Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан­ның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған шара Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті.
Батыр құрметіне симпозиум өтті
453
оқылды

Шараны «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ және «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесі ұйымдастырды. Симпозиумға Қорғаныс министрлігінің, ҚР Президенті архиві­нің, Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы­ның, Ұлттық қорғаныс университетінің басшы­лығы, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, Астана қаласындағы әскери кол­ледж кадеттері, «Жас сарбаз» балалар-жас­өспірім­дер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушыларды елімізде Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы хабардар етті. Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери инсти­тутында «Әскери ант» телесериалы түсірілді. 25 мамырда оның құрметіне Ақмола облысының Ақ­көл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атын­дағы ескерткіш пен сквердің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Биылғы 16-23 маусым аралығында Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында халық батырының құрметіне «Айбын» X халық­аралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов 1-ші Түркістан пулемет әскери училищесінің түлегі Сағадат Нұрмағамбетовтің Ұлы Отан соғысы тарихындағы бірегей орнын атап өтті.  

– Әскери қызметке 50 жылдан астам ғұмырын арнаған батыр соғыс жылдарын пулемет взводы­ның командирі ретінде бастап, атқыштар баталь­онының командирі болып аяқтады. Ұлы Отан соғысында Кубаннан Берлинге дейінгі жолды өтті. Оның үзеңгілес досы, жауынгерлік серігі, офицер, соғысқа қатысушы Леонид Гирш Сағадат Нұр­мағам­бетовтің бүкіл соғыста майданда, оқ пен от­тың арасында өткергенін айтады, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Шара соңы Қарулы Күштердің бірқатар арда­геріне «С.Қ. Нұрмағамбетовке 100 жыл» естелік белгісін табыстаумен және ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығар­машылық ұжымының мерекелік концертімен аяқ­талды.