Көлік-логистика әлеуеті артады

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жал­пы отырыс өтті. Онда депу­таттар бірқатар халықаралық, соның ішінде Қытай және Түркі мемлекеттері ұйымы мен Дүние­жүзілік сауда ұйымы аясындағы келісімдерді ратификациялады.

Сонымен қатар мемлекеттік ста­­тистика және деректерді бас­­қару туралы, экономикалық құ­қықбұзушылықтарды қыл­мыс­тық сипаттан арылту және «Жылу энергетикасы туралы» заң­­дар ілеспе түзетулерімен екін­­ші оқылымда қабылданды.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекет­тердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрам­дастырылған жүк тасымалдары туралы келісім бойынша Көлік министрі Марат Қарабаев баян­дама жасады. Ол құжаттың ережелері әртүрлі көлік түрін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымал­дауды жеңіл­дететінін айтты. Келісім сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз­с­тан, Түркия және Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамы­ту­ға бағытталған. Оған 2022 жылы 11 қарашада Самарқандта қол қойылған.

– 2023 жылдың қорытындысы бо­йынша Қазақ­стан мен Түркі мемле­кеттері ұйымына мүше мемле­кеттер арасындағы жүк тасымалдау көлемі шама­мен 40 миллион тонна жүкті құра­ды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Келісімнің қабылдануы Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл елдің транзиттік көлік әлеуетін дамытуға оң ықпал етеді, – деді М.Қарабаев. 

Айта кетейік, 2023 жылдың соңында TХКБ ар­қылы жүк тасымалдау көлемі 2022 жылмен салыс­тырғанда 65 пайызға өсіп, 2,7 млн тоннаны құрады. Ал биыл 4 айда жүк тасымалы 1,4 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқан.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім де ратификацияланды. Марат Қарабаев құжатты жүзеге асыру нәтижесінде екі ел аумағы арқылы контейнерлік пойыз­дардың экспорттық-импорттық және транзиттік ағынын ұлғайту және олар­дың ішінде жылжымалы құрамды қа­да­ғалау бойынша деректер алмасу көз­делген. Сондай-ақ осы бағыт бойын­ша жүк тасымалдаудың жыл сайынғы көлемін болжау бекітіледі, бұл үшін дәліз арқылы жүктерді тасымалдау жө­нінде бірлескен жұмыс тобы құрылады.

Сондай-ақ Мәжіліс 2022 жылғы 17 маусымда Женевада қабылданған Дүние­жүзілік сауда ұйымын құру тура­лы Марракеш келісіміне (Балық аулау­ды субсидиялау туралы келісім) өзгеріс­тер енгізу туралы хаттаманы рати­фикациялады. Оның ережелерін Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Бағлан Бекбауов баяндады.

Келісім Дүниежүзілік мұхитқа шығу мүмкіндігі бар елдерде теңізде балық аулауды және онымен байланысты қызметті жүзеге асыруды реттейді. Ол заңсыз, хабарланбайтын және реттел­мейтін балық аулауға берілетін суб­сидия­­ларды шектеу арқылы балық ресурсын сақтауға бағытталған.

Сонымен қатар мемлекеттік ста­тистика және деректерді басқару мәсе­лелері бойынша түзетулер екінші оқы­лымнан өтті. Жұмыс тобының жетек­шісі Екатерина Смышляева деректерді басқару және статистикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау үшін құқықтық жағдай жасалып жат­қанын атап өтті.

– Заңға сәйкес, әкімшілік дерек­тердің сапасын бақылау енгізіліп, Ұлт­тық статистика бюросы уәкілетті орган болады. «Ұлттық регистрлерге» құ­қық­тық мәртебе беріледі. «Электрон­ды үкі­мет» ақпараттық-коммуникация­лық платформасының жұмысын құ­қық­тық реттеу өзгереді. Бұл кросс-платформалық цифрландыру моделіне көшуді аяқтайды. Деректер орталық­тарының қызметін құқықтық реттеу ұсынылады. Қазақстан аума­ғында бұлт­­ты технологияларды қолдану тәр­тібі енгізіледі, – деді депутат. 

Мәжіліс екі жаңа ратификациялық заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: мемлекеттік (муни­ципал­дық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келі­сім; Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру жөніндегі келісім.

Жалпы отырыс соңында мәжіліс­мендер мемле­кеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 17 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министр Ол­жас Бектеновке жолдаған сауалында санитарлық авиациядағы проблема­ларды көтерді. Мысалы, мамыр айында Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Қостанайда суға қона­мын деп төбесімен төңкеріліп түскен санавиацияға тиесілі АН-2 ұшағы біраз былықтың бетін ашты. Қазбалап кеп жібергенде жантүр­шігерлік жайттар әшкере болған. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелген. Соның тең жартысы АН-2 ұша­ғының еншісінде.

