Сыр өңірі – ежелден дәстүрлі жыраулық өнердің алтын қазығы қағылып, туы тігілген қастерлі мекен.
Жыраулық өнердің өресі биік тұруға тиіс
877
оқылды

Сөз құдіретімен құндақталған жүз шайыр мекендеген киелі өңірде кешегі өткен Тұрмағанбет пен Көшеней жыршылардың жолын жалғап, дәстүрлі өнерімізді арқау еткен ұрпақтар сабақтастығы әлі күнге үзілген емес. Дәстүрлі өнерімізді өлтірмей, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртып жүрген осындай өнер жанашырының бірі – қазақтың дәстүрлі өнерін жалғастырушы жырау, фольклор зерттеушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовпен бабадан жеткен текті өнер төңірегінде сұхбаттасқан едік.

Әрбір бастама жемісін беріп жатыр

– Соңғы жылдары өнерді, оның ішінде дәстүрлі жыраулық өнерді қолдау бағытында тың бас­тамалар қолға алынып жатыр. Ат­­қарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Осының негізінде ұлттық өнерді, дәстүрлі өнерді жаңғырта алып жатырмыз ба?

– Сыр бойындағы жыршы­лық, жыраулық дәстүр бұл атадан балаға мирасқорлық өнер есе­бін­де жалғасып келе жатыр. Өнер өзінің мұрагерлік ұрпақ­тары арқылы дәстүрлік сипатқа айналады. Ал дәстүр – ұлттың алтын бесігі. Ұлттық құнды­­лық­тарымыз дәстүр арқылы өрбиді. Сондықтан да біз айтып жүрген дәстүрлі өнер дегеніміз – мың­жылдық мәдениеттің, жүзжыл­дық тарихтың белдеуінен өтіп, келер ұрпаққа жетіп отырған құнды дүние. Соның негізінде арғысы Тоныкөк пен Күлтегін, бергісі Қорқыт атадан жеткен дәуірлердің барлығы дерлік елі­міздің тарихы болып сана­лады. Бұл дәстүрлі өнер бізге ХХ ға­сырда атақты Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Мұзарап жыраулардың мақамымен келді. Содан бермен қарай Жиенбай жырау, Рүстембек жырау, Көшеней, Сәрсенбай жырау, Алтынбек жыраулардан жалғасып келеді. Бұлардың қай-қайсысы да жеті атадан жырау­лықты мұра тұтқан, алтын ұя мек­­тептің ізі. Сол секілді Арал өлкесіндегі даңғайыр жырау­лардың, ақындардың мұралары да біздің шексіз байлығымыз.  

Бүгінде Арал топырағынан шыққан Нұртуған ақын атымен аталатын жыршы-жыраулардың мектебінің, одан кейін Жиенбай жырау, Нартайдың жыршылық-жыраулық мектебінің мектеп кү­йінде қалыптасуы дәстүрлі өнеріміздің өрістей түскенін аң­ғартады. Сондай-ақ Қазанғап атындағы колледжде Айдос Рах­метовтың шәкірттері тәлім алған жыр­шы-жырау бөлімі ашылып, Қор­қыт ата университетінде дәс­түрлі жыр-өнер мамандығы қа­лыптасты. Бұл жұмыстар – өзі­міз­­дің қаламымыздың ұшымен, жігер-күшімізбен жасалған дү­ние. Демек, Сыр бойында жыр­шы-жыраулар, соған талпынған жас балалар жыраулар үйінде, музыкалық мектепте, музыкалық колледжде, бакалаврда шың­далса, бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде PhD докто­ран­турасы деңгейінде үздіксіз білім алу тізбесіне айналды. Осы орай­да мұндай игілікті бастама тек Қызылорда облысында ғана жү­­­зе­ге асырылды деп сенімді түрде айтуға болады. Өйткені мұн­дай жұмыстар өзге өңірлерде әлі де жасала қойған жоқ. Сон­дықтан да Қызылорда облысы осы жыршы-жыраулық өнердің орталығы болуға әбден лайық.

Сыр өңірінде соңғы жылдары халықтық өнерге, оның ішінде жыраулық және жыршылық өнер­­­­ге мән беріп, түрлі жиындар мен халықаралық конферен­циялар, симпозиумдар болып тұ­­­рады. Сол сияқты «Қорқыт Ата және Ұлы дала сазы» атты халық­аралық фестивалі де тұрақты өткізіледі. Бұдан бөлек, респуб­ликалық жыраулардың кон­курс­тары бірнеше мәрте ұйым­дас­тырылды.

