Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасын іске қосып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Біз шикізатты емес, жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет – Үкімет басшысы
545
оқылды

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру үшін өңдеу секторының негізгі ірі жобаларының тізбесін айқындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оған металлургия, химия, мұнай-газ химиясы, автомобиль жасау және басқа да салалардың 17 жобасы кірді. Олар өндірістік салалардың және экономиканың дамуына ықпал ететін болады. Әрбір жоба бойынша тиісті іске асыру жоспары қабылданды.

«Жалпы, өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер айқын. Біз шикізатты емес, жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда ғана табыстың көбісі елімізде қалады, экономиканың күрделілігі өседі. Жаңа Салық кодексінің жобасында салық ставкасы шығарылатын тауардың өңдеу деңгейіне байланысты болады. Яғни, кәсіпорын жоғары өңделген тауар шығарса салық ставкасы төмен болады, ал жай шикізат шығаратын болса салық жоғары болады. Бұл өндірістік дамуды ынталандыратын маңызды қадам», – деп атап өтті Премьер-Министр.

Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасын іске қосып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Өндірістің жалпы көлемі 1,6 трлн теңгені, экспорт – 600 млрд теңгені, импортты алмастыру – 1 трлн теңгені құрайды.

«Өнеркәсіп министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жобаларды уақытылы іске қосуды қамтамасыз етуі қажет. Инвесторлардың барлық сұрақтарын әуре-сарсаңға салмай, жедел шешу керек. Бұл үшін арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істейді», – деді   Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-Министр отандық өндірушілерді қолдау және дамыту үшін өңдеу өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі заңнамалық тұрғыдан реттеді тапсырды. Бүгінде түсті металдарды қайта өңдеу саласында бұл механизм оң нәтиже көрсетіп отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, импортты алмастыратын құрылыс материалдарын өндіру жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру мәселесін пысықтауы қажет.

«Самұрық-Қазына» холдингі мен өңір әкімдіктеріне «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жергілікті қамту деңгейіне және су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына бақылауды күшейту тапсырылды.