Отбасы институтын нығайту жә­не оның қоғамдағы рөлін арттыру – «AMANAT» партиясының Саяси тұ­ғырнамасындағы негізгі ба­сым­дықтардың бірі. «AMANAT» пар­тия­сы­ның Әйелдер қанаты ата-аналар ба­лаға көбірек көңіл бөлуі үшін «Ба­лаңа уақыт арна!» акциясын жария­ла­ды.
Отбасын сақтаудың кепілі – «Балаңа уақыт арна!»
923
оқылды

Осылайша, Әйелдер қанатының мүшелері кәсіподақтар мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен акцияның негізгі аспектілерін талқылады. «AMANAT» пар­тиясының хатшысы Шолпан Каринованың айтуынша, акция жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы «жұмыс беруші-отбасылы адам – қызметкер-отбасылы адам» рөліндегі өзара қолдау және жауапкершілік қағидаттарына негізделген іс-қимылдың жаңа үлгілерін дамытуға мүмкіндік береді.

«2024 жылы сәуірде әйелдер мен балалар­дың құқығын қорғауды күшейтетін заң­дар қабылданды. Бұл қадам отбасы институтын нығайтуға ықпал етті. Біздің негізгі міндетіміз – балаларды отбасы арқылы тәрбиелеу, адамгершілік құнды­лықтары мен гуманизмді насихаттау жә­не балаларға қолайлы орта құру. Барша аза­матты біздің бастамамызды қолдауға ша­қырамыз. Қызметкерлер отбасымен кө­бірек уақыт өткізуі үшін еңбек тәжірибе­сіне өзгерістер енгізу қажет. Осы арқылы ең­бек жағдайы да, отбасылардың әл-ауқаты да айтарлықтай жақсарады», – деді ол.

«AMANAT» партиясы Әйелдер қанаты­ның тең төрағасы Екатерина Смышляева отба­сын, ана мен бақытты балалық шақты қор­ғауға лайықты жағдай жасау үшін өн­дірістік қатынастарды заңнамалық қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

«Өндірістік қатынастарды заңнамалық қамтамасыз ету қадамдары жұмыс істейтін ата-аналарды қолдау шараларын, бала тәрбиелеу және отбасылық құндылықтарды нығайту үшін қолайлы жағдай жасау амалдарын көздеуге тиіс. Заңнамалық бастамалар тек еңбек құқықтарын сақтап қана қоймай, сонымен қатар балаларымыздың салауатты әрі қауіпсіз дамуына жағдай жасай отырып, кәсіби және отбасылық өмір арасындағы үйлесімнің тепе-теңдігін қамтамасыз етуі маңызды», –­ деді ол.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Әйел­дер қанатының тең төрағасы Гүлнара Бижанова тақырыптық әлеуметтік зерттеулер жүргізуді ұсынды.

«Біз кәсіподақтардың әлеуетін пайдаланып, мінез-құлық үлгілеріне әсер етуіміз керек. Түптеп келгенде, отбасы – мемлекет­тің негізі. Сондықтан бұл тақырыпқа нем­құрайды қарауға болмайды. Отбасына және отбасы өміріне әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Тақырып ауқымы – кең. Бұл – жас отбасылар, көпбалалы отбасылар, білім ошағымен қарым-қатынас және тағы басқа. Мұндай құрылымдық әлеуметтік зерттеулер алдағы уақытта заңдар мен тұжырымдамалардың негізі бола ала­ды», – деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықованың айтуынша, аталған акцияны жүзеге асыру үшін өндірістік қатынастар процесінде еңбек заңнамасын қатаң сақтау қажет.

«Еңбек заңнамасының сақталуы – отбасылық құндылықтар мен оның әл-ауқатын қолдау үшін лайықты жағдай жасауға мүмкіндік беретін негізгі фактор саналады. Бұл – қазақстандық қоғамда отбасын сақтап қалудың ажырамас бөлігі. Әділ еңбек жағдайын қамтамасыз ету – ата-аналардың бала тәрбиесіне көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік беру арқылы отбасылық қатынас­тарды нығайтуға ықпал ете­ді. Бұл қадам біздің қоғамның тұрақ­ты­лығы мен денсаулығын нығайтады», – деді ол.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев барша қыз­меткер үшін әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндікті ілгерілету мәселесіне на­зар аударды.

«Қазақстанның мемлекеттік саясаты әйелдердің экономика мен саясаттағы мүм­кіндіктерін кеңейту шараларын жүйелі жүзеге асыруда. Бұл қадам олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ық­пал етуде. Елімізде аналар мен жұмыс іс­тейтін әйелдердің құқығын қорғайтын заң­намалық база құрылды. Ал кәсіподақтар ген­дерлік теңдікті қолдау және еңбек жағ­дайын жақсарту мәселесінде шешуші рөл ат­қарады. Жұмыс істейтін әйелдердің құ­қығын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету және біздің қоғамдағы әйел­дердің әлеуметтік мәртебесін нығайту жұмысын бірге жалғастырайық», – деді ол.

Әкелер одағының төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет баланың тұлғалық қалыптасуына тек ата-ана ғана емес, қоршаған ор­та да әсер ететінін еске салды. Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларға, әсіресе жазғы демалыс кезінде қауіпсіз әрі пайдалы жұмыспен қамту түрлерін құрудың маңызын еске салды. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті Ювеналдық полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне тоқталды.

Сондай-ақ жиынға QAZAQMETAL KÁSIPODAGY төрағасының орынбасары Раушан Даумова, «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Светлана Иманқұлова, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева және тағы басқалар қатысты.

Айта кетейік, жыл басынан бері «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерімен бірге әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мүгедек балалары бар отбасыларды қолдау, психологиялық қызмет, өндірістегі әйелдердің қауіпсіздігі, гендерлік бюджеттеу және сараптама, әйелдердің эконо­микалық құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту, ғылым және технологиялық даму мәселелеріне қатысты 8 заң жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 

Инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу мақсатында барлық өңірде «Тең мүмкіндіктер» балалар инклюзивті спорт фестивалі өтті. Сонымен қатар партиялықтар әйелдердің қоғамдағы күн тәртібін ілгерілету бойынша өзге де жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруда.

Берік БЕК