«Жасыл энергетика» дегенде жұрттың көпшілігінің көз алдына желден қуат өн­діре­тін алып, аппақ қалақшалар немесе аптап ыстықта қызатын күн панельдері елес­­тейді.
Балама қуат бақуатты өмірге бастайды
2,372
оқылды

Шынында, бұл ұғымның мәні терең, маңызы зор. Дүниежүзілік банк тобы елі­мізге арнаған «Келер күнді құру: ұзақмерзімді өркендеуге бағытталған рефор­ма­лар» атты таяудағы көлемді есебінде жасыл энергетикасыз Қазақстанның озық да­мыған елге айналып, өркендеудің келесі сатысына көтеріле алмайтынын қадап айтты.

Міне, сондықтан бұл салаға Қазақстан Прези­ден­тінің өзі баса назар аударып, әр мінберден мә­­селе көтеріп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жыл­ғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның эко­­­номикалық бағдары» атты соңғы Жолдауында «жа­сыл» қуат көздеріне жеке тоқталды.

– Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәсе­ле­сімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңар­тылатын энергетика жобаларының еншісін­де. Қа­­­зақстанда бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі, Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қа­былданды, – деді Мемлекет басшысы. 

Оның айтуынша, республикада 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көз­­дері іске қосылады. Бұл бүкіл еліміздің энергетикалық теңгерімі құрылымының өзгеруіне әкеледі. Қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру қажет болады. Бұл – кейінге ысыруға болмайтын, қазіргі Үкімет атқаруға тиіс міндет.

Президенттің тапсырмасымен, Қазақ­станда сутегіден қуат өндіру ісі дамы­тыл­мақ. Әйтпесе, Қазақстанда «сутегі» дегенде «сутегі бомбасы» ғана ойға оралуы мүмкін, шынында оның алапат қуатын бейбіт мақсатта пайдалануға болады.

Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өн­дірісті дамытуға, аккумулятор өнеркә­сібін құруға негіз болады. Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйе­лерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек.

Жетекші экономикалар үшін «жасыл» қаржы тарту бедел ғана емес, өмірлік ма­ңыз­ды құралға айналды. Онсыз енді сер­пінді даму қиын. Өткен 7 жылда жер жү­зінде «жасыл» облигацияларға 2,5 трлн дол­­лардан астам қаражат жұмсалды. Осы қаражат дариясы Қазақстанның іргесінен тасқындай ағып жатыр. Қамдан, қол соз, қауғаңды сал! Осыған байланысты Пре­зидент аты бар, заты шамалы «Астана» халық­аралық қаржы орталығына, ең құ­ры­ғанда, өзіміздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына ай­на­луды жүктеді. 

Ең бастысы, Қазақ елі жасыл энерге­тика үшін қажетті барлық шикізат қорына бай. Байырғы замандарда ата-бабамыз осы Ұлы даланы қасық қаны қалғанша қорғай жүріп, кейінгі ұрпағына мирасқа қалдыр­ғанда, соның қойнауындағы мол мұра ұлты­мыздың кез келген заманда өркениет кө­шінен қалмай, көш бастауына жететінін сезгендей. Ендеше бабадан қалған игілікті пайдаланбай, мүмкіндікті қалт жіберу, бар­лық әлеует бола тұра дамудың келесі ке­зеңіне өте алмау – айып. 

Жаңа салық енгізуге кеңес берді

Дүниежүзілік банк тобының сарапшы­лары дамыған елге айналуы үшін Қазақ­станға «жасыл, инклюзивті, орнықты эко­­но­микалық өсім жолына шығып», жасыл энергетиканы ынталандыруға ба­ғыт­талған пәрменді реформаларды қолға алуға кеңес берді. 

«Жаһандық декарбонизацияға көшу аясында Қазақстанның экономикалық өрлеуі алдынан құрылымдық сын-қатерлер тұрады. Республика бүкіл энергетикасының 98%-дан астамын отыннан алады. Энер­гияны жалпы тұтыну құрылымында көмір ең көп үлеске ие – 48,2%, табиғи газ – 26,4%, мұнай өнімдері – 23,5%. Тиісінше, басымдықты реформалар да «жасыл» энергетиканы қарқынды дамытуды қарас­тыруы қажет», – деді жаһандық қар­жы ұйы­мының сарапшылары. 

