Әртүрлі дене жарақатын алған 4 жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды.
Жезқазғанда 5 жасар бала бірнеше адамды көлікпен қағып кетті
1,102
оқылды

Жезқазғанда бес жасар бала көлікпен жол бойындағы адамдарды қағып кетті. Оқыс оқиға салдарынан 5 адам зардап шеккен, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Оқиға қаладағы «Гранд Палас» мейрамханасының жанында болған. Көлікте отырған бес жастағы бала қолмен реттелетін тежегішті жібере салған. Соның әсерінен көлік кері жүріп, тротуарда тұрған адамдарды қағып кеткен.

«Факт полицияда тіркелді. Әртүрлі дене жарақатын алған 4 жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады Ұлытау облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ұлытау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға 5 адам түскен. Олардың ішінде бала да бар.

«5 адам зардап шекті. Бәрі тірі. 1964 жылы туған науқас травматология бөліміне жатқызылды. Диагноз – жабық кеуде жарақаты. Сол жақ бүйірдегі 4-5-6-7 қабырғалар орнынан жылжып, сынған. Оң жақ бүйірінде де 4-5-6 қабырғалар жылжып сынған. Травматикалық шок – 1 деңгей. Оң жақтағы – постравматикалық гемоторакс, сол жақта – постравматикалық пневмоторакс. Қалған 1985, 1959, 1962 жылы туған үш пациенттің бел омыртқасы, оң жақ тобық буыны және денесі көгерген. Бесінші пациент 2018 жылы туған бала амбулаториялық емдеуде. Диагноз – бастың үстірт жарақаты. Сол жақтағы қас аймағында көгерген жара бар»,– деп атап өтті Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Баланың оқиға кезінде көліктің рулінде болған, болмағаны нақтыланып жатыр.