Депутат аталған мәселені мүдделі мемлекеттік органдардан жан-жақты қарастыруды сұрады.
Ядролық сынақ салдарынан зардап шеккендер әлеуметтік жеңілдіктерді ала алмай отыр – Жарқынбек Амантайұлы
719
оқылды

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеновағa ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың жанайқайын жеткізіп, сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ол өзінің депутаттық сауалына Павлодар облысының ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған Ақкөл және Май аудандарында тұрған және тұрып жатқан азаматтардың өтініштері негіз болып отырғанын айтты.

Депутаттың сөзінше, тұрғындар өздерінің ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтар санатына жататынына қарамастан, осы санаттағы халық үшін көзделген әлеуметтік жеңілдіктерді толық алмай отыр.

– Жарылыстар болған аймақтарда тұрған халықтың денсаулығына ядролық сынақтардың тікелей әсері болғанын, олардың денсаулығына айтарлықтай нұқсан келгенін және оның адамның жасы ұлғайған сайын күшейе түсетініне күмән келтіруге болмайды. Сондықтан олардың барлығы да ядролық сынақтардың зардап шеккен азаматтардың қатарына жатады, – деп нақтылады депутат.

Ж.Амантайұлы өтініш иелері өздерінің денсаулық, отбасының жағдайына байланысты басқа елді мекендерге көшкенде, ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтар ретінде алып отырған бірқатар жеңілдіктерін ала алмай отырғанын атап өтті. Алайда, бұл адамдардың денсаулығы жақсарып, ядролық жарылыстартың әсері із-түзсіз жоғалды деп айтуға болмайды.

– Еліміздің әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғауды бірінші кезекке қоятын әлеуметтік мемлекет екенін ескерсек, онда ядролық жарылыстар болған кезеңде аталған аймақтарда тұрған, бірақ кейіннен түрлі жағдайда байланысты әртүрлі мәселелермен басқа өңірлерге қоныс аударған адамдар тиісті әлеуметтік қолдау шараларын алуға тиіс деп есептеймін. Осы орайда, құрметті Тамара Босымбекқызы, ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтардың барлығына заңмен көзделген жеңілдіктер бірдей берілуі үшін аталған мәселені мүдделі мемлекеттік органдармен жан-жақты қарастыруды сұраймын, – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.