Бірақ Дүниежүзілік банк тобының ұсынып отырған реформалары «ради­калды» көрінеді. Оны жүзеге асыруда Үкі­мет отандық бизнес ортамен алқа құрып, ақылдасып, аңдап баспаса, экономиканың ұстыны болып отырған көптеген кәсіп­орынды құртып тынады. Өйткені олардың бәрі электр энергиясын тым көп тұтынатын ескі технологиялармен жұмыс істейді. Ресей­­дің одақтасы болғандықтан Қазақ­станға Батыс озық технологияларын бере бермейді.

Мысалы, Дүниежүзілік банк тобы экологиялық таза, жаңаратын қуат көз­деріне белсенді көшу үшін бүкіл салық жә­не бюджет кодекстерін қайта құрып шығуды ұсынды. 

«Салық-бюджет саясатының рефор­масы аясында көміртек шығарындысы үшін бағаны көтерген, шығарынды квоталарын саудалау жүйесін жетілдірген абзал. Әлемде отынның қазба түрлеріне сұраныс біртіндеп кеми береді, салдарынан негізгі экспорты соған бағдарланған Қа­зақ­станның дәстүрлі табыс ағындары қыс­қарады. Сол себепті бюджет табыс­тарының жаңа көздерін дамыту барған сайын өзекті бола­ды. Тиісінше, жасыл, орнықты энер­гетикалық болашаққа көшумен байла­нысты бюджеттік шығындарды өтеу үшін Үкіметке көміртек шығарындылары үшін алым-салықты салмақты көтеруге тура ке­леді. Сондай-ақ отандық кәсіпорындар үшін шығарындыларға рұқсат лимиттерін азайтуға мәжбүр болады», – дейді Дүние­жүзілік банктің жетекші экономисті, бағ­дар­лама жетекшісі Дэвид Стивен Найт.

Мұның сыртында Дүниежүзілік банк Үкіметке «көміртек салығын» енгізуді ұсын­­ды. Бұл Қазақстанға «табыстың қо­сым­ша көзін ашады, мемлекетке жаңа­ра­тын энергия көздерінің (ЖЭК) инфра­құрылымына инвестиция салып, жоба­­­лар­ды қаржыландыруына мүмкіндік береді».

Кәсіпорындардың энергиялық тиімді­лігін арттыруға, шығарындыларды қысқар­туға, жасыл энергетиканы ынталандыруға бағытталған басқа да бастамалар ұсы­ныл­ған. Ұйым сарапшыларының пікірін­ше, тегеурінді тетіктерді іске қосып, күрде­лі ше­шім қабылдамай, Қазақстан улы шыға­рындыларды қысқартудың тиімді траек­ториясына шыға алмайды. 

Бірақ мұндай «батыл» қадамдар онсыз да жоғары салықтық жүктемеден дәрменсіз жағ­дайға жетіп тұрған отандық бизнеске соққы болуы мүмкін. Демек, ақырын жү­ріп, анық басуды талап етеді.

Ауылдағы ағайын үшін жаңа табыс көзі

Қазақстан дамыған елдердегі сияқты, жасыл энергетикаға өтуді мәжбүрлі түрде жүргізіп, радикалды қадамдарға бармайды. Бірақ Мемлекет басшысы жаңа Үкіметке энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақ­ты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізуді жүктеді. 2029 жылға қарай энер­гияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштерді кемінде 15%-ға азайтуға тапсырма берді. Бұған мемлекетті «жасыл дамуға өту» емес, елде өр­ші­­ген энергетикалық тапшылық итер­мелеп отыр. 

Сонымен бірге Қазақстан жасыл энер­гетиканың дамуына серпін беру жайын қарастырады. Осы орайда Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге жаңартылатын энер­гия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңын қабылдады. 

