Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Бұл шайырлар мекені саналған шаһарға берілген әділ баға.
Құм астында қалған қала
1,621
оқылды

Екі мың жылдық тарихын қойнауында бүгіп жатқан қала ғасырлар толғауындағы талай құнды жәдігерлерімен де әмбеге аян. Алайда осы құндылықтарымызды өз деңгейінде қорғай алып жүрміз бе? Тарихи орындардың бірі аң-құстың панасына, енді бірі шаруалардың қорасына айналып кеткен жоқ па?

Жалпы, Ұлы Жібек жолы бо­йындағы Тараз шаһарының өтке­нін айтқанда алдымызға жан сал­­маймыз. Екі мың жылдық та­рихты ақтарып, есте жоқ ескі за­маннан сыр шерткен көне қала­шықтарымызбен мақтана кеуде соғамыз. Алайда олардың туристік кластері туралы сөз қоз­ғасақ тіл тістейміз. Еуропа елде­рінде осы тарихи орындарды же­кеменшікке беріп, оның қор­ғалуы мен дамуы биік деңгейге жеткенін көз көріп жүр. Осы жүйені біздің елде де қо­л­данысқа енгізуге не кедергі? Са­лаға ин­весторлар тарту арқылы тарихты жаңғыртып, шағын және орта кәсіпкерлікті де дамытуға болмай ма? Санаға сал­мақ салған сауалмен жауапты мамандарға қайырылған едік...

– Еліміздің заңы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекеттік те, жекеменшікте де бола алады. Жергілікті маңызы бар тарихи орындарды облыстық әкімдік, ал республикалық маңы­зы бар нысандарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жалға бере алады. Алайда осы таңға дейін кәсіпкерлер тарапынан ескерткіштерді жалға алуға, на­сихаттауға, оны туристік нысанға айналдыру бойынша бірде-бір ұсыныс түскен жоқ. Оған себеп тарихи орындарды жалға алу құны өте қымбат. Бір жылдары біз Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайын жекеменшікке беру ту­ралы жұмыстарды қолға алған­быз. Алайда еліміздің мүлік тура­лы заңы бойынша «Төрткүл» кер­уен сарайының небәрі бір жыл­­­дық жалға алу төлемі 2-3 мил­лион теңгеге шығып кетті. Бұл тек жалға алу төлемі ғана. Одан бө­лек, коммуналдық қызмет, жұмыс­шылардың жалақысы, жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын қоспағанда осындай төлем шығып отыр. Осыған байланысты жекеменшікке ешкім алғысы кел­мейді. Кәсіпкерлер одан табыс тап­пайтынын біледі. Дегенмен қазір Парламентте Тарихи мұра объектілерін қорғау және пай­да­лану туралы заңы қайта қаралып жатыр. Аталған заңға өзгеріс ен­гізу бойынша біздің мекеме сол жұмысшы топтың құрамына енген болатын. Заң күшіне енсе, Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі тарихи-мәдени ескерт­кіштердің барлы­ғын жеке­мен­шікке немесе уақыт­ша пайда­­­лануға беру бойынша жұмыс жүргізу міндетін жергілікті ат­­қарушы органға артайын деп отыр. Яғни, жалға беру мәселесін өзіміз жергілікті жерде қарас­тырамыз. Жалға беру құнын да өзіміз белгілеуге мүмкіндік ала­мыз. Мәселенің біржақты шешімі қазір осы заңға байланысты бо­лып отыр, – дейді облыстық «Та­ри­хи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков.

Иә, тарихи орындардың жеке­меншікке беру мәселесі жаңа заң­­ға байланып тұр екен. Егер өзгерістер оңтайлы күшіне енсе, жалға алу құны айтарлықтай тө­мендеуі мүмкін. Ал бұл бизнес­мен­дерді тартуы ықтимал. Бұл ретте өңірдегі тарихи нысандар­дың жерге орналастыру құжаттары әлі күнге толықтай реттелмегенін айтпай кетуге болмайды. Об­лыс­тағы 3 448 тарихи-мәдени ес­керт­кіштің әлі жартысының құ­жаты жоқ. Жаңа заң жүйесі осы олқы­тықтың да орнын толтыруға сеп болар ма еді?

