Парламент Сенатында Палата жанындағы Сарапшылар клубының отырысы өтті.
2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есе ұлғайту керек
1,027
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кездесуде қатысушылар елдің экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шараға Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы өкілі Андрей Михнев және белгілі экономист Азамат Ағайдаров қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев ұлттық экономиканы дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыру үшін сапалы сараптамалық бағалаудың маңызы зор екенін атап өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар Дүниежүзілік банктің баяндамасында айтылған зерттеу нәтижелері мен ықтимал тәуекелдерді талқылады. Бұл ретте сарапшылар экономикалық ынталандырудың баяулауы, экономикалық теңсіздік және ЖІӨ-дегі жалақының төмен үлесі сияқты мәселелерге баса назар аударды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде құрылымдық реформаларды жүргізу және ұлттық экономиканы дамытудың жаңа, стандартты емес тәсілдерін әзірлеу қажет екеніне тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында экономикалық дамудың жаңа үлгісін қалыптастырудың бағдарын белгілеп берді. Қазіргі таңда бұл бағытта нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат жекеменшікке қолсұғылмаушылықты, жеке кәсіпкерлік қызметінің еркіндігін және мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуды қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі таңда еліміздің алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтуға қатысты ауқымды міндет тұр. Сондықтан бүгінгідей жаһандық тұрақсыздық жағдайында экономиканы дамытудың жаңа, стандартты емес тәсілдерін табу аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Клуб мүшелері көтерілген мәселеге қатысты пікір білдіріп, салық жүйесін жетілдіруге және ұлттық экономиканы басқарудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға арналған ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ отырыста бірлескен жобаларды іске асыру барысы мен алдағы өзара іс-қимылдың форматы талқыланды.

Сонымен қатар кездесуде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің деканы Сәуле Кемелбаева, Applied Economics Research Centre басқарушы директоры Евгения Пак, макроаналитик Аякөз Ханет және тағы басқа сарапшылар сөз сөйледі.

Сондай-ақ отырыста клубтың жаңа мүшелері таныстырылды. Айта кетейік, клуб құрылғалы бері төрт жылдың ішінде алғаш рет ротация жүргізіліп отыр. Соның нәтижесінде оның құрамының 60 пайыздан астамы жаңарды.