Денсаулық сақтау министрлігінде 9 наурыздағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді.
9 наурыз күні барлығы 77 адам, оның ішінде 1-ші б) санаты бойынша - 17 адам; 2-ші санат бойынша - 31 адам; 3-ші санат бойынша - 29 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 32 адам шығарылды.
"Мониторингке барлығы 4084 адам алынды, оның ішінде 1-ші а) санаты бойынша - 1053 адам, 1-ші б) санаты бойынша - 182 адам, 2-ші санат бойынша - 2849 адам . Барлығы 408 адам бақылаудан алынды. 9 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 3676 адам қадағалауда", - делінген хабарламада.
Барлық ауруханаға жатқызылғандардың сынамасы қосымша бақылау үшін Алматыда Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталықта жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесі игерілген.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында келесі алдын алу шараларын ұстану қажет екенін еске салды:
- қолды және бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- спирттік антисептиктерді қолданыңыз;
- адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу;
- сырқат адамдармен қатынаста болмау;
- суық тию белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) тұрғылықты жері бойынша дәрігерге бару қажет.