Бүгін Жамбыл облысында өңірлік ғылымның дамуы мәселелеріне арналған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбындағы көшпелі отырыс өтті.
Өңірлік ғылымды дамытудың өзектілігі
1,426
оқылды

Бүгін Жамбыл облысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында, жуырда Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Ұлттық академия ұсынған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» бастамасын іске асыру аясында өңірлік ғылымды дамыту мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті.

Отырысқа Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы, Ғылым және жоғары білім, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар вице-министрлері, ҚР Парламенттің қос палатасының депутаттары, ҰАҒББО АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Ғылым қоры» АҚ, ЖОО және ҒЗИ бірінші басшылары, өңірлік бизнес субъектілерінің басшылары, стейкхолдерлер, жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, өңірлік ғылымды дамыту өндіріске инновацияларды енгізудің және әлемнің жетекші экономикалық державаларына өндірісті қысқа мерзімде техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды қамтамасыз етуге, дамуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев алқалы жиында бірқатар ұсыныс айтып, сөз алды.

- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауының арқасында отандық ғылымды дамыту бойынша елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды іс-шаралар қабылдануда. Ғылымның практикалық маңызын арттыру, оны экономика мен қоғамның озық дамуын қамтамасыз ететін нақты экономикалық ресурсқа айналдыру үшін біз ғылыми-зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін құруымыз керек. Бұл тұрғыда өңірлік ғылымды дамыту – ғылым мен экономиканың нақты секторының байланысын нығайтудың негізгі факторы.

Өкінішке қарай, Қазақстанда өңірлік ғылымды дамыту мәселелері іс жүзінде назардан тыс қалды әрі мұнда елеулі диспропорция байқалады. Аймақтық ғылым жүйесінде зерттеуші ғалымдардың тек 35%-ы жұмыс істейді. Нәтижесінде, барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ы, ғылыми-зерттеулерді гранттық қаржыландырудың 75%-ы Алматы және Астана қалаларына тиесілі. Жергілікті бюджеттерден ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен, оның үлесі 2023 жылы Ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың 0,4% ғана құрады. Еліміздің 10 өңірінде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді. Екінші жағынан, жергілікті жерлерде білімді тарату жүйесі іс жүзінде жоқ. Ғылым нақты сектордың проблемаларын білмейді, ал бизнес ғалымдардың мүмкіндіктерін білмейді. Өңірлік ғылымды дамыту проблемаларын шешуде және оның өндіріспен байланысын нығайтуда жергілікті атқарушы органдардың да рөлі өте төмен. Мысалы,  дамыған елдердің тәжірибесіне тоқталайын.

АҚШ-та әрбір штатта дерлік ірі зерттеу университеттері, өңірлік ғылыми орталықтар бар, олар сол өңірдің  экономикасын дамытудың инновациялық орталығы,  «ми хабы» болып саналады. Олардың жұмысын тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ғылыми қамтамасыз етудің бұндай өңірлік жүйесі жоқ,- деді А.Күрішбаев.

Ұлттық ғылым академиясы осы мәселені шешуге бағытталған бірқатар нақты шара ұсынды. Бұл – ең алдымен, Мемлекет басшысының жергілікті жерлерде ғылым мен технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құру және оларға қажетті өкілеттіктер беру, оларды мемлекеттік органдардың, ғылыми-білім беру және қоғамдық ұйымдардың, бизнес қоғамдастықтың жергілікті жерлерде өндірісті ғылыми қамтамасыз ету және инновацияларды дамыту мен кадрлар даярлау бөлігінде қызметін үйлестіру жөніндегі құрылымдарға айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау. 

Сондай-ақ одан бөлек, аталған жұмыс – өңірлер деңгейінде ғылымды қаржыландыру, жергілікті бюджеттердің ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және оларды өндіріске енгізуге қатысуы, өңірлік проблемаларды шешу үшін ғылыми зерттеулерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру, осы процеске бизнестен қаражат тарту, сондай-ақ жергілікті жерлерде ғылымды дамыту қорларын құру мәселелері.

- Біріншіден, бізде өңірлердегі ғылымды дамыту мәселелерінде дисбаланс қатты байқалады. Атап айтқанда, облыстарда зерттеуші мамандардың 35%-ы ғана жұмыс істейді, олардың басым көбі Алматы, Астана қалаларында шоғырланған. 1 мың тұрғынға шаққанда, зерттеуші мамандардың саны (яғни, бұл абсолютті емес, салыстырмалы көрсеткіштер) Ұлытау облысында Алматы қаласымен салыстырғанда 68 есеге, Алматы облысында 28 есеге, Түркістан облысында 27 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында 18 есеге, ал Жамбыл облысында 13 есеге төмен. Осы ретте Алматы қаласы зерттеушілер саны бойынша тіпті Канаданы басып озғанын айтуымыз керек.

