Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблі жеке концертіне шақырады.
«Гүлдер» ансамблі жеке концертіне шақырады
1,786
оқылды

«Гүлдер» хореографиялық және музыкалық ансамблі – өз ісінің танымал шеберлері мен кәсіпқойлардан жиналған – Гүлдер бэнді, балет труппасын және эстрада солистерін біріктірген бірегей ұжым. Ансамбльдің жаңартылған құрамы аты аңызға айналған ұжымның шығармашылығын лайықты жалғастырып қана қоймай, беделді фестивальдер мен байқауларда, халықаралық ареналарда да өз орнын нығайтып, көрермен қошеметіне бөленіп жүр.

Концерт қазақ эстрадасының дарынды әншілері, Қазақконцерт жұлдыздары – «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, домбырашы Ардақ Елеусіз, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдіхалық, сондай-ақ 2019 жылғы «Славян базары» халықаралық фестивалінің жеңімпазы Әділхан Макиннің қатысуымен өтеді.

Концерт бағдарламасында жаппай және жеке хореографиялық нөмірлер, «Гүлдер» аспаптық тобы аранжировкасын жасаған эстрадалық композициялар, сондай-ақ солистердің авторлық әндері орындалады. Атап айтқанда, эстрада жұлдыздарының орындауында көпшілік сүйіп тыңдайтын «Мен деп ойла», «Әдемі-ау», «Водовоз», «16 қыз», «Гитара және мен» және басқа да танымал әндер шырқалады. «Гүлдер» ансамблінің балеті көрермен назарына «Бипыл», «Қорқыт» және жаңа – «Қытай биі», «Дала әуені», «Көңіл толқыны» және т. б. хореографиялық өнердің түрлі бағытарындағы би нөмірлерін ұсынбақ. Сонымен қатар, әуезді ән мен әсем би салтанат құрған әсерлі кеште ұжымның «Жер ана» вокалдық-хореографиялық композициясының тұсауы кесіледі.

Айта кету керек, 2023 жылдың көктемінде «Гүлдер» ансамблінің жаңартылған құрамының тұсаукесері өтті. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Абзал Өсімбаев, бас балетмейстер – Анвара Садықова.

25 мамыр күні, сағат 18:00-де Республика, 2 мекенжайында орналасқан ҚРҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтеді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.