«Қазгидромет» болжамы бойынша, республиканың басым бөлігінде орташа айлық температура бір-екі градусқа көтеріледі.
Маусым айына ауа райы болжамы жарияланды
7,637
оқылды

Кей аймақтарда жауын-шашын мөлшері азаяды, деп жазады Aikyn.kz.

Маусым айы ыстық әрі құрғақ болады деп күтілуде.

«Қазгидромет» хабарлағандай, республиканың басым бөлігінде орташа айлық температура бір-екі градусқа көтеріліп, кей аймақтарда жауын-шашын мөлшері азаяды. Ал су тасқыны болған өңірлерде метеорологтер ылғал топыраққа терең еніп кеткенін айтып, ол аймақтарға да қуаңшылық қаупі төніп тұрғанын ескертті.

«Атмосфералық құрғақшылық Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында, Қарағанды облысының Шет ауданында, Маңғыстау облысының Маңғыстау және Қарақия аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында болжанады», - деді «Қазгидромет» РМК аргометеорологиялық болжам басқармасының басшысы Қамар Сәлиева.

Мамандар маусым айында орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде сынап бағанасы 30-38 градусқа дейін жоғарылайды деп отыр. Бірақ жаз бойы ыстық болмайды екен. Аптап ыстық та апталап тұрмайды дейді синоптиктер. Ал жауын-шашын мөлшері Қызылорда облысы мен батыс аймақтардан өзге өңірлерде қалыпты деңгейде болмақ.

«Қазгидромет» алдағы үш күнде еліміздің басым аумағында жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы мүмкін екенін ескертеді. Ауа температурасы тек маусымның басында ғана көтеріледі деп күтілуде.