Жуырда Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары альянсының ұйымдастыруымен келелі жиын өтті.
Отандық өнімге қарағанда, импорттық өнімдер неге көп?
1,688
оқылды

Біздің дүкендерде әрі сапалы, әрі бағасы жағынан қолжетімді болып келетін қазақстандық өнімдерге қарағанда, импорттық азық-түлік өнімдері көбірек. Отандық өнімді қолдап, қорғау керегін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында:

- Қазір көптеген ел ішкі нарықты қорғау шараларын белсенді қолданады. Дамыған мемлекеттердің өзі протекционистік өнеркәсіп саясатына көшті. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек,- деген.

Міне, осыған орай Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары альянсының ұйымдастыруымен келелі жиын өтті. Бұған дейін жағдайды жақсарту мақсатында ҚР заңдарына сауда қызметін реттеу және отандық өндірушілерді қорғау мәселелері бойынша, түзетулер мен ұсыныстар жобасы дайындалған еді. Бірақ жобаның бүгінгі таңда жартысы қабылданбаған. Спикерлер сауданы реттеу туралы заң жобасына түзетулерді бұғаттау ертеңгі күні қалай көрініс табатыны туралы айтып берді.

Мәжіліс депутаттары бір ай бұрын азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын қарап шықты. Бірақ жобаның ұсыныстарын қабылдамаған. Енді жаңа құжат, яғни «Сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қарастырылып жатыр. Салалық одақ басшылары бұл мәселе бұрыннан шешімін таппай жүргенін айтып өтті. Себебі олар 1 жылдан бері осы мәселемен күресіп келеді.

Қазір импорт үлесі отандық өндірістің қысқаруына байланысты бірнеше есе өсті. Ал қазақстандық өндірушілер сападан ғана емес, бағадан да ұтылып жатыр. Мәселен, Ресей мен Белоруссияның біздегі импорттық үлесі өзімізге қарағанда, әлдеқайда жоғары. Біз аталмыш мемлекеттер ішінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі бойынша тең емес жағдайдамыз.

- Белоруссияда өндірушілерді мемлекеттік қолдау – 18%. Ресейде – 10%, ал Қазақстанда – 6%. Бір кездері біз мұны бірнеше жыл бойы теңестіруіміз керек деген келісім болды. Біз 10%-ға дейін көтеріліп, ал беларуссиялықтар тең жағдайға ие болу үшін 10%-ға дейін түсіруіміз керек еді. Бірақ өкінішке қарай, ол жұмыс істемеді. Беларусьтар ештеңені төмендетпеді, орыстар керісінше көтерді. Біз де көтердік, бірақ өте аз пайызда. Яғни,  бүгінде бұрынғы диспропорция өзгеріссіз қалды,- дейді «Қазақстан құс өсірушілер одағының» президенті Руслан Шарипов.    

Заң жобасы авторларының пікірінше, импорттаушылардың қазақстандық өндірушілерге қарағанда, мүмкіндіктері мен қуаты көбірек. Сондықтан ұсынылып отырған түзетулер демпингті жою үшін бағытталған.

- Демпинг – бізді нарықтан шығарып тастайтын үлкен құрал. Егер кәсіпорынның қуаты үлкен болса, онда оның уақыты көп. Ол демпингті екі ай бойы ұстай алады. Осы уақыт ішінде шағын кәсіпорындар жай ғана «өледі», демек олар нарықтан кетеді,- деді «Қазақстан Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.

Руслан Шариповтың сөзінше, жұмыртқаға берілетін субсидиялар алынып тасталған, бұл да – үлкен мәселе.

  • Бүгінде айналым қаражаты жоқ, өнім шығара алмаған 12 құс фабрикасы 2-3 жылдан бері жұмысын тоқтатты. Күркетауық еті бойынша жалғыз «Ордабасы құс» болды. Күркетауық еті әлеуметтік маңызы бар өнім емес деп танылып, субсидиялар да алынып тасталды. Жылына өндіретін 12 мың тоннадан қазір 7 мың тоннаға дейін төмендеді,- деді «Қазақстан құс өсірушілер одағының» президенті Р.Шарипов.

Жиынға қатысушылар елімізде сауда желілерінің жалпыға бірдей монополиясы жоқ екенін алға тартады. Сарапшылар атап өткендей, монополист өзінің бақылауындағы сауда орнында сауда еркіндігін шектейді, нәтижесінде жергілікті нарықта бәсекелестік өте әлсіз болады. Импорттың шектен тыс көбеюі отандық кәсіпорындардың біртіңдеп сауда нарығынан түбегейлі кетуіне себепші болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанға Еуразия құрлығының жетекші аграрлық орталығы болу міндетін қойды. Жалпы, экономика мен азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығының дамуына байланысты. Алайда кәсіпкерлер аталған мақсатқа өз өнімін сатудан түсетін айналым қаражатынсыз жете алмайды.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті