Ақмола облысы Степногорск қаласының іргесінде орналасқан Бестөбе кентіндегі ахуал тағы дабыл қағарлық жағдайға жетті. Аймақта заңсыз алтын іздеушілер қатары күрт өскен.
Заңсыз алтын абырой таптырмас
895
оқылды

Нәпақасын осылай таппақ болғанымен, өз өмірі мен денсаулығын бәйгеге тігіп, жеті қат жер астына түскендердің арасында оқыстан көз жұмғандар да баршылық. Тіпті, жыл сайын шахтаның арандай апанына түсіп, алтын алып шықпақ болған қыршын жас жігіттер жер бетіне шықпастан қайтыс болып кеткен. Алайда екі қолға бір күрек тауып, жұмыс істегеннен гөрі қапшық арқалап, жер астына түскенді жөн көретіндер көбейіпті. Жергілікті тәртіп сақшылары да Бестөбе шахталарындағы жағдайдың аса қауіпті мәселеге айналғанын айтып отыр.

Степногорск қаласы полициясы таратқан ақпаратқа жүгінсек, тек осы жылдың төрт айында ғана Бестөбеге таяу орналасқан кен орындарында 344 заң­­­сыз алтын іздеуші қолға түскен. Ал был­­­тырғы осы уақыт аралығында 47 адам ға­­­на полицияның құрығына ілініпті. Бы­л­­тыр алтын іздеп жер астына түскені үш­­ін жауапкершілікке тартылғандардың саны 218 адам болған. Бұлардың бәрі де ал­­тын­ды жер астынан заңсыз жолмен алған болып шықты. Олардың бәрі қазір жұмыс істемейтін «Қазақ Алтын» компаниясының ескі шахталарына қауіпті болса да түсіп, басын бәйгеге тігеді.

Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, заңсыз алтын іздеушілердің басым бөлігі сол заматта-ақ қолға түскенімен, ескі әдетін қоймай, жылына бірнеше мәрте жер астына түседі. Полиция мұны заңсыз алтын іздеушілерге берілетін жазаның тым жеңіл болуымен түсіндіреді. Яғни, заңсыз алтын іздеушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 506-бабына сәйкес қорғалатын нысандарға заңсыз кіргені үшін ғана жаза кесіледі. Оған сәйкес істемейтін шахтаға түс­іп алтын іздегендерге 15 тәулікке дей­ін қамауға алу, яки 15 АЕК, яғни 55 380 тең­­ге сомасында әкімшілік айыппұл төлеу жа­засы қарастырылған. Полицияның мә­ліметінше, тек осы жылдың қаңтары мен сәуіріне дейінгі аралықта ғана 266 алтын іздеуші қамауға алынып, 78-не әкімшілік айыппұлдар салынған. 

Өкініштісі сол, басты қауіп адамдардың заңсыз жолмен нәпақасын тауып, түрмеге тоғытылғаны емес, өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігуі болып отыр. Сонымен қатар мемлекетке де үлкен көлемде шығын келтіреді. Тақырыпты талдау барысында жыл санап заңсыз жолмен алтын кенін алып шықпақ бол­ған­дардың өлімі көбейе бастағанын ан­ық­тадық. 

– Бестөбе кентіндегі кен орындарының айналасынан заңсыз алтын іздеушілердің мәйіттері жыл сайын табылып жатады. Былтыр мұндай төрт адамның денесі табылған. Биыл жақында тағы бір адамның мүрдесі шықты. Негізінен, ескі, жұмыс істемейтін шахталарда бос қалған жыныстар құлап кетіп, астында қа­лып қойып қаза болады. Өкініштісі сол, ал­­тын іздеушілердің арасында әлі кәмелет жасына толмағандар да болады. Олар –­ көбіне отбасылық жағдайы төмен немесе қараусыз қалған балалар, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Біз жағдайды одан әрі анықтау мақсатында Бестөбе кенті тұрғындарының да пікірін сұрап көрмек болдық. Кент тұр­­ғындарының айтуынша, кенді аймақта қазір алтынның айналасында күрделі мәсе­ле шаш етектен. Өйткені үлкен қар­­­­жы жүрген жерде заңсыз алтын аулау­ға түсудің өзіне де қомақты қаржы төл­ен­­­еді дейді тұрғындар. 

– Бестөбенің айналасы қазір түгел кедір-бұдыр, жырым-жырым. Айналаның бәрін геологиялық барлау жұмыстарын жүргіземіз деген желеумен бір компания­лар келіп, қазып, үйілген топырақтарын сол күйі тастап кетеді. Рекультивациялау деген атымен жоқ. Мал жаятын жайылымдарға дейін үйінді топырақтар мен шұңқырларға айналған. Қоғамдық тың­даулар болмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын келген компания өзіне қай жер бөл­­інгенін де білместен қаза беріпті. Жер­­­­­гілікті билік түйткілді мәселені шешуде нақты әрекет жасар емес. Жер астынан алтын іздеушілерге келсек, олар жылдар бойы болады әлі бола да беретін шығар. Өйткені сіз бен біз сияқты қарапайым адам шахтаның оқпанына оңайлықпен түсе алмайды. Өйткені онда кіретін жердің бәрінде қарулы күзет қойылған. Естуімше, заңсыз алтын іздеушілер тек бір шығып-түсу үшін ғана 200-250 мың теңге сомасында қаржы төлейді. Яғни, оған кім көрінген түсе алмайды.  Бұл жерде жоғарыдан басқарылатын үлкен тұтас жүйе бар сияқты, – дейді  Бестөбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев. 

2020-2021 жылдары полиция үш бірдей қылмыстық топты құрықтаған. Тергеу барысында заңсыз алтынды өңдейтін 13 шағын цех жойылған. Алтын өндіруші «Қазақ Алтын» кеніштеріндегі компаниялардың өткен жылдары ұсынған мәліметтері де қорқынышты. Оған қарағанда тек соңғы он жыл ішінде ғана 45 мың­­­нан астам заңсыз алтын іздеуші ұсталған. Олардың ішінде 18 мыңы – шахтаға бірнеше мәрте қайта түсіп шыққан. Тек 2019-2021 жылдары ғана 7 300-ден астам заңсыз алтын іздеуші ұсталған. Заңсыз айналымнан 7 мың тоннадан астам құрамында алтыны бар тастар тәркіленген. Одан құрамында 590 келі бо­л­атын алтын шыққаны анықталған. 

Кент тұрғындарының басым бөлігі заңсыз алтын іздеушілерді сананы тұрмыс билегендіктен баратын жағдай деп түсінеді. Қалай десек те, алтынның айналасындағы түйткіл жуық арада басылатын түрі көрінбейді. Бұл орайда мәселені рет­­теу үшін заңның кейбір тұстарына өз­герістер енгізіп, мемлекет пен халықтың мүддесіне сай өгізді де өлтірмейтін, арба­ны да сындырмайтындай етіп реттеу қажет сияқты... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы