Үлескерлер арасындағы жер дауы жыл санап көбейіп жатыр – Мұрат Ергешбаев

Мәжіліс отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мұрат Ергешбаев депутаттық сауал жолдады.

Өңірлерде үлескерлер арасындағы жер дауы жыл санап артып, толастар емес. 

Оған себеп, өтпелі кезеңде жер үлестерін рәсімдеу кезінде, үлескерлер өз үлестерін шаруашылыққа салым ретінде беріп, өздерінің құқығын құрылтай құжаттарына тиісті дәрежеде қорғай алмағанынан туындап отыр. 

Үлескерлердің өз құқығын жетік білмейтінін пайдаланып, ауылшаруашылық кәсіпорындарының басшылары әртүрлі әрекетке барып, жер үлестерін алуды созбалаңға салдырып, бөліп бермеуі, шаруашылықтың қызметінде ашықтықтың болмауы халық арасында ашу-ыза туғызатыны анық. 

Салдарынан қарапайым халық үлес мәселесінде өзімен-өзі қалып, шаруашылық басшылары немесе белсенді топтардың айтқанын істеуге мәжбүр болып отыр. Кейбір үлескерлер үлесін ала алмай мемлекеттік органдарға жүгінсе, кейбіреулері өздеріне тиесілі үлестердің банктерде кепілде тұрғанынын енді ғана біліп жатыр. 

Үлескерлердің құқықтарын қорғап, қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін, кешенді қарап, біршама өзгеріс енгізу қажет. 

Бұл өзгерістер кәсіпорынның жұмысын ашық жүргізу арқылы үлескерлердің құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.

«AMANAT» партиясы фракциясы ауыл шаруашылық кәсіпорындарында қарапайым пайшылардың құқын қоғау жүйесін енгізу маңызды деп есептейді. 

Ол үшін келесі мәселелерді шұғыл шешу маңызды. Жер үлескерлері бар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының құрылтай құжаттарының үлгілік нысанын бекіту; Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне үлескерлер саны туралы ақпарат енгізу, шаруашылықтардың жарғылық капиталдарындағы жер үлестеріне әділетті бағалау жүргізуді міндеттеу, жыл сайынғы төлеуге міндетті ең төменгі дивидендтің мөлшерін айқындау, үлескердің ұсынысы бойынша жер учаскесін бөліп алу процесін оңтайландыру және оның бағалау критерийлерін белгілеу тәрізді кешенді іс-шаралар жүргізу қажет.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.