Құтқарушылар сирена-сөйлеу құрылғыларын пайдалана отырып, жергілікті тұрғындарды хабардар етіп жатыр.
Сирена қосылды: Атырау облысы Махамбет ауданында халықты толық эвакуациялау басталды
Фото: ТЖМ
4,291
оқылды

Атырау облысы Жалғансай ауылының маңында Жайық өзенінің жайылмаларында су деңгейі көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су жол төсеміне жақындады. Қазіргі уақытта қорғаныс бөгетін нығайту және жер үйіндісін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Құтқарушылар сирена-сөйлеу құрылғыларын пайдалана отырып, жергілікті тұрғындарды хабардар етіп жатыр. Жағдай бақылауда.

Атырауда тасқын болған жағдайда 94 медициналық бригада қызмет көрсетеді. Атырау қаласында су тасқыны орын алған жағдайда, эвакуациялық пунктерде тұрғындарға қызмет көрсететін медициналық бригада ұйымдары бекітілді. Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев хабарлады. 

«Атырау қаласында қазір 94 эвакопункт дайын тұр. Бұл эвакопунктердің барлығында медициналық кезекші бригадасы құрылды. Бұдан бөлек, инфекциялық ауруханада қосымша стационарлық 200-ден астам резервтік орын дайындалды. Қажет болған жағдайда модульдік аурухананы жұмылдырамыз. Сондай-ақ, тасқынға байланысты ахуал қиындайтын болса, Атырауға 100-ден астам дәрігерлерді тарту жөнінде шешім қабылданды», - деді спикер.

Облыста 52 жедел жәрдем көлігі бар, оның 30-ы қалада және 22-сі аудандар бойынша бөлінген. Одан бөлек, басқа медициналық ұйымдар арасында науқастарды тасымалдау үшін резервтік 11 көлік қарастырылды. Қазіргі уақытта қала бойынша 26 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қажеттілік туындаған жағдайда қосымша 4 бригада қарастырылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.