Түркия Ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер татарстандық әріптестеріне Одақ төрағалығын табысты атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.
Түркі әлемі Ұлттық ғылым  академиялары одағы VII Бас ассамблеясының отырысы өтті
1,680
оқылды

Анкара қаласында Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының (ТӘҰҒАО) VII Бас ассамблеясының отырысы өтті.

Түркі Академиясы ұйымдастырған жиынға Академия президенті Шаһин Мұстафаев, Түркі мемлекеттер ұйымы (ТМҰ) Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, сонымен қатар ТӘҰҒАО-ға мүше мемлекеттер мен республикалардың Ұлттық ғылым академияларының президенттері, Түркияның ғылыми-техникалық зерттеулер кеңесі (TÜBİTAK) басшылығы, университет ректорлары және өзге де бірқатар лауазымды тұлғалар қатысты.

Ассамблея отырысының күн тәртібінде өткен жылы Алматы қаласында өткен VI жиында қабылданған шешімдерді жүзеге асыру үшін нақты қадамдар ұсынылып, түркі әлеміндегі кеңейтілген ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыт-бағдарын айқындайтын бастамалар талқыланды.

Түркі Академиясы тарапынан ғылыми ынтымақтастықтың тетіктері мен ортақ платформалары, түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін және тілдерін зерттеу, ғылыми жұмыстардың бірыңғай деректері базасын құру, экология және су ресурстарын басқару бойынша бастамалар, сонымен қатар жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру жөнінде осыған дейін атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған жобалар бойынша есеп беріліп, жаңа ұсыныстар ортаға салынды.

Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев VI жиында қабылдаған маңызды шешімдердің Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы үшін үлкен серпіліс болғанын атап өтті.

Айта кетейік, Түркі Академиясы 2015 жылы құрылған Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының (ТӘҰҒАО) Хатшылығының міндетін атқарып келеді. Одақтың негізгі мақсаты - түркі қоғамы арасында ғылым мен білім саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ықпалдасу.

Басқосу барысында Татарстан Республикасы (Ресей Федерациясы) Ғылым академиясы президентінің орынбасары Айнұр Тимерханов Түркі мемлекеттері Ұлттық ғылым академиялары одағының іс басындағы төрағалығын Түркия тарабына табыстады. Өз кезегінде Түркия Ғылым академиясының басшысы Музаффер Шекер татарстандық әріптестеріне Одақ төрағалығын табысты атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.

Отырыс соңында тараптар Ғылым академиялары одағына төрағалық ету мерзімін екі жылға ұзартуға, қабылданған бастамаларды жүзеге асыру үшін Жол картасын әзірлеуге және бірқатар ұсыныс бойынша арнайы жұмыс топтарын құруға уағдаласып, қорытынды хаттамаға қол қойды. 

Сондай-ақ қатысушылар ТӘҰҒАО Хатшылығы міндетін атқаратын Түркі Академиясының маңызды рөлін атап өтіп, қабылданған шешімдерді тиімді жүзеге асыратынына сенім білдірді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.