Биыл көктем ерте шығып, күн тез жылынды. Сал­дары­нан көп аумақты су алып, шаруа­ның біразы ауылшаруа­шы­лық саласына орасан нұқсан кел­генін айтып отыр.
Күнбағыс көбейіп, күріш азаяды
коллаж: Елдар ҚАБА
670
оқылды

Дегенмен уақытын оздырсаң, түсімі түгел болмайтын егіншілік саласы үшін әр күнді қалт жібе­ру­ге болмайтыны тағы бар. Жағ­дай қанша қиын болса да қазір өңірлерде егін егу нау­қаны қарқынды жүріп жатыр. 

Оңтүстік өңірлерде егіс жұмыстары аяқ­талуға жақын. Бүгінгі күнге дейін өңірде 1,5 млн гектар алқапқа егін егіл­­ген.  Ал орталық және солтүстік өңір­лер­де жаппай көктемгі дала жұмыстары бас­талады. Облыс әкімдіктерінің деректері бойын­ша, осы жылы жалпы 23,8 млн гек­тар егіс алқабы игеріледі. 

Айта кету керек, биыл көктемгі егіс жұ­мыстарын жеңілдікпен қаржыландыруға 580 млрд теңге бағытталған. Оның 400 млрд теңгесі қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі бойынша жылдық таза 5%-бен шаруаларға несие берілмек.

Егіс науқаны қарқынды

Мемлекет басшысының ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарын әртараптандыру жө­­­ніндегі тапсырмасына сәйкес негізгі дақыл саналатын бидай егіс алқабының өзі былтырғымен салыстырғанда 426 мың гек­тарға қысқарды. Осылайша, ел аумағы бойынша жалпы алғанда 13,3 млн гектар жер­ге астық себілуде. Ал керісінше майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және жем-шөп дақылдарын 66 мың гек­тарға ұлғайту жоспарланып отыр.

Алқаптардың кей жағдайда  бейбе­ре­кет астық сеуіп, артынан мардымды дүние жи­най алмай қалатын шаруашы­лық­­тардың жұмысын реттеу үшін жасалғанға ұқсайды. Одан бөлек, ылғалды үнемдеу ал­­­­горитмі тағы бар.

«Президенттің тапсырмасы аясында суды көп қажет ететін дақылдарды қыс­қар­ту бойынша жұмыс жүргізілуде, мақта алаң­­­­дарын 16 мың гектарға (116 мың гек­тардан 100 мың гектарға дейін), күрішті 12 мың гектарға (100,3 мың гектардан 88,3 мың гектарға дейін) азайту болжануда. Со­ны­мен қатар осы жылы егіннің бітік шы­ғуын қамтамасыз етуі үшін 1,5 млн тонна тыңайтқыш түрлері дайындалған. Оның 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өні­мі», – деді Үкімет отырысында Ауыл шаруа­шылығы министрі Айдарбек Сапаров.  

Қазірдің өзінде фермерлерге барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілгені ха­барланды. Бұл 2024 жылға арналған жос­пар­дың 30%-ы ғана болып отыр. Жұмыстар ен­ді басталған астықты өңірлерге қосымша тыңайтқыш жөнелту жұмыстары нақты­лануда. 

Министрліктің арнайы таратқан ақ­паратына сүйенсек, қазір елі­мізде ауыл шаруашылығы құрылымдарында егіс жұмыстарына 150 мың трактор, 5 мың тұқым себу кешені, 76 мың кәдімгі сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы  тартылған. Дегенмен кейбір шаруашылықтарда саны бар, сапасы жоқ техниканың жүргенінен тұр­ғаны көп болып, көктемгі науқанның көпке созылып кетіп жататынын білеміз. Кей­бір шаруашылықтар өзінде бар тех­ни­каны жаңартуға құлықсыздық танытып та жатады. Сондықтан Мем­ле­кет бас­шы­сының ауыл шаруашылығы тех­ни­ка­ларын жаңғыртуға байланысты тап­сырма­сын жүйелеп, шаруалар үшін мол шығын болар техника сатып алу мәселесін Үкімет тағы бір реттестіруі қажет-ақ. 

