Қазақстан мен Орталық Азия әртістері әлемдік музыка нарығына шығып жатыр. 22-25 мамыр аралығында Алматыда Ün Music Week мәдени-танымдық апталығы аясында ашық аспан астында Jibek Joly. Limitless Sound фестивалі өтеді.
Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашады. Сондай-ақ, министр халықаралық сарапшылармен бірге мәдениет саласында тәжірибе алмасу перспективаларына арналған дөңгелек үстелге қатысады. Іс-шара Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), ШЫҰ елдерін қолдаудың цифрлық платформасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, GloMMnet халықаралық коммерциялық емес ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. GloMMnet әлемдегі музыка нарығын біріктіреді. TurkSib Music Initiative, Қытайдағы фестиваль промоутері, «Окно ШОС» платформасы, «Шанхай өнер көрмесі» халықаралық көрме компаниясы және «Юньнань мәдениет және спорт компаниясы ШЫҰ» аталған ұйымның мүшесі екенін айта кетейік.
Ün Music Week апталығы аясында төрт күндік көрме фестивалі мен конференциясы өтеді. Оған 9 елдің орындаушылары мен 12 елден келген шетелдік музыка саласының мамандары қатысады. Фестивальдің веб-сайтынан фестиваль кестесі туралы толық ақпарат алуға болады. Журналистерді аккредиттеу ашық, сонымен қатар көрмелерге, конференцияларға және ашық аспан астындағы фестивальдерге қатысқысы келетін сарапшылар, мамандандырылған жоғары оқу орындарының студенттері үшін тіркелу ашық.
Сайттан 23-24 мамырда Қабанбай батыр, 71 мекенжайында өтетін Black Box аумағындағы көрмелерге, сондай-ақ 25 мамырда Абай атындағы саябақта өтетін ашық аспан астындағы Jibek Joly. Limitless Sound іс-шарасына билет алуға болады. Бұл іс-шараның ерекшелігі сол, оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтары 24 және 25 мамырда саябақтағы шоуға дайындық барысын, сахнаны безендіру сәтін, жаттығуларды, жәрмеңкені тамашалай алады.
Бағдарлама аясында ашық аспан астында пікірталас, гала-концерт өтеді. Көрермендер мен сарапшылар назарына дәстүрлі және заманауи этникалық музыканың бірегей үлгісі ұсынылады. Осылайша, сан түрлі халықтың мәдениеті көрсетіледі.
Ал білім беру және пікірталас панельдері барысында Орталық Азияның музыка индустриясы, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы музыка нарығының ерекшеліктері және музыка мәдениетін дамытудағы мемлекеттің рөлі туралы пікір алмасуға болады.
«Jibek Joly. Limitless Sound» оpen Air фестивалі Орталық Азия бойынша алғашқы бірегей шоу көрсетпек. Мұнда түрлі елден келген орындаушылар музыкалық, театрландырылған заманауи аспаптық және электронды интерпретация палитрасы арқылы өз халқының дәстүрлі өнерін ұсынады.
22 мамыр күні сағат 15:00-де Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен дөңгелек үстел өтеді. Мұнда сарапшылар мен мамандар министрмен музыка саласын дамытуға, мәдени тұрғыдан тәжірибе алмасуға және музыкалық фестивальдердің әлеуметтік-экономикалық әсеріне қатысты маңызды тақырыптарды талқылайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.