«2023 жылы санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсаған саладағы со­рақы­лықты санап айтайын. Біріншіден, Қазақстандағы санавиацияда қолда­нылатын АН-2 – Кеңес кезінде, яки 1947 жылдан бастап шыққан ұшақ. 

Ал ЯК-40 – 1966-1981 жылдары құ­растырылған әуе көлігі. Табиғи бай­лық­тың бәрі табанының астын­да жат­қан еліміздің санитарлық рейс­терінде орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтар ұшып жүр. Ең сорақысы, Қазақстанның санавиация­дағы АН-2 ұшақтары АИ-95 маркалы автомобиль бензинімен ұшып жүр. Ойлап көріңіз­дер, аспанмен адам құтқаруға аттанатын ұшаққа жерде жүретін автокөліктің жанармайын құйып жүрген ел атандық. Осыдан кейін санитарлық авиациядағы апат­тарға ешкім таң қала қоймас. Қазақ­стан­дағы санавиация апаттары­ның тең жар­тысы осы ескі ұшақтардың енші­сінде екенін ал­дында айттым. Мұның барлығы Жоғарғы ауди­торлық пала­таның есебінде де көрсетілген», – деді ол.

Келесі бір депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жар­қынбек Амантайұлы әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесін көтерді.

«Жарылыстар болған аймақтарда тұрған халықтың денсаулығына ядро­лық сынақтардың тікелей әсері бол­ғанын, олардың денсаулығына айтар­лықтай нұқсан келгенін және оның адамның жасы ұлғайған сайын күшейе түсетініне күмән келтіруге болмайды. Сондықтан олардың барлығы да ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар­дың қатарына жатады. Еліміз әр азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғауды бірінші кезекке қоятын әлеуметтік мемлекет екенін ескерсек, онда ядролық жарылыстар болған ке­зең­де аталған аймақтарда тұрған, бірақ кейіннен түрлі жағдайда байланысты әртүрлі мәселелермен басқа өңірлерге қоныс аудар­ған адамдар тиісті әлеу­меттік қолдау шараларын алуға тиіс деп есептеймін», – дейді депутат Ж.Аман­тайұлы. Сонымен қа­тар мәжіліс­мен ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтар­дың барлығына заң­мен көзделген жеңілдіктер бірдей бе­рілуі үшін аталған мәселені мүдделі мемлекеттік органдар­мен жан-жақты қарастыруды сұрады. 

Ал депутат Данияр Қасқарауов жал­пы отырыста бірқатар мәселені, атап айтқанда кей аудандардағы инфра­құры­лым мәселесі, ауылдардың әлеу­мет­тік мәселесі, жер, мектеп сияқты проблемаларды қозғады. 

«Президенттің маңызды шешімімен елімізде жаңа үш облыс пайда болды. Оның ішінде Алматы облысы екіге бөлінді. Біздің облыста арнайы Алатау қаласы бой көтерді. Бұл біздің өңір үшін Президент тарапынан едәуір қолдау. Дегенмен әлі де өңіріміздің аудандарын­дағы инфрақұрылым мәселелері ше­ші­мін таппай отыр. Мысалы, шалғайдағы аудандарды айтпағанда, Алматы қала­сы­ның іргесінде тұрған Қарасай ауда­нының проблема­лалары шаш етектен. Мысалы, сол жердегі Кемертоған ауылының әлеуметтік мәселесі ушығып тұр. Жарық, жол және суға жарымаған жұрттың төзімі әбден таусылған. Жер алып, үй салған халық электр энергия­сын қосу үшін 300-500 мың теңге тө­леуге мәжбүр. Бірақ техникалық талап­тарға сай келмейтін желілер жиі үзіліп, тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп жарамсыз болуда», – деді ол. 

Д.Қасқарауов Қарасай ауданындағы жер мәселесі де ушығып тұрғанын айтты. Өкініштісі, су қорғау белдеу­лерінің аумағында жаппай құрылыс орын алуда, Іле-Алатауы ұлттық сая­бағының қорғау аймағында, мүрде­лердің сани­тарлық қорғау аймағында тұрғын үйлер со­ғылуда. Рекреациялық аймақтар қыс­қарған. Оған қоса, үш ауысымды мек­теп­тердің мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әсіресе, Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласы­ның өзінде үш ауысымды мектеп мәсе­лесі күйіп тұр. Қазір осы аталған аудан­дарда шамадан тыс жүктемесі басым 82 мектеп бар. Оған дәлел, облыстың 22 ірі ауылында осы күнге дейін мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жоқ, 25 мәдениет үйі мен клубтар апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ 25 мәдениет нысаны жөндеуді қажет етеді.

Ақмарал АСАНҚЫЗЫ