Қырғыз Республикасы мен Пәкістанның Сыртқы істер министрлері Бішкектегі жағдайды талқылау үшін 21 мамырда Астанада өтетін ШЫҰ елдері СІМ басшыларының съезінде кездесуге келісті.
Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік: Қырғызстан мен Пәкістан СІМ басшылары Астанада кездеседі
1,173
оқылды

Қырғыз елі астанасында бір күн бұрын студенттік жатақханалар маңында жаппай тәртіпсіздіктер болған, – деп жазады Aikyn.kz.

Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев, Қырғыз СІМ мәліметтерін алға тарта отырып әріптесіне 18 мамырда Бішкекте шетелдік студенттердің, оның ішінде Пәкістан азаматтарының қатысуымен болған оқиғаны баяндады. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қоғамдық тәртіп толығымен орнатылып, елдегі жағдай құзырлы органдардың бақылауында.

Пәкістан Ислам Республикасы Премьер-министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дар Қырғыз еліндегі пәкістандық студенттердің қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша Қырғыз Министрлері кабинетінің қолға алған шараларын толықтай қолдап, өз ризашылығын білдірді, сондай-ақ осы мәселе бойынша белсенді өзара іс-қимылға дайын екендіктерін атап өтті.

Одан кейінгі мәліметтерді алмасу және қырғыз-пәкістан қатынастарын дамыту мәселелерін талқылау үшін қос тарап 2024 жылғы 21 мамырда ШЫҰ СІМ кеңесінің аясында Астанада екіжақты кездесу өткізуге, сондай-ақ жақын арада Бішкекте Қырғызстан мен ПИР арасында консулдық-құқықтық мәселелер бойынша СІМ аралық консультациялар ұйымдастыруға келісті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.