Халқымыздың біртуар перзенті, қайраткер тұлға, ағартушы Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильм жарыққа шықты. «Соңғы үкім» деп аталатын толықметражды тарихи драма ұлт ұстазының күреске толы тағдырының мәлім де беймәлім қырын паш етеді.
«Соңғы үкім»:  күреске толы өмір көрінісі
1,426
оқылды

«Соңғы үкім» тарихи кино­драмасының алдын ала көрсе­тілімі Астанадағы кинотеатр­лардың бірінде өткізілді. Тұсау­кесерге танымал актерлер, қоғам қайраткерлері, журналистер, Мә­де­ниет және ақпарат министрі қатысты. Туынды көрсетілмес бұрын Ахмет Байтұрсынұлының суреттері қойылған шағын көрме ұйымдастырылған. Келген кө­рер­­мен ұлт ұстазының картина­ларын тамашалады. Қайраткер тұлға ту­ралы фильмнің сценарий авто­ры Ғалым Доскеннің ай­туын­ша, «Соңғы үкім» тарихи дра­­масы нақты деректерге сүйе­ніп түсіріл­ген.

– Естеліктерінің өзінде қай­шы тұстар кездеседі. Оның өзі қан­шалықты рас екенін тексеріп алу керек. Сондықтан біз барын­ша сол кездегі жағдайға, сол кездегі реалиге, сол кездегі саяси жағ­дайға осы фильм жауап бере ала ма, жоқ па дегенге басымдық бер­дік, – деді сценарий авторы, про­дюсер Ғалым Доскен.

Фильмде Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған, қа­зақ зиялыларының алғашқы толқыны ұстаз деп мойындаған бастауыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалады. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның қазақ тіл білімінің негі­зін салып, XX ғасырдың бас ше­ніндегі ірі түрколог ғалымдар оны қалай тең тұтқаны, оны жұрт­­тың қата­рына іліну жолын­дағы құралы етуге білігі мен қай­­ратын жұмса­ғаны көрсе­тіле­ді. Жалпы кинода ағартушы, пе­да­гог ғұмырының қилы кезең­дері мен бұралаң сәт­терінен тұ­ра­­тын 8 кезеңі көрініс тауыпты. Басты рөлді белгілі актер Азамат Сатыбалды сомдаса, ұлт ұстазы­ның адал жарын Дарья Алек­сан­дрова ойнаған.

«Соңғы үкім» тарихи кино­драмасы Алматы, Семей қала­лары мен Абай, Алматы, Жетісу облыс­тарында түсірілгенін де айта кету керек. Көрерменнің көз алдында өз елінің теңдігі мен ха­қысын талмай жоқтаған күрес­кердің ең бір бейнетті кездері келгендей. Өйткені көпшілік басты рөлдегі кейіпкермен бірге екі сағат бойы өмір сүріп, сол ала­сапыран заман­ға көшкендей күйде отырады.