Бұл құжат елді зәрезап қылған ескі бір ше­шімді жоймақ. Мысалы, шалғай ауыл тұрғыны күн панельдерін орнатып, өз бе­тінше электр өндіріп, жылу мен жарық үшін тұтына бастаса, құзырлы органдар одан жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді талап етеді. Мемлекет бұл практикадан бас тар­тады.

«Нетто-тұтынушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен боса­тылады. Бұл толықтыру азаматтардың жаңар­­тылатын энергия көздерінің шағын ауқымды объектілерін пайдалану проце­­­сіндегі бюрократияны айтарлықтай азай­та­ды және тіркеуші органдармен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігін болғыз­бай­ды»,  – деді Мәжіліс депутаты Дүй­сенбай Тұрға­нов.

Азаматтар өзінен артылған «жасыл» қуа­­тын өзгелерге, тіпті өңірлік электр желі­лік компанияларға (РЭК) сата алады. Бірыңғай құқық қолдану практикасын қалыптастыру, шарттасу алдындағы даулар мен ұзақ талқылауларды болғызбау үшін нетто-тұтынушы мен энергиямен жабдық­таушы ұйым арасында электр энергиясын сатып алу-сатудың үлгілік шарты әзір­ленеді.

«Шағын ауқымды жаңартылатын энер­гия көздерінің (ЖЭК) объектісі өндір­ген электр энергиясының артық мөлшерін энер­гиямен жабдықтаушы ұйымға сатудың шекті бағасы белгіленеді. Біріншіден, бұл норма артық электрді нетто-тұтынушыдан сатып алу бағасын айқындаудағы даулы мәселелерді болғызбауға тиіс. Екіншіден, ол шағын ЖЭК объектілерінің өзін-өзі ақтауын жақсартады. Бұл заңды қабылдау күнделікті өмірге ЖЭК-ті белсенді енгізуге, қызмет көрсетудің перспективті жаңа ба­ғытын дамытуға, жұмыс орындарын құру­ға, желілік инфрақұрылымды одан әрі эволюциялық дамытуға, елдің энергетика секторына инвестициялар тартуға ықпал етеді», – деді депутат.

Осылайша, әсіресе ауылдағы ағайын­ның желден қуат өндіретін қалақшаларды қойып немесе қытайдың арзан күн па­нелдерін орнатып, нұрды тоққа айнал­ды­руына, артылғанын көрші-қолаңға, жергі­лікті РЭК-ке сатып, табыс табуына жол ашылады. 

Ел қаншалықты «жасылданды»?

Жалпы, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң 2009 жылы қабылданған екен. Содан бері жасыл қуат өндірісі қалай дамыды? 2023 жылдың қорытындысында жаңар­тылатын энергия көздері объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 6,675 млрд кВт/сағ немесе жалпы көле­мінің 5,92%-ын құрады. Қазір рес­пуб­ликада қуаты 2 903,54 МВт бола­тын 147 жаңартылатын энергия объек­тілері бар (әрқайсысының қуаты 100 кВт-тан астам).

Сегментіне қарай жіктесек, қуаты 1 409,55 МВт болатын 59 жел электр стан­са­сы, қуаты 1 222,61 МВт болатын 46 күн электр стансасы, қуаты 269,6 МВт болатын 39 шағын су электр стансасы (ГЭС), қуаты 1,77 МВт болатын 3 биогаз электр стансасы нысаны тіркелген.

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, 2024 жылдың бірінші тоқсанында жалпы электр өндірісіне 73,7 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл былтырғы қаң­тар-наурыздағыдан 52,1% көп. Әйт­кенмен, инвестициялардың басым бөлігі сол бұ­рын­­ғыдай жылу электр орталық­тарына бағытталып жатыр: 80,2%-ы немесе 59,1 млрд теңге. Сөйтіп, былтырғы ұқсас кезең­дегіден 2,3 есе артты.