Негізі, инвестиция құйылған жер­де жауапкершілік те, қадағалау да күшейетіні белгілі. Салынған қар­жысының есебін шығару үшін кә­сіпкер де барын салатыны анық. Алайда археолог, тарихшы, өлкетанушы Сауран Қалиев та­рихи нысандарды жалға беруге түбегейлі қарсы. Маман бұл құн­­дылықтарымызды талан-та­ражға салумен бірдей деп есеп­тейді. 

– Өз басым тарихи-мәдени ны­сандарды жалға беруге үзілді-кесілді қарсымын. Себебі бұл мұралар ата-бабаларымыздан келе­ жатқан аманат, санғасыр­­­лық құндылық болып есептеледі. 

Қазір бізге осы мұралары­­мыз­ды әлемдік деңгейде насихат­тау мәселесін қолға алуымыз керек. Алайда өкініштісі, кейбір тарихи орындарымыз әлем тұрмақ, рес­пуб­­­ликалық деңгейде таны­лып, қорғалып отырған жоқ. 

Туризмді дамыту үшін осы көне кешендеріміздің тарихын әлем тілдеріне аудару қажет. Жер­гілікті билік өкілдері өз ау­дан­да­­рындағы нысандарға көңіл бө­луі керек. Инфрақұры­лымын дамы­туға тиіс. Бірақ өңірде сау­сақпен санарлық ны­сан­­­дар ғана әлемдік стандарттарға сәйкес­­­тендірілген. Олар – Айшабибі мен Бабаджа хатун, Қарахан ке­сенесі, Ақыртас сарай кешені. Ал өңірлік туризмді дамытуға негіз­делген алпыстан астам тарихи-мәдени ескерт­кіші­міздің жағдайы мәз емес. Қара­пайым жол, сани­тарлық талап, ауызсу, жарық сын­­­ды мәселелері шешілмеген. Ең бірін­ші турис­терге жағдай жаса­луы керек. Қа­ла­­­да қонақүй, мей­рамха­налар бар, бірақ олармен туристерді қызық­тыра алмаймыз. Қонақтарды ны­сандардың тарихы қызық­тырады. Біз соны өз деңг­­­­ейін­де жеткізе білуіміз қажет. Бі­­рақ бұл жұмыстар кенжелеп тұр. Кейбір мәдени нысандарымыз қасақана бұзылу үстінде. Енді бірқатары кеңестік дәуір кезінде әртүрлі шаруашы­лық жұмыс барысында қираған. Со­нымен қатар кейбірі апаттық жағ­дайда, табиғи факторлардың әсе­рінен бұзылғандары да бар. Осы олқы­­лықтардың орнын толтыру үшін ең әуелі тарихи нысандарға жа­уап­­ты маман­дардың құзырет­тілігін арттыру керек. Сонда жа­уапкершілік те, тәртіп те бола­ды, – дейді Сауран Қалиұлы.

