Байқасаңыз, соңғы жылдары жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру лагерінде демалуына мүмкіндік жасау – Үкіметтің мемлекеттік саясаттағы басымдығының біріне айналған.
Лагерьге тегін жолдаманы қалай алуға болады?
1,732
оқылды

 Жеңілдігі бар жолдамаларды қаржыландыра отырып, оқушылардың оқу жылынан кейін жақсы тынығуына әрі уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ал енді лагерьге тегін жолдама алғыңыз келсе, қандай құжаттардың керегін Aikyn.kz анықтауға тырыстық.

 Тегін жолдаманы кімдер ала алады?

 Ол тізімге мемлекеттік білім беру мекемелерінің оқушылары мен тәрбиеленушілердің бәрі бірдей енбейді. Атап айтсақ, Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып отырған отбасылардың және жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (43 407 теңге) отбасының балалары ала алады. Сонымен қатар жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар және төтенше жағдай салдарынан шұғыл көмек талап ететін отбасының балалары бар.

 Жолдаманы рәсімдеу үшін не істеу керек?

 Ол үшін алдымен «Мемлекеттік білім беру ордаларында оқитын оқушылар мен тәрбиеленушілерінің жекелеген санат бойынша қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуға құжат қабылдау және жолдама беру» қызметіне жеке тұлғалар өздері қарайтын аймаққа қарасты Білім басқармаларына, яғни облыс, аудан немесе республикалық маңызы бар қалалар, яғни Астананың білім басқармаларына, олардың білім бөлімдеріне, білім беру ұйымдарына өтініш бере алады.

 Оған қандай құжаттар қажет?

 Ал оған тапсыратын қажет құжаттар мыналар:

-         өтініш;

- ата-анасының немесе қамқоршысының жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электронды құжат;

-         баланың туу туралы куәлігі; оның электронды нұсқасы не болмаса көшірмесі жарай береді;

-         неке қию немесе бұзу туралы куәліктің көшірмесі;

-  №071/е формасына сәйкес сауықтыру лагеріне баратын оқушыға берілетін медициналық анықтама;

-         мәртебені растайтын құжаттың көшірмесі.

           Өтінішті қанша уақыт қарайды?

 Жалпы, құжаттарды  қарау, жолдама алуы немесе бұдан бас тартуға барлығы 5 күнде қаралады. Негізі құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) арқылы қабылдаған кезде көрсетілетін қызмет алушыға тиісті құжаттарды қабылданғаны жайлы қолхат беріледі. Ал егер құжаттарды eGov порталы арқылы жүктесеңіз, қызмет алушының жеке кабинетінде өтінішті қабылдағаны жайында статусы көрсетіліп, уақыты мен күні көрсетілген нәтижені хабарлама арқылы жіберіледі.

 Қанша бала жолдама алады?

 Министрліктің хабарлауынша, 1-сыныптан 10-сынып аралығындағы 2,9 миллионға жуық оқушының барлығы дерлік жазғы лагерьге жолдама алмақ. Олар лагерьде баланың дамуына, өсуіне бағытталған бағдарламалармен қамтылмақ. Астана қалалық Білім басқармасы да бұл мәселені басты назарда екенін айтып, балалардың сауықтыру демалысын өзін шынықтыруға, жұмыспен қамтумен ұйымдастыруды қолға алған.

Тіпті, Білім басқармасы жазғы демалысты ұйымдастыруға тартылған барлық мемлекеттік құрылымдардың ішінен қалалық ведомствоаралық штаб құрып, қалалық іс-шаралар жоспары бекітілген. Олардың айтуынша, биыл лагерьге 1-10-сыныптың 206 468 оқушысы жазғы демалыстың барлық түрімен қамтылады.