Банкноттар жаппай қолданысқа 2024 жылғы қыркүйекте беріле бастайды.
Жаңа 10 мың теңгелік банкнот айналымға шығады: Ұлттық банк мәлімдеме жасады
Фото: Ұлттық банк
5,435
оқылды

Қазақстан Ұлттық Банкі 2024 жылғы үлгідегі жаңа дизайнмен номиналы 10 000 теңгелік банкноттарды айналымға шығарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясынан екінші банкнот. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Банкноттар жаппай қолданысқа 2024 жылғы қыркүйекте беріле бастайды. Себебі оларды еліміздің барлық аймағына жеткізу үшін және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа да кассалық техникалар) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.

Ақша белгісінің дизайны мен формасы туралы

Банкноттардың түсі – күлгін-көк.

Банкнотаның бет жағында:

– көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б.д.д. 5-4 ғғ., Алтын адам баскиімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);

– ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;

– артефакт – тау шыңындағы барыс бейнелі әшекей (Есік қорғаны, б.з.д. 5-4 ғғ., Алтын адамның баскиіміндегі деталь, қар барысы – батылдықтың, күш пен сұлулықтың символы).

Артқы жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан мен Қазақстанда мекен ететін барыс бейнеленген. Негізгі суреттің артында дөңгелек пішіндес қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:

«Қалқан» – құндылықтарды қорғау;

ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы;

ортасындағы күн белгісі – шығармашылық қуат пен өмірдің символы.

Сондай-ақ, банкноттың сырт жағында артефакт, яғни аузында грифондары бар барыстың басы бейнеленген (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д. д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, мақсаттылық пен күштің символы). Банкноттың ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі «шексіздік» контуры бар. Онда Іле Алатауы тауларының ландшафты көрініс тапқан.

Банкноттарды айырбастау және айналымда қатар жүру кезеңін белгілеу тәртібі туралы

Номиналы 10 000 теңгелік жаңа банкноттар 2024 жылғы 28 маусымнан бастап айналымға енеді және айналымда жүрген 2012 жылғы үлгідегі номиналы 10 000 теңгелік ұлттық валюта банкноттарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнот) екі жыл бойы ауыстырылады.

Яғни, ескі үлгідегі барлық банкнот екі жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноттар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. Жаңа және ескі үлгідегі банкноттардың айналымда қатар жүру кезеңі 2024 жылдың 28 маусымнан  2026 жылдың 28 маусымына дейінгі аралықты қамтиды.

Ол кезең аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылғы 28 маусымнан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноттарды 3 жыл ішінде, яғни 2029 жылғы 28 маусымға дейін жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында оларды мерзімсіз айырбастауға болады.

«Жаңа үлгідегі (2024 жылғы) және ескі үлгідегі (2012 жылғы)  банкноттар айналымда қатар жүретін кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру үшін, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында оларды атаулы құнына қарай қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз», – делінген хабарламада. 

Олар еліміздегі ҚҰБ, Қазпошта және екінші деңгейлі банктердің барлық филиалында, сондай-ақ Қазақстандағы бейрезидент банктердің филиалдарында шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.