Биыл Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасы армиясының генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды.
Сағадат Нұрмағамбетов жайлы 10 дерек
ҚР Президенті Архивіндегі құжаттар
1,877
оқылды

1. Биыл Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасы армиясының генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды. Ол 1924 жылы 25 мамырда қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған.

2. Сағадат Нұрмағамбетов Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен даңқты батыр. Ол 1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. Майданда Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты. 

3. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең жоғары мемлекеттік марапат Кеңес одағының батыры атағы болатын. Соғыста көрсеткен батырлығы мен қаһармандығы үшін 1945 жылы 27 ақпанда небәрі 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыры атағы берілді.  

4. 1946 жылдан 1949 жылдың қарашасына дейін М.И. Фрунзе атындағы Әскери академияда білім алды. Бұл туралы ол кадрлық есепке алу жөніндегі жеке парағында жазады. Аталмыш құжат ҚР Президенті Архивінің 708 қорында сақтауда.

5. Қазақстан тәуелсіздік алған шақта Сағадат Нұрмағамбетовтың жауынгерлік білімі мен тәжірибесі үшін ол елдің қорғанысына жауапты деп таңдалды.  Ол еліміздің Қарулы Күштерін сақтауға, қалыптастыруға және нығайтуға баға жетпес үлес қосты. 1991 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 1992 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болады. Аталмыш құжат ҚР Президенті Архивінде сақтауда.

6. Сағадат Нұрмағамбетовтың әскери салаға қосқан өлшеусіз еңбегі бағаланып, 1994 жылы ол еліміздегі ең жоғарғы ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағын республикамызда бірінші болып алды. Аталмыш құжат ҚР Президенті Архивінде сақтауда.

7. С.Қ. Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов. Кеңес Одағының Батыры. Халық Қаһарманы. Мемлекет қайраткері» құжаттар жинағын дайындады. Жинаққа батырдың қызметтік және кәсіби қызметі туралы құжаттар, С.Қ. Нұрмағамбетовке жазған жолдастарының хаттары, басылымдарда жарияланған баяндамалар, естеліктер, мақалалар, сұхбаттар, естеліктер жарияланды.

8. 2013 жылы 11 қаңтарда Сағадат Нұрмағамбетов құжаттарын ҚР Президенті Архивіне тапсырып, сол уақыттан бері архивте армия генералының жеке тектік қоры қалыптасты. Қорда оның құжаттары, фотосуреттері, естеліктерінен тұратын 64 сақтау бірлігі бар.

9. Сағадат Нұрмағамбетов тек қана даңқты батыр ғана емес, шығармашылыққа жақын адам болған. Оның бірнеше естелік кітабы жарыққа шыққан. («Лицом к огню» (1984 ж.), «Надежный страж социалистических завоеваний» (1985 ж.), «Мой передний край» (1995 ж.), «А в памяти нет тишины» (1999 ж.), «От огненных лет до суровой армии» (2005 ж.).

10. 2024 жылғы сәуір айында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Осы заңның негізінде «Айбын» орденінің үш дәрежесі қазақтың үш батырының атымен аталатын болды. «Айбын» орденінің I дәрежесіне қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді.  Ал II дәрежесіне Бауыржан Момышұлының, III дәрежесіне Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.

Дайана Тоқбергенова,

ҚР Президенті Архивінің қоғаммен байланыс маманы