Тасқын судың беті қайтқан соң оның зардабымен күресу, шығынның қалпын келтіру жұмыстары жүруде.
Су тасқынынан зардап шеккендерге берілетін үй салына бастады
1,699
оқылды

Подстепный ауылдық округінде суға кеткен тұрғындарына кезең-кезеңімен көмек беру жүзеге асуда. Қазір халыққа керегі - баспана. Әрбір жерде тентіреген тұрғындардың талабы да сол “тезірек баспана салып берсе екен” болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі” деп бірқатар тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда комиссия шешімімен  апатты деп танылған үйлер құлатылып, орнына жаңа үй салу жұмыстары басталды.  Сондай-ақ  ішкі әрлеу жұмысын қажет ететін үйлер бар.  Оның бәрін қалпына келтіру уақытты талап етеді.

Сол тапсырмаларға сәйкес Подстепный ауылдық округінде тұруға жарамсыз деп танылған 98 үй бұзылатын болды. Орнына 80 метр квадратты құрайтын жаңа үй салынады. Қазіргі уақытта аталмыш ауылда құрылыс қарқын ала бастады.  

Тұрғын үй салу жұмыстарын "Отделстрой”, “СВС Батыс”,  “Атамекен Инвест”, “CHRYSTAL GENERATION LTD”, “ГрадИндҚұрылыс”, “BETA Servicom”, “Batys Kurylys  Servicom” сияқты бірнеше құрылыс компаниялары жүргізеді.

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова мердігерлермен кездесіп, тұрғын үй барысын қарады.

Құрылыс басында болып Подстепный ауылы тұрғандырымен тілдескен болатынбыз.  Ол жандардың ішінде рақмет айтып жатқандары да, көңілі толмай, жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығарып жатқандары да бар. Әрине, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. 

Солардың бірі Подстепный ауылына қоныс тепкеніне 20 жылға жуық уақыт болған Неғметолла Джалмұратовтың үйі де апатты деп танылған.

-Наурыз айының соңында тұрғын үйіміз суға кетті. Комиссия шешімімен үйді бұзып, орнына жаңа үй салып беретінің айтты. Қазір жерді тегістеп жатыр. Бір-екі күнде үй іргесі құйылады.  Алла қаласа, күзде жаңа баспанамызға кіреміз деген ойымыз бар.

Қазіргі уақытта  құрылыс қарқыны жақсы.  Мердігерлер күзге дейін үйді толық аяқтап, кілтін табыстаймыз деп отыр.  Онысы дұрыс. Тентіреп жүрген халық өз баспанасына тезірек орналасса екен дейміз. 

Жауһар НҰРЫМ