Ғылымды қаржыландыру бойынша да Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр. Олардың үлесіне барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-мақсатты және базалық қаржыландырудың 79%-ы,  гранттық қаржыландырудың 75%-ы тиесілі. Жергілікті бюджеттерден бөлінетін ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен болып отыр, мысалы, ол 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың бар болғаны 0,4%-ын құрады. Ал 10 өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді.

Екіншіден, дамыған елдерде технологиялық дамудың ажырамас элементі саналатын және ғылым мен бизнес арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді таратудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесі біздің өңірлерде жоқ. Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ.  

Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдар өңірлердің экономикасын дамытуға функционалды жауапты болғандықтан, зерттеу қызметінің нәтижелерін өндіріске енгізуге, білімді таратуға, шетелдік технологияларды трансферттеуге қатысып қана қоймай, сонымен бірге өңірге тән өзекті мәселелерді шешу үшін ғылыми тақырыптарды орындауға арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруға толық мүмкіндігі бар болса да, олар ғылым мен инновацияларды дамыту мәселелерінде іс жүзінде сырт қалып отыр,- дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев.

Өңірлік ғылымды дамыту мәселесін шешуге және оның өндіріспен байланысын нығайтуға қатысты міндеттерді орындау үшін Ұлттық академия мынадай шараларды қабылдауды ұсынады:

Ең алдымен, бұл жұмысты облыс әкімдіктерінің жанынан облыс әкімдерінің немесе олардың орынбасарларының төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудан бастау керек. Олардың құрамына мәслихат депутаттары, жетекші ғалымдар мен бизнесмендер кіруге тиіс. Бұл кеңестердің кезекті ресми құрылымға айналып кетпеуі аса маңызды, олар шын мәнінде тиісті өкілеттіктерге ие, қабілетті органдар болуы қажет. Кеңестің өңірде ғылымды, инновацияларды дамыту, қаржыландыру және кадрлар даярлау мәселелері бойынша өз өкілеттіктері шеңберінде қабылдаған шешімдері өңірлік мемлекеттік құрылымдар, университеттер, колледждер және ғылыми ұйымдар үшін міндетті сипатқа ие болуға тиіс. Олар өңірдегі ғылымды дамытудың басым бағытын анықтап, білімді тарату, ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, шетелдік технологияларды трансферттеу бойынша іс-шаралардың ұйымдастырушысы болуы қажет.

Екінші. Қолданыстағы заңнамалық базаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен ғылымды қаржыландыру көлемін барынша арттыру керек. Бұдан басқа, өңірлік ғылым қорларын құра отырып, бизнес қоғамдастықтың, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын осы мақсаттарға тарту жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.

Үшінші. Директорлар кеңесінің немесе Байқау кеңестерінің құрамына әкімдіктердің өкілдерін енгізу арқылы жергілікті атқарушы органдардың өңірлік университеттер мен ғылыми ұйымдарды басқаруға қатысуы. Мұндай қадам жергілікті атқарушы органдардың кадрларды даярлау процесіне және өңірлердегі ғылыми қызметке ықпал етуіне қосымша мүмкіндік береді.

Төртінші. Бизнес-құрылымдар үшін, оның ішінде өңірлердің технологиялық дамуының басты элементтері болып табылатын жергілікті фермерлер үшін білім тарату жүйесін ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдардың қатысуы маңызды. Бұл мәселені шешу үшін әр аудандағы өңірлік университеттер, колледждер мен ғылыми ұйымдарда тиісті материалдық базамен қамтамасыз ете отырып, үздіксіз жұмыс істейтін  білім тарату орталықтарын құру дұрыс болар еді,-дейді ҚР ҰҒА Президенті А. Күрішбаев.

Енді өңірдің ғылыми ұйымдарын басқаруына, жергілікті жерлерде білім тарату орталықтарын құру және олардың жұмыс істеуі мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың рөліне ерекше назар аударылатын болады. Сонымен қорытындылай келе, Ұлттық ғылым академиясы жоғарыда аталған іс-шараларды Жамбыл облысының аймағында пилоттық режимде жүзеге асыруды және оны кейіннен еліміздің барлық өңірінде іске асыруды ұсынды.