Астанада бокстан дәстүрлі «Елорда кубогы» турнирі аяқ­талды. Жыл сайын 20-ға жуық команданың басын құрайтын жарысқа биыл 8 мемлекет құрама спортшыларын алып келді.
Мырзағали Айтжанов, Ұлттық құраманың бас бапкері: Олимпиадаға баратын жігіттерді бір сынап алдық
3,913
оқылды

Олимпиада қарсаңында көпшілік ел мықтыларын жабу астында ұстауды қаласа керек. Десе де, елорда төрін дүбірге бөлеген доданың деңгейі төмендеген жоқ. Бапкерлер Парижде бақ сынайтын боксшыларымыздың әлеуетін бір байқап алды. Одан бөлек, ағалардың ізін басатын жас буынның аяқ алысы да белгілі болды. Осы тұста ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановпен тілдесіп, құраманың жай-күйін сұраған болатынбыз. 

Бас бапкердің айтуынша, «Елорда кубогында» әу бастан олимпиадаға ат­танатын боксшыларды бір сынап алу көзделген. 

«Елорда кубогы» – елімізде өтетін ең ірі халықаралық турнирлердің бірі. Жыл сайын бұл бәсеке әлем мықтыларының басын қосатын. Бірақ биыл олимпиада өтетіндіктен, іріктеу турнирлері толық аяқталмағандықтан, біраз елдің боксшылары келе алмады. Сондықтан ешкімге ренжімейміз. Бәрінің өз дайындық жоспары бар. Сегіз мемлекеттің боксшы­лары бақ сынады. Оның ішінде Қытай мен Әзербайжанның Париж Олимпиа­дасына қатысатын спортшылары болды. Мұның өзі бізге үлкен пайда. Өзбекстан командасы олимпиадалық құрамын жіберген жоқ. Қосалқы командадағы жігіттері келді. Көрші елдің бас бапкерімен сөйлестім. «Біздер бокста басты қарсылас болғандықтан, осы турнирде емес, олимпиаданың финалында жолығайық» деген тілек айттық бір-бірімізге. Ол жақ­тың негізгі құрамы Ресейде өткен халықаралық турнирге қатысты. Ал біз өз жеріміздегі бәсекеде кем-кетігімізді бір анықтап алдық», – дейді Айтжанов.

Астанадағы турнирге ұлттық құрама­ның боксшылары түгел қатысты. 

«51 келіде Сәкен Бибосынов екі шетел­дік боксшымен кездесті. Алдымен өз­бек, кейін жапон қарсыласымен жұды­рықтасып, жеңіске жетті. Екеуі де жақсы қарсылас, Сәкен өзіне қажетті жекпе-жектер өткізді деп ойлаймын. 

57 келідегі Махмұд Сабырхан да екі жек­пе-жекте өзге ел боксшыларына қар­­­сы шықты. Иран мен Өзбекстан бокс­­шысымен жақсы жұдырықтасты. Қар­сыластардың оңайы жоқ. Кім мықты екенін олимпиада көрсетеді. Қазір бұл салмақта еліміздегі ең мықты боксшы – Махмұд.

71 келідегі Асланбек Шымберге­нов екі кездесу өткізіп, әрі қарай жарыстан бас тартты. Өзінің деңгейін бір саралап алды. Енді дайындықты жалғастыруда. 

80 келідегі Нұрбек Оралбай 86 келіде, 92 келідегі Айбек Оралбай аса ауыр сал­мақта сынға түсті. Екеуі де жақсы тә­жірибе жинады. Нұрбек финалда 80 келідегі қарсыласы, олимпиадаға жол­дама алған әзербайжандық Мұрат Аллахбердиевті ұтты. Ол да жоғары салмақта жұдырықтасқан еді. Қарсыласты бір тексеріп алды десек, артық емес.  Айбек бір кездесу өткізді. Бір жекпе-жек болса да, өте пайдалы  болғанына баса назар аударғым келеді. Ол ауыр салмақтағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Париж Олимпиадасына жолдама алған әзербайжандық боксшыны жеңді. 

Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңда үш шетелдік қарсыласымен жолықты. Үшеуі де жоғары деңгейде өтті. Алдымен қырғыз, кейін ирандық боксшыны жеңді. Иран спортшысының әлеуеті өте жоғары екен. Қамшыбекке не жетпей тұрғанын осы турнирден байқадық. Енді әрі қарай кем-кетікті реттейміз. Біздің бұл жарыстағы басты мақсатымыз да осы – жігіттердің дайындығын тексеру», – дейді бас бапкер.

Айта кетелік, «Елорда кубогы» қарсаңында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркістан облысында халық­аралық оқу-жаттығу жиынын  өткізіп үлгерді.

«Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында бірлескен жаттығу жиынын өткіздік. Аталған жиынға Өзбекстан құрамасынан олимпиадаға қатысатын төрт жігіт келді. Тәжікстанның бір өкілі, Куба құрамасы келді. Олимпиадада бақ сынайтын әлемдік спортшылардың жиналып, дайындалғаны кішігірім әлем чемпионаты өткендей әсер қалдырды. Бұл жиын бәріне де пайдалы болғаны анық. Біздің басты мақсатымыз – олимпиада екенін бір сәт естен шығармаймыз», – деді құрама жетекшісі. 

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы­ның еншісінде Париж Олимпиадасының алты жолдамасы бар. Атап айтар болсақ, Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) төртжылдық додасына лицензия алған. 

Ұлттық құрама жалғыз салмақтың жол­­­да­масын енді шешпек. 63,5 келі салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Таиландтың Бангкок қаласында өтетін соңғы ли­цен­­­зиялық турнирде бақ сынайды. Ірік­­теу турнирі 24 мамыр мен 3 маусым аралығында өтеді. 

Арда КЕМЕЛ