Әйел тағдыры қай заманда, қандай қоғамда, қай ұлтта болса да күрделі, қарама-қайшылықтарға толы.
Ғ.Мүсірепов атындағы театрда «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасының тұсаукесері өтті
979
оқылды

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасының тұсаукесері өтті.

Қойылымның режиссері жас та болса бірнеше фестивальдің үздік режиссері атанып жүрген Ф.Молдағали. Чеховтың әйгілі шығармасы соңғы рет  осыдан 11жыл бұрын М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған еді. Туындыны аударған белгілі театр сыншысы Ә.Бөпежанова. 

Спектаклді режиссер Р.Андриасян  сахналаған болатын. Ф.Молдағали қойылымды жаңа көзқарас, өзгеше ойын өрнегімен әрлеген. Әйел тағдыры қай заманда, қандай қоғамда, қай ұлтта болса да күрделі,  қарама-қайшылықтарға толы. Чеховтың кейіпкерлері  Ольга, Мария, Ириналар да кез келген әйел секілді өмірден өз орнын табуды қалайды. Ғашық болу, сүю шексіз бақыт деп санайды. Айналадағы адамдардан тек жақсылық күтеді... Ал рухани тоқырау,  көзқарастар мен пікірлердің тоғыспауы адамзат баласымен бірге жасасып келеді. Оған ешкім қарсы тұра алмайды. Барлығы біз ойлағандай бола ма? 

Театр актерлерінің қарым-қабілетін жақсы білетін режиссер үш сағаттық қойылымда біз бен сізді толғандырған сауалдардың жауабын меңзейді. Басты кейіпкерлер ғана емес,  екінші,  үшінші пландағы кейіпкерлерге де өздерінің жан дүниесін ашып көрсетуге мүмкіндік берілген.  Е.Кәрібаев (Вершини), Р.Омаров (Чебутыкин), Д.Сүлейменов (Тузенбах), Ж.Зейнәбіл (Соленый), Т.Сұлтанбердиева (Анфиса), Қ.Демесінов (Ферапонт) сияқты шеберлер ерекше бір актерлік тандем көрсетті. Көрерменнің қошеметі сөзімізге дәлел.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.