Жиын соңында партиялық бақылау комиссиясының мүшелері құрылыс нысандарының аяқталуы ұзаққа созылған спорт кешендері мен су құбырларының құрылысын жүргізген мердігермен бір жақты келісім шарттарды бұзу ұсынылды.
Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың мәселесі қаралды
1,668
оқылды

«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы Жол картасының 2023 жылы Самар, Катон-Қарағай, Күршім, Ұлан аудандарында орындалуы бойынша мәселелер қаралды. Атап айтар болсақ, осы аудандардағы Спорт кешендері мен су құбырларының құрылыс жұмыстары бойынша мәселе талқыланып, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері өз ескертулері мен ұсыныстарын айтты.

«Біз бірнеше рет осы аталған құрылыс нысандарына барып, жұмыстың барысымен таныстық. Мысалы, Таврия және Бозанбай ауылдарындағы спорт кешендерінің құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтамаудың салдарынан істелген дүниелер қайтадан бүлініп жатыр. Бір жұмысты екі қайтара істеп, уақыт алып, мемлекеттің қаржысын желге шашудың қажеті қанша. Ал тұрғындар, құрылысы бітпеген нысандарды жылдап күтуге мәжбүр. Жұмысты ширатып, қысқа уақыт ішінде құрылысты аяқтап, нысанды қолданысқа беру қажет», - деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген.

Аталған нысандарға байланысты аудандық мәслихат депутаттары да бақылау жасап, бірнеше рет тиісті органдарға депутаттық сауал жолдағанын айтады.

«Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметің ШҚО бойынша департаменті бірлесіп, бекіткен жоспар шеңберінде 4 проблемалық объекті бойынша сот істері жүргізіліп жатыр.  Десе де, осы аталған 4 спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған», - дейді  Шығыс Қазақстан облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов.

Жиын соңында партиялық бақылау комиссиясының мүшелері құрылыс нысандарының аяқталуы ұзаққа созылған спорт кешендері мен су құбырларының құрылысын жүргізген мердігермен бір жақты келісім шарттарды бұзу ұсынылды. Нысандар толық қолданысқа берілгенге дейін депутаттар мен партия жақтастарының бақылауында болады.

Партиялық бақылау комиссиясының отырысына тиісті басқармалар, құқық қорғау және қаржы бақылау органдарының өкілдері қатысты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.