«AMANAT» партиясы ауыл халқының еңбек табысын арттыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқаны белгілі.
«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Сыр өңірінде 406 жоба қаржыландырылды
610
оқылды

Алғашқыда пилоттық негізде қолға алынған аталмыш жоба бүгінде ел аумағында өз маңыздылығын айқындай түсті. Соның ішінде Сыр өңірінде аталмыш жоба шеңберінде атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз, – деп жазады Aikyn.kz.

Жалпы, партиялық жоба аясында Сыр өңірінде өткен жылы 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Оған бағдарламада қарастырылған негізгі 5 бағыт бойынша 406 жоба қаржыландырылған. Бұл жайында партияның облыстық филиалы алаңында өткен брифингте мәлім болды. Негізінен аталмыш бағдарлама төңірегінде қаржыландырылған жобаның әрбірі жоғары маңызға ие.

Атап айтқанда, жоба шеңберінде 33 кооператив пен 373 жеке кәсіпкерге 2,5 пайызбен несие берілген. Бұған қоса, биыл облысқа 4 млрд 600 млн теңге қаржы қаралып, 575 жобаны қаржыландыру мен 610 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда осыған байланысты арнайы комиссия жұмысын бастап, негізгі оператор ретінде «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның облыстық филиалы анықталған.

«AMANAT» партиясы жобаны іске асыруға үлкен дайындықпен келді. Яғни, алдыңғы жылы жоба шеңберінде барлық ауылдық округтерге скрининг жүргізілді. Аймақтағы 146 ауылдық округтің әкімдеріне партияның Саяси менеджмент академиясымен 3 күндік оқу-семинар ұйымдастырылып, кент және ауылдық елді мекендерге скрининг өткізілді. Бұл өз кезегінде жергілікті әкім аппараттарының кәсіби даярлығын арттыруға, ауылдың мамандануы мен әлеуетін анықтап, жеке кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтер  жұмысының ұйымдастырылуына ықпал етті.

Партияның барлық аудандық, қалалық филиалдары жанынан «Ауыл аманаты» жобасының мақсаттарын түсіндіру мен тұрғындарға кеңестер беру үшін арнайы ақпараттық-насихаттық орталықтар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жобаның ережелері ауылдарда өтіп жатқан мобильді қабылдаулар мен тақырыптық кездесулер барысында кеңінен насихатталып отыр», – деп мәлімдеді брифингте партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Келесі кезекте облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетов жобаны сапалы іске асыру мақсатында негізгі басымдық өндірістік жобаларға беріліп отырғанына тоқталды.

Ал «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мадали Алишерұлы жоба аясында микрокредит алудың негізгі талаптарын жеткізді.

Оның айтуынша, азаматтардың жобасы ең алдымен негізгі бағытқа сәйкес келуі керек және жоба аясында тұрақты жұмыс орны құрылу қажет. Сонымен қатар  жобаны іске асыруда жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде тұрғылықты жері бойынша кемінде 1 жыл тұрақты тіркеудің болуы міндетті. Сол сияқты өндіріс үшін қажетті жаңа, пайдаланылмаған техниканы сатып алу үшін де қаржы беріледі.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы