Атыраулық аспаз жағалауды бекітіп жатқан азаматтарды тегін тамақтандырды

Ол бөгет көтеру жұмыстары жүріп жатқан аймақтарға барып, азаматтарға түскі және кешкі ас дайындап отырған.

Әлеуметтік желіде «Бас аспаз» атауымен танымал атыраулық Бағдат Қадыров облыстағы жаға бекіту жұмыстары кезінде өз өнерімен ерекше көзге түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Ол бөгет көтеру жұмыстары жүріп жатқан аймақтарға барып, азаматтарға түскі және кешкі ас дайындап отырған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Ол Атырау қаласындағы Еркінқала, Дамба, Чехов, Талғайран шағын аудандары мен Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында аспаздық етті. Ал барлық қаражатты өз есебінен шығарып отырған.

Жалпы Б.Қадыровтың аспаз болып жүргеніне 15 жылдан асқан. Қазіргі таңда ол фуд-блогерлікпен қоса, мейрамханаларда бас аспаз болып еңбек етеді. 

Оның айтуынша, мұнда ол өз еркімен, қиын-қыстау шақта жұртпен бірге өз көмегін беруге келген. 

Айта кетейік, Бағдат Қадыров 2023 жылы Анталияда өткен әлемдік аспаздар сайысында еліміздің намысын қорғап, 750 аспаздың ішінен топ жарып, жеңімпаз атанған. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.