Жамбыл облысында ауылдасын өсекке бола өлтіріп кетті деп айып тағылған үш азаматқа қатысты ашық сот отырысы басталды.
Қой ұрламақ болды деп ойлаған: Жамбыл облысында 3 азамат ауылдасын өлтіріп қойды
911
оқылды

Ақбұлым ауылының үш тұрғыны ағайынды Әжібековтерді қорадағы қойды торып жүр деген күдікпен соққыға жыққан, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

KTK арнасы жазғандай, ауыр соққы мен пышақ жарақатынан 48 жастағы азамат ауруханада көз жұмды. Ал араша түспек болған інісі пышаққа ілініп аман қалған. Жазықсыз жандарға жала жауып жазым еткендер жауапсыз қалмауы керек, –  дейді марқұмның туыстары.

Қанды оқиға осыдан сегіз ай бұрын Тараз маңындағы Ақбұлым ауылында болған. Ауыр жарақаттан аман қалған Бағдат Әжібеков жантүршігерлік оқиғадан әлі де есін жия алмай жүр. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға ауылдастары "ұрлық жасауға оқталып жүр" деп кінә таққан. Куәгердің айтуынша, үш азамат мән-жайға қанықпастан, ағайынды азаматтарды өздері жазаламақ болған.

"Көрген адамдарды шақыртады. Көрген адамдар "көрген емеспіз, бұлар деп айтқан жоқпыз" деп тұжырым жасайды. "Бұлар емес" деп. Сол арада кінәлі болып қалады да, сол кінәсін жуып-шаю үшін, сол жерде ағам екеумізді пышақтап, ағамның басын таспен ұрып, ауыр халде тастап кетеді", – деді жәбірленуші Бағдат Әжібеков.

Аталмыш іс бойынша үш адамға айып тағылды. Олардың екеуі – ағайынды Мәди Рашидов пен Қуаныш Абраманов. Алғашқы ашық сот отырысында екі айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Марқұмның туыстары "даулы оқиғаның басында тұрған шаруашылық иесі жазадан құтылып кете ме?" деп алаңдайды.

"Інімнің де, баламның да ұрлық жасаған әрекеті шығып жатса, аты шығып жатса екен. Ешқандай ұрлыққа бармайтын екеуіне жала жауып, ақыры төбелес болған, дайындалып келген, өлтіруге дейін. Сот әділетті болса екен. Заң жүзінде осыларды әділетті соттаса, әділ жазасын алса, қолмен істегенін басымен көтеріп", – деді марқұмның туысы Болатбек Әжібеков.

Қазір даулы оқиғаға қатысты алғашқы ашық сот отырысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта өтіп жатыр. Куәгерлердің толық болмауына байланысты, сот отырысы 24 мамырға қалдырылды. Айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденсе, оларға "қасақана кісі өлтіру" бабымен жаза кесілмек.