Ескі техника есті алар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттыруды тап­сырған болатын. Осыған байланысты был­тыр «Жасыл Даму» АҚ қаражатынан қосымша 20 миллиард теңге бөлінген. Бұл қара­жатқа шаруалар 80-нен астам комбайн мен 450 трактор сатып алған. Техника ли­зинг­ке 6% мөлшерлемемен және 10 жылға дейін­­гі мерзімге берілген. Дегенмен жыл сайын шаруашылық техникаларын жаңар­ту­­дың кешенді бастамасы керек-ақ. Кейбір де­­ректерге сүйенсек, еліміздегі ауыл шар­уа­­шылығы техникаларының 72 пайызы ескір­гені туралы ақпараттар тараған. Бұл ту­ралы былтыр да газетімізде көлемді ма­қала жариялаған болатынбыз. Орталық пен солтүстікті былай қойғанда, егін себу  нау­қанын аяқтап жатқан Түркістан облы­сы­ның диқандары да көп техниканың ес­кір­генін айтып отыр. 

Мысалы, Ордабасы ауданындағы шаруа қожалықтары техникасының 70 пайыз­ға жуығы тозып тұрғанын айтады. Оны жаңартуға қаржы жоқ көрінеді. Себебі былтырғы орылған бидайға сұраныс бол­маған.  

Ордабасылық механизатор Қуаныш Се­рімбетов өзінің мініп жүрген трак­торы­ның осыдан 15 жыл бұрын сатып алынғанын ай­тып отыр. 

«Жаңа трактор алуға шама келмей қал­ды. Былтырғы жылғы орақ қамбада тұр. Са­тылым болмады. Ал ескі техникамды жаң­ғыртуға жағдай жоқ. Бөлшектер де қым­баттап кетті. Енді  баға арзандамайды деп жатыр, сондықтан лизингке сұраныс жа­сап көрсек деп отырмыз», – дейді шара­сыз шаруа.

Мәселені шешу үшін шаруаларды қолжетімді несие қаражатымен дер кезінде қамтамасыз ету керек. Сон­дық­тан биыл салаға бюджет қаражатынан бас­қа да көздер, соның ішінде екінші дең­гейлі банктердің капиталы да тарты­ла­ты­нын айтқан Айдарбек Сапаров осы жы­лы ерте көктемнен-ақ ауыл шаруа­шы­лығы тех­никасын жаңартуға қазынадан 450 млрд тең­ге бөлінетінін, ал инвестициялық жо­ба­ларды қаржыландыруға 800 млрд теңге жұмсалатынын жеткізген.   

Ғалымы аз, басшысы көп сала

Шаруашылық техникасының мә­селесін жыл сайын ептеп қол­ға алып жатқан Үкімет енді ауыл шаруа­шы­лығы саласының ғалымдарына үлкен үміт­пен қарап отыр. Себебі осы уақытқа дейін жөн-жосықсыз жұмыс істеген қожалық­тар­ды қожыратпай бір арнада, бір шешім­дер негізіне жүйелеу қажет екеніне көз жет­ті. Әйтпегенде, өнім мардымсыз, шы­ғын шаш етектен бола бермек. Жуырда А.Ба­раев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында «Ауыл шаруашылығы саласын түрлі табиғи апатқа бейімдеудегі аграрлық ғылымның рөлі» тақырыбын талқылаған сала ғалым­дары көп дүниенің шетін шығарды. Басқо­суда климаттың тез өзгеруі мен оның кері әсе­рінен ауыл шаруашылығы зардап шегіп, орасан зор шығынға ұшырап жатқаны мен адам қателіктерінің зардабы жан-жақты талқы­лан­ды. Мұнда арнайы келген Ұлттық ғы­лым академиясының басқарма прези­денті А.Күрішбаев: «Қазақстандық ғылым­ның арт­та қал­уы­­ның себебі аграрлық зерт­теу­лер­ді ұйым­дастырудың тиімсіз құрылған жүйесі мен бас­қарудың ескі стереотип­те­рі­нен арылуға және табысты әлемдік тә­жіри­бені ескере оты­рып, өз жұмысын өз­гер­туге қабілетсіз­ді­гінде жатыр», – деді. Шы­нымен де, жүйе­сіздік біздегі күллі аг­рар­лық саланың ісін өрге оздырмай отыр­ған сыңайлы. 

Президент жанындағы ҰҒА зерт­теу­лері бойынша былтырдың өзінде салада 139 шашыраңқы жоба іске асырыл­ған екен. Демек, осынша жоба еш тиімсіз жұ­мыс істеп, тек қазына қаржысын шығын ет­кен. Бұл ретте ауыл шаруашылығы сала­сы­ның ғалымдары жүйедегі үш ірі мәсе­ле­нің астын сызып айтты. 

Біріншісі –  аграрлық ғылымға бөлінген бюджет қаражатын шашу мен тиімсіз пай­далануды доғару. Бұл ретте ғылыми-зерт­теу­лердің басымдықтары мен тақырып­та­рын анықтау кезінде жүйелік кемшіліктерді жою және оларды орындауға ғылымның әр­түрлі бағытының, сондай-ақ жетекші шет­елдік ғалымдардың мүмкіндіктерін тар­та отырып, пәнаралық тәсіл негізінде әзір­ленген ірі ғылыми-техникалық бағ­дар­ла­маларды (мегагранттарды) іске асыруға кө­шу. Салалық университеттердің жаңа бі­лім беру бағдарламаларын әзірлеу. Қазір­гі заманғы ғылыми кадрларды даярлау, ең бас­тысы, аграрлық ҒЗИ-да ғалымдардың тұ­­­­рақты жұмыспен қамтылуы. Нәтиже­сін­де,  ғылыми зерттеулер тұрақталмақ. 

Екіншісі –  ғылыми ұйымдарды бас­қарудың тиімді жүйесін құру, шет­ел­дің озық технологиясын тарту.  Ең бас­ты­сы, аграрлық ҒЗИ мен тәжірибелік шар­­уа­шы­лық­тарда бюрократия мен ғылымды әкім­шілендіру жүйесінен арылту керек. Бұл ретте А.Күрішбаев, қазір елдегі ғылыми ор­талық­тар­да  ғылыми қызметкерлердің үлесі 9%-дан 45%-ға дейін ғана екенін, ал қал­ғандары  ӘБП мен техникалық персо­нал­дардың үлесінде болып тұрғанын айтты. «Дайын асқа тік қасық» бола қалатын әкімшілік басшылықтан ғылым алға озбайтыны шын. 

Үшіншісі – дамыған елдердің тәжі­ри­бесі бойынша заманауи ғылыми кадрларды даяр­лауда зерттеу университеті моделінің мүмкіндіктерін пайдалану. Ғалымдардың пайы­мы, саланы дамыту үшін алдымен ма­ман даярлау жүйесін ретке келтірген дұрыс. Шынымен де, қазір кез келген сала­да өзге маман иесі көп. Ауыл шаруашылы­ғын­да да бұл жағдай ерекше байқалады. Ға­лымдар әкімшілік құрылымдарға да ауыл шаруашылығы саласын толық мең­гер­ген өндірісті білетін мамандардың тар­тылғанын қалайды. Себебі белгілі.   

Демек, егінді себу мен орақ науқа­ны­­ның барлығында маманның бол­ғаны абзал. Ал ауыл шаруашылығын то­лық меңгермеген менеджердің малды сау­далауды білгенімен, баптаудағы мың сан машақатына басы ауырмайтыны рас. 

Жыл он екі ай бойы аграрлық сала еш тоқ­таусыз жылжып отыру үшін, ең басты­сы, мемлекет науқандық қолдаудан бөлек, тұрақты дамыту алгоритмін қолға алғаны дұрыс. Ғалымдар мен ғылыми орталықтар­дың да, тіпті қарапайым диқанның да ар­ман-тілегі мен мүддесі осы. Ел экономика­сы­ның тірегі болуы үшін шынымен де ға­­­лымдардың сөзіне құлақ асқан жөн. 

Бердібек ҚАБАЙ