Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі кәсіпкерлерге одан әрі қолдау көрсету, сатып алу рәсімдерін оңтайландыру және қысқарту, бағадан сапаға басымдық беру және саланы толық автоматтандыруды қамтамасыз ету қажет дегені белгілі.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң көптеген олқылықтың орнын толтырады  – депутат
938
оқылды

«Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасы Парламенттің екінші оқылымынан өтті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов айтты,  – деп жазады Aikyn.kz.

"Мемлекеттік сатып алу саласы маған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары ретінде қызмет атқарған кезімнен бөтен емес. Себебі осы жауапты салаға жетекшілік еткен болатынмын. Сол кезеңнен «Сыны мен күрмеуі көп мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру қажет» деп жиі әртүрлі мәселелерді көтеруге тырысатынмын. Сондықтан жаңа "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң жобасы Мәжіліс қарауына түскен кезде, ойда қордаланып жүрген, тәжірибеде кездескен шешімін қажет ететін ұсыныстарымды енгіздім. Мәселен, мердігер салғырттығынан нысандар соғылмай, «сақалды» құрылысқа айналса да, дәл сол мердігер мекемелер келесі конкурстарға еш кедергісіз қатысуын тәжірибе жүзінде ешкім шектей бермейді. Яғни, қолданыстағы заңнама оларды жауапкершілікке тартуға дәрменсіздік танытып, тек айыппұл төлететін. Енді, біз ұсынған жаңа заң қабылданса, мердігер жүктелген нысанда аяқтамаған болса, ол басқа конкурстарға қатыса алмайды", – дейді депутат.

Оның пайымынша, бұл өзгеріс мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердің де екеуара жасалған шарт талаптары орындалмаса, уақытылы сотқа жүгінуіне мүмкіндік береді. 

"Халық арасында «черный список» қатарындағы сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енді нысандарды тастап кеткен мердігерлер ғана емес, құжаттарында жалған ақпарат берген кәсіпкерлер де енгізіледі. Бұл өзгеріс жалған құжаттар ұсынып, конкурс жеңімпазы болуға ұмтылатындардың жолын кесіп, заңсыз әрекеттерін шектейтін болады. Жеке секторға «строительство под ключ» ұғымы таңсық емес. Енді Мемлекет басшысының бастамасымен құрылысы басынан аяғына дейін бір мердігермен жүргізілетін жұмыстар мемлекет қаржысына  жүзеге асырылатын болады. Құрылыс саласының қыры мен сыры қанық жан ретінде осындай елеулі өзгерістердің енгізілуіне себепші болуым заңдылық деген ойдамын", – деді Мархабат Жайымбетов.

Сондай-ақ ол сатып алуларға «қоғамдық мониторинг» институты енгізілетінін атап өтті. Мамандар болмаса, мемлекеттік сатып алу туралы пікірлер бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желідегі жарияланатын мәліметтерден қалыптасады.

"Келесі енгізілген ұсынысымның бірі – мемлекеттік сатып алуларға қоғамдық мониторинг жүргізіп қана қоймай, кез келген мүдделі тұлғалардың саладағы заңнама бұзушылықтардың алдын алуға атсалыса алуы. Қазіргі заман талаптарының бірі – ақпараттың ашықтығы мен жариялылығы екенін ескерсек, енгізілетін норма саланың «жақсы атпен» танытпақ.

Елеулі ұсынысым деп ауыз толтырып айта алатын тағы бір өзгеріс – сапалы тауар алу үшін оның маркасы мен брендін көрсете алу мүмкіндігі. Аз көлемдегі, яғни 1 000 АЕК-қа дейінгі 400 мыңға жуық сомаға жарияланатын сатып алулардағы бұл норма – сапасыз, арзан тауарлардың орнына өзіндік сапаға ие тауарды алуды қамтамасыз ететін болады. 

Ауылдық округ әкімдері үшін тағы бір керемет жаңалық – оларға 4 000 АЕК-қа, яғни 14,7 млн  теңгедей сомаға дейінгі сатып алуларды айлап конкурс өткізбей-ақ, бір көзден алуға мүмкіндік беріліп отыр", – деді халық қалаулысы.

Бұдан бөлек, қосалқы мердігерлерге беріліп келген жұмыстардың жарты көлемі енді 30 пайызға азаятын болады. Бұл сатып алу  мердігерлердің конкурста жеңімпаз атанғанымен, қосалқы мердігерлерге беріп тастауына шектеу қойып, жеке-дара жауапкершілігін арттыратын болады. 

"Бұдан өзге, тауарлардың электронды каталогін қалыптастыруға, мемлекеттік сатып алудың электронды дүкен, аукцион және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерін айқындайтын ұсыныстарыма да әріптестерім тарапынан қолдау білдірілді.  

Жылдар бойға тәжірибемнен түйгеннен енгізген ұсыныстарым заң жүзінде қабылданып, жүзеге асырыла бастауы – бұл саланың ілгері басуына оң ықпалын тигізеріне сенімдімін", – дейді депутат.