Барлық қаражатты қарыз шотына және букмекерлік кеңселерге аударған.
Павлодарда лудоман психикалық ауытқуы бар қыздың атынан несие алған
949
оқылды

Оған қоса жәбірленушінің 79 мың теңге жәрдемақысын алып қойған, – деп жазады Aikyn.kz.

Кazinform жазғандай, Павлодарда психикалық ауытқуы бар қызды арбап, оның атына жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам несие рәсімдеген лудоман ұсталды.

Құмар ойынға құмартушы тұрғын үйдің ауласында психикалық ауытқуы бар қызбен танысып, оны пайдаланып кеткен. Жәбірленушіні суретке түсіріп, микроқаржы ұйымдарынан қыздың атынан 800 мың теңгеге жуық несие рәсімдеген. Барлық қаражатты қарыз шотына және букмекерлік кеңселерге аударған. 

«Күдікті онымен тоқтамай қыздың атына техника дүкенінен 350 мың теңге тұратын ұялы телефонды несиеге рәсімдеген. Жәбірленушінің 79 мың теңге жәрдемақысын өзінің картасына аударып, кетіп қалған. Қыз бұдан соң полицияға жүгінді. Алаяқтық және ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Полицияның дерегінше, жыл басынан өңірде 400-ден астам алаяқтық фактісі тіркелген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.