Сенат Төрағасының пікірінше, қазір кәсіпкерлік сауаттылықты дамыту, халық арасында кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және білім беру курстарын өткізу маңызды болып отыр.
Халық несиемен күн көріп отыр – Мәулен Әшімбаев
Фото: istockphoto.com
619
оқылды

Пайыз мөлшерінің жоғары болуы және жобаларды пысықтауға мән берілмеуі Қазақстандағы бизнеске несие берудің төмендеуіне әкеп соғып отыр. Ал тұтынушылар несиесі төлемінің кешігуі жыл сайын көбейіп бара жатқаны халықтың жағдайы мәз емес екенін көрсетеді. Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев халықтың жаппай несие алуға ұмтылуының проблемалары мен себептері туралы айтты.

«Біз көріп отырған маңызды көрсеткіш – тұтынушы несиесінің өсу қарқыны – 2,4%. Бұл бизнеске несие берудің өсу қарқынынан – 0,8% жоғары. Үш есеге жақын. Осы сандар мен үрдіс біздің бизнестің дұрыс дамымай отырғанын көрсетеді. Ол тіпті негізгі қорларға инвестицияның төмендеуінен де көрініп тұр. Халықтың үсті-үстіне несие алғаны байқалып отыр. Бұл халық өмірінің жақсылығын емес, табысы аз және әл-ауқаты төмен екендігін көрсетеді. Бұл олардың тұтынушы несиесі арқылы күн көретінін байқатады. Ұдайы әлдебір «саңылауды» жауып жүреді. Тиісінше, олар одан кейін ол несиелерді өтей алмайды. Сондықтан бұл – кешенді мәселе және ертең өңдеу өнеркәсібі бойынша парламенттік тыңдауда осы мәселелерді ішінара көтереміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасының пікірінше, қазір кәсіпкерлік сауаттылықты дамыту, халық арасында кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және білім беру курстарын өткізу маңызды болып отыр. 

«Сенаттың тиісті комитеті осы және келесі сессия кезінде шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларына қайта оралуы, оларды тағы да талдауға тиіс. Бүгінде ірі өнеркәсіп компанияларының айналасында шағын және орта бизнес кластерін қаншалықты өркендетіп отырғанымызды, кәсіпкерлік рухты қай деңгейде дамытып жатқанымызды көруіміз керек. Бұл да маңызды міндет. Қытай кәсіпкерлік рухты үнемі дамытып отырды. Қазір ол өз нәтижесін беріп отыр. Бізге де бұл бағытта ауқымды жұмыс атқару керек. Сондықтан Ұлттық банктің, агенттіктің (ескерту: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі), Ұлттық экономика министрлігінің және басқа да құрылымдардың қатысуымен кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес мәселелері туралы салмақты әңгіме болуы керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Заң банктік қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде кредиторларға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс несие алуын төмендетуді көздейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.