Ал ЖЭК-тер өндіретін жасыл энер­гетикаға 9,8 млрд теңге инвестиция құ­йылды. Былтырғы сәйкес кезеңмен са­лыс­тырғанда, 46,8% кеміді. ЖЭК-ті жік­тесек, күтпеген жерден күн электр стан­сала­ры­ның тартқан қаражаты биыл 31,4%-ға ұлғайып, 3,1 млрд теңгеге жетті. Гидро­электр станса­ларына 1,7 млрд ин­вестиция келді, өсім – 43%. 

Нәтижесінде, 2024 жылдың бірінші тоқсанында ЖЭК объектілерінің қуаты 2,9 мың МВт-қа жетті. Бұл 2023 жылғы ұқ­сас кезеңдегіден (2,5 мың МВт) 15% жоғары.

Соның ішінде көшті сол бұрынғыдай жел электр стансалары бастап тұр: қуаты 1,4 мың МВт. Күн электр стансаларының үлесі – 1,2 мың МВт. Шағын ГЭС-тер енші­сінде – 269,8 МВт. «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде «экзотика» және әралуан­дылық ретінде дәріптелген ЖЭК түрі – қидан қуат өндіретін биоэлектр стан­салары 2024 жылғы бірінші тоқсанда бар-жоғы 1,8 МВт тоқ бере алған. Бұл сегментте еш өсім жоқ. 

Қазақстанның еңбек сіңірген энерге­тигі, Мәжілістегі «AMANAT» фракция­сының депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, азаматтардың, фермерлердің ең болмаса 5-10%-ы ЖЭК орнатса, ол 500-1000 мегаватқа дейін қосымша қуат қосар еді. 

«Алматы және Қарағанды облыста­рында бұл үрдіс жақсы дамып келе жатыр, онда осындай 47 нысан бар. Жалпы, қуат­тылығы 2 мың 550 киловатт. Мысалы, Алматы қаласында қуаттылығы 5 кило­ваттан 80 киловатқа дейін болатын күн панельдері орнатылған 19 үй бар. Жақсы бір мысалды айтайын, Түркістан қала­сындағы №23 мектепте 50 киловаттық күн стансасы қойылған. Мемлекеттік мектеп­терімізде осындай күн панельдерін жап­пай орнатсақ, ЖЭК қуатын 350-400 ме­гаватқа дейін өсіруге болады. Жалпы, елімізде 2035 жылға дейін ЖЭК қуатын 6-7 мың мега­ватқа жеткізу жоспар­­лан­ған», – деді ол.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жаңартылатын энергия көзде­рінің үлесін 2030 жылы 15%-ға, 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу бойынша Прези­­денттің тапсырмасы барын айтты.

– Үкімет жеке гидроэлектр энерге­тикасын, оның ішінде кіші гидроэлектр стансаларын дамыту жоспарын қабылдады. Біз 5 жылға тиісті аукциондардың кестесін бекіттік, соның ішінде шағын ЖЭК-терді ірілендіру үшін дамыту бағдарламасы бар. Осы жоспарлар шеңберінде бұл бағытты дамытамыз, – деді Энергетика министрінің орынбасары.

Президент қойған міндетке сәйкес, Энергетика министрлігі Қазақстанда су­­тегі энергетикасын дамыту бойынша 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасының жо­басын әзір­леп шықты. Құжатта сутегі энер­­гетика­сын дамыту, экономиканың түрлі сектор­ларын­да, оның ішінде тұрғын үй-комму­налдық шаруашылықта сутегі­ні өндіріп, пайда­лануды ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаларды іске асыру, ғылыми әлеуетті дамыту, кадрмен қамту, ынталан­дырудың мемлекеттік шаралары қамтылған. 

Қорыта айтқанда, салада ілгерілеушілік бар. Президент тапсырмасымен Қазақ­станның 2060 жылға дейін төмен көміртекті даму тұжырымдамасы қабылданып, қолға алынды. Оның аясында жобаларды жүзеге асыру экологияның сапасын жақсартып, климат өзгеруінен болатын сын-қатер­лердің алдын алуға, технологиялық дамуға, жаңа «жасыл» жұмыс орындарын ашуға, экономиканың көміртекті пайдалануын азайтуға, басқа да маңызды істерге сеп­тесіп, серпін беруге тиіс.

Айхан ШӘРІП