Астанадан пәтер, Дубайға жолдама және көлік: елдегі ең қымбат той қай депутаттың құрметіне жасалды

Ізгі тілегін арнаған құрметті қонақтар қатарында өнер жұлдыздары мен шенеуніктер, сонымен қатар Иманғали Тасмағамбетов те бар.

Экс-депутат Мақсат Раманқұловтың 50 жас мерейтойы желіде қызу талқыланып жатыр. Мерейтойға келген қонақтарға автокөлік, пәтер, Дубай мен Италияға жолдама, IPhone маркалы 10 телефон, иіссу, сондай-ақ басты сыйлық – Астанадан пәтер сыйланған. Оның бәрі лотерея арқылы таратылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Сондай-ақ ресейлік «Мираж» тобы, МузАРТ, Raim, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Өзбекстанның әншілері, Германиядан келген Bad Boys Blue тобы тойда өнер көрсеткен.

Ізгі тілегін арнаған құрметті қонақтар қатарында өнер жұлдыздары мен шенеуніктер, сонымен қатар Иманғали Тасмағамбетов те бар. Мерейтой ерекше итальян стилінде өткен.

Мақсат Раманқұлов – Қазақстан  Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты. Ол 1974 жылғы 21 мамырда дүниеге келген. Еңбек өтілі 1997 жылы Шымкент көлік прокурорының көмекшісі ретінде бастады, Оңтүстік-Шығыс көлік прокуратурасының ішкі қауіпсіздік жөніндегі аға прокуроры, BGМ ЖШС директоры, Mabex Trade LTD ЖШС жеке құрылыс компаниясының бас директоры қызметтерін атқарды.

Қазақстан ММА аралас жекпе-жек федерациясы Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Тоғызқұмалақ» халықаралық спорт федерациясының вице-президенті. VII сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің «Ақ жол» демократиялық партиясынан сайланған депутаты. «Құрмет» орденінің иегері.