Мектеп бағдарламасына дәстүрлі жыршылық пән енгізілуге тиіс

– Қай кезде де жыраулық өнер­д­ің маңызы жоғары сипатқа ие. Осы орайда қазақтың жыр­шы­лық өнерінің тәрбиелік мәні мен келешегі жайында ойыңызды біл­сек.

– Жалпы, дәстүрлі өнер жа­нашыларының көкейінде жыр­шылық өнерді өскелең ұр­пақтың жадында жаңғырту үшін бола­­шақта не істелуі керек? деген үлкен сұрақ тұр. Бұған дейін ат­қарылған жұмыстар да аз емес. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қар­­­мақшыдағы Көшеней Рүс­­тембеков атындағы Жырау­лар үйі жұмыс істеп тұр. Оны сол кезде Қармақшы ауданының әкімі болған уақытта Разқұл Нұр­­таев­тың бастамасымен, біз­дің қош­тауымызбен жүзеге асыр­дық. Осы­лайша, сол кездегі Комсомол кинотеатры деген ме­кемені Жыраулар үйіне айнал­­дырдық. Нәтижесінде, аудандық мәсли­хаттан қаржы бөліп, бү­гінде Әй­герім Ешбаева деген қызымыз соған жетекшілік етіп отыр. Айналасында 15-20 адам еңбек етуде. Қазір жүздеген бала сол жерде дәріс алып жүр. Сол секілді Арал өңірінде де Нартай Беке­­жанов атындағы әнші, жы­раулар мектебінде жергілікті бюд­жеттен қаржы бөлу арқылы тиісті жұ­­мыстар атқарып жа­­тырмыз. Алай­да бұл тұрғыда ше­­­­шімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жыршы-жыраулардың 06/21 Дәстүрлі өнер жыр маман­дығын 1998 жылы авторы, жетек­шісі Алмас Алматов болып, мемле­кеттік стандартқа ендірдік. Бү­гінде осы мамандықты дәстүрлі жыр, ән, айтыс түрлері бойынша Қазақ ұлттық өнер универ­си­тетінде оқытып отыр­мыз. Шә­кірттерімізге келешекте кәсіби білікті маман дипломы беріледі. Енді осы дәстүрлі жыр, ән, өнер және айтыс пәндерін орта мек­тептің бағдарламасына ендіру және Оқу-ағарту ми­нистрлігі арқы­лы  маман­дық­тардың тіз­бесіне енгізу басты міндет деп білемін. Сол уақытта ғана біз әрбір мектепте әншісі де, жыр­­шысы да, айтыскер ақыны да қа­лыптасқан ұрпақ тәр­бие­леген болар едік. Яғни, «адам адамнан тәрбие алады, ағаш ағашты көріп сәнін алады» деген қанатты қа­ғиданы қалып­­тас­ты­рар едік. Бір жағынан, кейінгі ұрпақ өз орта­сында жүрген ақы­ны мен жыр­шысынан тәлім алар еді. Бұл ке­лешекте мектеп оқу­шы­ларының айтыс және жыр­шылық өнеріне конкурс жария­лап, кәдімгі үлкен тәр­бие­лік мә­ні бар жұмыстарды алға сүй­реп кетуге үлкен негіз бо­лары сөзсіз. Демек, бүгінде біз­дің жо­ғары оқу орындарында оқып жатқан мамандарымыз тек қана орындаушы күйінде емес, рухани ағартушы жетекші фак­торға айналуына баса назар ауда­руы­мыз керек. 

Негізінен, біз жыраулық өнер­­­­ді сахналық өнер деп қара­маймыз. Жырау – бүтін халық­тың рухын оятатын тұлға. Сон­дықтан да бүгінгі қоғам жыр­­­­­­­­­­шы-жыраулардың әлеумет­тік-рухани үлес салмағын ай­қындап, деңгейіне, қарым-қабі­летіне сай ортамыздан орын беруіміз керек деп ойлаймыз. Бұ­ғ­ан дейін дәл осы мәселені Парламент деңгейінде Абзал Құспан көтерді. Ендігі кезекте Па­р­ламентте көтерілген осы мәселені ары қарай дамытуды көз­деп отырмыз. Осы мақсатта Амал­жол Әлтай, Жандарбек Әшім­жан секілді азаматтармен ақылдасып, ойластық. Бола­­­шақ­та қазақтың жыр өнерін, ән өне­рін, күй өнерін, сондай-ақ айтыс­керлік, бишілік өнерді мек­теп бағдарламасына енгізіп, барлық жағдайда да тәрбие кө­зіне айнал­дыруымыз керек. Себебі өнер бүгінімен қызық, ертеңімен өмір­шең. Ал ел ертеңі мектептен тағы­лымды тәрбие алған ұлағатты ұрпақ. 

