне ермек табады. Табиғаттың, комикстің суретін салады немесе қиялына ерік береді. Олар –шығармашылықтың, өнердің адамы. Оларға сурет құралдарын, кино көретін үлкен экран, фотоаппарат, видеокамера берсеңіз болады.

Кинестетик

Бұл типке жататын адамдар ерекше сезу қабілетіне ие. Бір әдемі иіспен сол кездегі оқиғалар тез жатталады. Олар ванна қабылдағанды, хош иісті шай ішкенді, ыңғайлылықты жақсы көреді. Өзіне ыңғайсыз киімдерді жек көреді. Ұзақ әңгімеге қарағанда сөйлесушінің қимылына, ым-ишарат амалдарына көңіл бөледі. Сол арқылы тілдесушісінің не ойлағанын біліп отырады. Қозғалғанды, жаңалықты жақсы көреді. Оларға хош иісті майшамдар, сазбалшықтан, қолдан жасалған бұйымдарды сыйлаған дұрыс. Массаж, шаш сәндеу, фитнес залына алып барсаңыз да болады.

Диджитал

Мұндай типке жататын адамдар ойға көп батады. Сандар, пайыздар, белгілерді жақсы көреді. Белгілі бір қағидамен жүргенді қалайды. Бос істерді жек көреді. Ол іске жарайтын сыйлықтарды алғанды ұнатады. Кофе қайнатқыш, электрлі тіс щеткасы, ұялы телефон секілді заттар оның пайдасына жарайды. Технологияны ұнатады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.