БҰҰ Бас Ассамблеясының қара­рымен 1993 жылы 15 мамыр Халық­аралық отбасы күні деп жарияланды. Осы атаулы күнге орай елордада қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен Халықаралық отбасы күніне орай жас отбасылар арасында «Көңілді старт» отбасылық эстафетасы өтті.
Отбасылық эстафета
512
оқылды

Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласының эстетикалық гимнастика фе­дерациясының президенті Мәдина Бек­тұр­ғанова мен Астана қаласы мәсли­хатының депутаты Динара Байсеркина қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жас отбасылар арасында спорттық рухты тәрбиелеу және отбасылық қаты­настарды нығайту мақсатында өткен жарысқа 30-дан аса жас отбасы қатысты.

Жастар саясаты мәселелері басқармасы Жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Ажар Саргубенованың сөзінше, жарысқа қатысуға жалпы 50-ге жуық өтініш түскен.

«Бүгінгі спорттық жиын жас отбасылар арасында саламатты өмір салтын насихат­тауға бағытталған. Отбасылық эстафета жыл сайын өтеді. Бізде «Отбасы – бақыт ме­кені» жобасы бар.  Осы жоба аясында қаламызда жыл соңына дейін бірнеше шара ұйымдастырылады. Бүгінгі сайысқа бізге 50-ге жуық отбасы өтініш білдірді. Қазір 30-дан аса отбасы сайысқа түсіп жатыр. Жарыс шарты бойынша отбасылық эстафетаға 35 жасқа дейінгі елордалық жас отбасылар қатысады», – дейді Ажар Саргубенова.

Жалпы, эстафета екі кезең бойынша өтті. Бірінші іріктеу кезеңінде жас отбасы­лар ұзындыққа секіру және допты сақи­наға лақтыру сайыстарында бақ сынады. Үздік көрсеткіш көрсеткен 15 отбасы екінші кезеңге жолдама алды. Шешуші ке­зеңде жас отбасылар жылдам жүгіру және қаппен секіру сияқты 5 түрлі ойынға қатысты.

Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орынды Хурметбектер отбасы иеленсе, екінші орынды Жұмаділ отбасы алды, ал үшінші орынды Мұратов отбасы қанағат тұтты. Жарыс соңында үздік отбасыларға қаржылай сыйлық берілді. Одан бөлек, белсенді жас отбасыларға бағалы сыйлық­тар табысталды.

Наурызбек САРША