Министр жағалауды нығайту жұмыстарын жалғастыруды және қорғаныс құрылыстарының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды.
Жайық өзеніндегі су деңгейі өзгерді
4,860
оқылды

Атырау облысының Махамбет және Индер аудандарында Жайық өзенінде су деңгейі төмендеп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алайда, Атырау қаласының өзінде таңғы сағат 8:00-ден бастап гидропосттарда белгі 2 см-ге артып, 597 см-ге көтерілді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жағалауды нығайту жұмыстарын жалғастыруды және қорғаныс құрылыстарының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ, ведомство басшысы көлемді бөгеттерді тексерді. Махамбет ауданының Жалғансай елді мекеніне барған кезде министр тасқын суды сору жұмыстарының барысымен танысты.

Еске сала кетейік, 22 мамырда ауыл маңындағы үйінді бөгет шайылып, ауылға кіреберіс жол арқылы су жүрген болатын. Айта кетейік, өткен тәулікте арнайы техникамен 450 мыңнан астам текше метр су сорылды.

Сәуір айынан бастап өңірде құтқарушылар тобы күшейтілді. Қосымша Қызылорда, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Шымкент қаласынан ТЖМ қызметкерлері және ҚР ТЖМ 52 859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тартылды.

Қажет болған жағдайда ТЖМ құтқарушылары су басу орындарында адамдарды өтімділігі жоғары техникамен, оның ішінде жылжымалы құралдармен тасымалдау бойынша жұмысты жүзеге асыратын болады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.