Өлкетанушы Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығы тұсында ашыл­ған ашық аспан астындағы музей­дің де келешегіне алаңдаулы. Оның сөзіне сүйенсек, мұндай та­рихи орындарды талапқа сай сақтай алмасақ, қыруар қаражат шығындап қазба жұмыстарын жүргізудің де қажеті жоқ екен.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлт­тық құрылтайда тарихи нысан­­дарға байланысты: «Біз таңбалы тастар мекені ретінде әлемге танылғанбыз», – деген болатын. Оған дәлел бола алатындай ны­сан­дарымыз көп. Мемлекет бас­шы­сы өз сөзінде атап өткен Құл­жа­­­басы біздің облысымызға тән тарихи-мәдени нысан. Мұнда ерте заманнан қазірге дейінгі таң­балар сақталған. Қазір осы құнды жәдігеріміздің қорғалу деңгейі өте төмен. Бұдан бөлек, қазба жұ­мыстары басталып, алай­да аяқсыз қалған тарихи орын­да­рымыз да аз емес. Оған дәлел ретінде «Ежелгі Тараз» археоло­гиялық ашық аспан астындағы музейін айтуға болады. «Ежелгі Тараздағы» археологиялық қазба жұмыстары жоспарға сай жүргі­зіл­генімен, оны қайта қалпына кел­тіру, бекіту, яғни консерва­ция­лау жұмыстары жүргізілген жоқ. Нәтижесінде, тарихи нысан­дары­мыз бұзылу қаупінің алдында тұр. Кезінде осыған мемлекет та­ра­пынан қомақты қаржы бө­інді. Өкі­нішке қарай, қазір сол кездегі табылған жәдігерлерді сақтай алмай, нәтижесі сын көтермей тұр. Қазба жұмыстары басталған кезде ежелгі қаланың бірнеше мәдени қабаты ашылған болатын. Әсіресе, Қарахан дәуірі, оның алдындағы VI-IX ғасырлардағы Батыс Түрік қағанатының ас­та­насы болып тұрған кездегі құры­лыс нысандары топырақтан ар­шылған. Алайда сол ежелгі құ­­­­­­­ры­­­­­­­­­­­лыс нысандарын өз деңгейін­де қорғай алмай, жауын-шашын­ның астында қалып барады. Бір сөзбен айтқанда, жәдігерлерді қолдан жоюға жол беріп отырмыз. Дәл осылай жалғаса беретін бол­са, онда қазба жұмыстарын жүр­гізудің де қажеті жоқ деп есеп­теймін. Себебі мұндай кешен­дер бүгінгі ғана емес, келер ұрпаққа да мұра болып қалуы керек. 

Облыста ортағасырлық Бек­төбе, Тамды, Саудакент, Меркі, Құлан, Аспара, Баласағұн, Қордай сынды көне қалашықтар қазір ар­хеологиялық ғылыми зерттеу жұ­мыс­­тарына мұқтаж. Шамамыз жет­­­кенше осы қалашықтарда ке­­шен­­ді түрде зерттеу жұмыс­тарын жүргізе отырып, оларды қайта қал­­­пына келтіріп, өңірлік туризмге үлес қосатын нысандарға айнал­дыруымыз керек, – дейді археолог.

Иә, Мемлекет басшысының өзі баса айтқан тарихи орындар­дың осындай мүшкіл күйде тұр­ғаны жанға батады. Дамыған Еу­ро­­па елдері жоқтан бар жасап жат­­қанда біз қолда тұрғанды ұқсатып, ту­­­­ризмнің түтінін тік ұшы­ра алмай отырмыз. Кейбір құнды жәдігер­леріміз жайылым жерде орналасып, мал тұяғының астында қалып кетіп жатқаны да жасырын емес. Бір ғана Жуалы ауданындағы Баркуаб қаласын мысалға алсақ, қазір қала қайта құм астында қалу алдында тұр. Еуропа елдері етек-жеңін жия алмай жатқан тұста екіқабатты үйде тұрып, кәріз жүйесін іске қос­қан Баркуаб қаласы толық­­қанды зерт­теуді қажет ететіндігін байыр­дан дәлелдеп қойған. Алай­да бұл маң­дағы археоло­­­­гиялық қазба жұ­мыс­тары аяқсыз қалып отыр. Ішке құйыл­ған жауын-ша­шын салда­рынан қаланың қабыр­­ғалары қайта опырылып, үлкен үйіндіге айналуы да бек мүмкін. Бірақ мұны ойлап, жаны ашып жатқан бір пенде жоқ. Егер біз бары­­­мызды бағалай алма­­сақ, бола­­­­­­шағымызды бағ­дарлай ал­май­­ты­нымыз анық. Сондықтан тарихи орындарды қорғауға алуды жеке кәсіп­керлерге де берген жөн шығар. Өйткені не өзімізге, не өзге­ге қимағаннан өніп жатқан тір­­лік шамалы екенін көз көруде. Осы мәселе министрлік мінберін­де оңтайлы шешіледі деген үміт мол. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы