Токио – 2020: Қазақстанда 37 жолдама бар
Токио – 2020: Қазақстанда 37 жолдама бар
Фото: Интернеттен алынды
5,295
оқылды
Қазақстандық спортшылар Токио Олимпиадасына 37 жолдама жеңіп алды. Амман қаласында өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде лицензияға қол жеткізген барлық боксшылар жазға Олимпиадаға барады. Қазақстан боксшыларынан ерлер құрамасы – 7, әйелдер құрамасы 1 жолдамаға ие болып, жалпы жолдамалар санын 37-ге жеткізді. Еске сала кетейік, Олимпиадалық іріктеу турнирінде жалпы 13 боксшы сынға түсті. Атап айтқанда, ерлерден 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келі салмақта Зәкір Сафиуллин сынға түссе, қазақтың «салмағы» атанып кеткен 69 келіде Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғады. Ал 75 келі салмақ санатында Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзад Нұрдәулетов, 91 келі салмақта Василий Левит және аса ауыр салмақта (+91 келі) Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғады. Боксшылар арасынан Сәкен Бибосыновтан басқасының барлығы Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Ал қыздар боксынан 51 келіде Ангелина Лукас, 57 келіде Дәметкен Келімбет, 60 келі салмақта Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова және 75 келі салмақта Надежда Рябец ел намысын қорғады. Қыздар арасында тек қана Надежда Рябец Токио Олимпиадасына жолдаманы ұтып алды. Осылайша, қазақ елінің спортшылары дәл қазіргі есеп бойынша Токио Олимпиадасына 37 жолдама жеңіп алды.