"Анасы да араласпай кеткен": Бір топ қазақстандық әнші сазгерсымаққа алданып, оған іздеу жариялады

Ақша жібергеннен кейін сазгер әншінің іші-бауырына кіріп, артынша өзінің жеке отбасылық мәселесін айтып, ақша сұрай бастаған.

Сазын саудаға салып, өзін ақын асаба, сазгер деп таныстырған Жақсылық Ыбырайдың былығын ашуға бір топ әнші арызданды. Айтуларынша, жарық көрген әндердің авторымын деп, көзге көрінген әншінің бәріне әуендерін сатып келген. Алданғандардың арасында Музарт тобының солисі Кенжебек Жанәбілов, Жандос Қаржаубай, Азамат Оразбек, Перизат Алпыс та бар. Теңгесін алып тақырға отырғызған сазгерсымақ қайда? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астарлы ақиқат бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әнші Қанағат Меченбай өзіне сазгердің бұдан 1 жыл бұрын хабарласқанын айтады.

"Маған бір күні Жақсылық Ыбырай деген сазгер боламын деп телефон соқты. "Мен сені көріп жүрмін, өнеріңді бағалаймын. Ақын, сазгермін деп айта бастады. Менің 4-5 ән бар, соларды саған ұсынып, тыңдатып көрсем қалай қарайсың? Арзан бағаға сатамын" деді. Одан кейін мен "онда әндеріңді жібер, тыңдайық" деп сұрадым. "Әйел" және "Бауырластар" деген әнді жіберді. Әндерді тыңдай келе, әуені жақсы екен деп ойладым. Жарайды, онда сатып аламын. Қанша бересің деп сұрадым. Ол "брат, мен саған әнді 150 мың теңгеге беруге дайынмын" деп сөз бермеді. Басында екі әнді 300 мың теңге беремін дегенде "сәл ойланып көрейін, тағы басқа туындыларды қарастырып жатырмын" дей бергенімде "мына "Әйелдер" деген әнді 80 мың теңгеге бере салайыншы" деп жібермеске қоймады. Іштей мынау не деген күшті ақын-ей деп ойладым", – деді әнші Қанағат Меченбай.

Қанағат Меченбай қазір ән жаздыру қымбат болғандықтан келісуіне тура келген. Ақша жібергеннен кейін сазгер әншінің іші-бауырына кіріп, артынша өзінің жеке отбасылық мәселесін айтып, ақша сұрай бастаған.

"Ақшаны Мадина деген номерге жібердім. Әйелі болуы керек. Сөйтіп сол күні түнгі 00:00-де хабарласады. "Бауырым, біз Қарағандыдан Астанаға көшейік деп жатыр едік" деп мәселесін айта жөнелді. Жолға 20 мың теңге беру тұршы деп сұрады. Арам ойым жоқ, қиналып жатқан шығар деп бердім. Таңертең 05:00-де хабарласты. Астанаға ұшып келдік. "Бала-шағам, әйелім бәріміз екі Газель көлікпен көшіп келдік. Саған әнді ертең таңертең жіберем деді. Жіберем деген күні әнді жібермей, үшті-күйлі жоқ болды", – деді әнші.

Сонымен қатар ол тойлардың бірінде Азамат Оразбекпен кездесіп қалып, оның да "Бауырластар" деген әнді сатып алғанын біледі. Қос әнші өзара сөйлесіп, Азамат есімді әнші оған әнді сыйға береді. Бірақ Азамат Оразбек те екі әнді 100 мың теңгеге сатып алған. 

Редакция сазгерсымақтың әйеліне хабарласқанын, алайда жары оның қайда екенін білмейтінін, Жақсылық Ыбырайдың үйіне 2 ай бойы келмегенін айтқан.

Бірақ алаяқтың әйелімен Азамат Оразбек 1 ай бұрын тілдесіп, оның сол кезде үйде екенін айтады.
Алматы Полиция департаментінің дерегінше, алаяққа арыз түсіру үшін топ болып шағымдану керек екен.

Мәліметтерге сүйенсек, оған Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерге шығуға тыйым салынған. Бұдан бөлек оның банктерде, түрлі микроқаржы ұйымдарға 400 мың теңгеге жуық берешегі бар. Банктік шоттары бұғатталған.
Бұдан қалды ол шымкенттік Бекарыс деген әншіні 3 миллион теңгеге алдап кеткен. Оған да осы екі әнді тарту еткен. Сазгердің былығын естіген ол өзіне шыға алмаған соң, артына адам салып іздеуге кіріскен. Бірнеше уақыттан кейін оны тауып алған. Сөйтіп Жақсылық Ыбырай әншіге бұл ақшаны қайтара алмайтынын, бірақ 3,5 миллион теңге тұратын машинасын сыйға беретінін айтып сытылып кеткен.

Әнші Бекарыстың естуінше, сазгерсымақ Қапшағайдағы казинолардың бірінде сол сыйға берілетін көлікті бәске тігіп тастаған. 

Алаяқтан тіпті оның туған анасының да көңілі қалып, араласпай кеткен. Қазір полицейлер оған қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.