Жалпы, ұлттың асыл тұғы­ры – дәстүр. Ал біз айтып отыр­ған дәс­түрдің ішінде фольклор­лық му­зыкалық үлкен мұра жатыр.

Қазіргі жастар бұрынғыдан әлдеқайда талантты

– Жалпы, қазіргі жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығы қандай? Үміттеріңізді ақтап жа­тыр ма?

– Қазіргі жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығы өте жо­ғары. Оның үстіне, бүгінгі жас буын бұрынғыдан да әлдеқайда талантты. Өзім консерваторияда дәстүрлі өнер мамандықтары бойынша кафедра меңгерушісі болған тұста көптеген та­лант­тар­ды тәрбиеледік. Бұл азаматтар қазір бір-бір тұлға атанып, бізбен тең дәрежеде мәдениетке елеусіз еңбегін сіңіріп жүр. Яғни, еселі еңбегіміздің арқасында үмітіміз ақталды деп толыққанды айта аламын. Сондықтан да болар, бұрын кадр жоқ деп қиналатын болсақ, бүгінде Қызылордада бұл мәселе түбегейлі шешілді. Ендігі нәрсе – мұның келешек ұрпаққа қандай жолдармен насихатталуы және оның жалпы адамзаттың ортақ мұрасы есебінде халы­қа­ралық, әлемдік деңгейге көтеру­дің жолдарын іздестіру.

Өткен жолы Анкара қала­сында «Түрксой» халықаралық ұйымының президенті Сұлтан Раевпен қыркүйек айында көш­пенділер ойынында жыршы-жы­раулардың үлкен фестивалін өт­кізетін болып келістік. Әрі бұл алдағы уақытта тұрақты түрде болып тұрады. Ұсынысымыз ұйым тарапынан сәтті қабыл­дан­ды. Осындай жолдармен төл өнер­ді халықаралық, әлемдік дең­гейде көтере беру керек. «Ерің­­­ді ер деп танымасаң, басқа ел деп та­ны­майды». Сондықтан да дәс­­түрлі өнерімізді осы тұр­ғыда көтергенде ғана «осын­дай ел бар екен» дей­тіндей деңгейге жетеміз. 

Алдағы мақсат – түркі халықтарына ортақ университет құру

– Жалпы, Сыр өңірінде дәс­түрлі жыраулық мектепті қа­лыптастыруда үлкен еңбек сіңір­геніңізді білеміз. Қазір немен ай­налысып жүрсіз?

– Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде профессор-оқытушы болып жұмыс істеп жатырмын. Сол жерде жыр сы­ныбын қалыптастырып, шә­кірт тәрбиесімен айналысуға күш-жігерімізді жұмсап жатқан жайы­мыз бар. 

Осы арада айта кетейін, біз айтып отырған дәстүрлі жы­рау­лық мектепті қалып­тастыру ісі – Сыр бойы ғана емес, бүкіл Қазақ­­­стан бойынша жасалған дүние. Басты мақсат – жыр өнері­нің Темірбек Жүргенов атын­­дағы Өнер академиясында, Құрман­­ғазы атындағы консер­ваторияда, Қазақ ұлттық өнер универси­тетінде, Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемле­кеттік универ­ситетінде, Қожа Ахмет Ясауи атын­­дағы ха­лық­аралық универ­ситетте, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқыту болды. Бүгінде аталмыш білім орда­ларында оқытылып жатыр.

Алдағы міндет – болашақта өскелең ұрпақты осы өнерге бау­литын бүкіл түркі халық­та­рына ор­тақ орталық уни­вер­ситетін құру. Оны түрік халық­тарының өнер академиясы дең­­гейіне жеткізу. Сонда ғана біз­­дің түркі халық­тарымен бауыр­­ластық мақсат-мұрат­тары­мыз ортақ арнаға түйі­сіп, өнер мен мәде­ниеттің, тарих пен тағы­лымның бір тізбе­гіне шы­ға аламыз.

– Сүбелі сұхбатыңызға рақ­мет!

Сұхбаттасқан

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы