Халықаралық Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы, елші Кубанычбек Омуралиев Стамбулдағы «Бешикташ» стадионында Қазақтың және Түркі дүниесінің әйгілі әншісі Димаш Құдайбергеннің 30 жасқа толу мерейтойына арналған жеке концертіне қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қоғам қайраткері Ержан Уайстың айтуынша, концерт өткен күннің ертеңінде Стамбулдағы штаб пәтерінде ТМҰ хатшылығында елші Қ. Омуралиев мерейлі концертке арнайы келген Димаштың ата-анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, өнер майталмандары Қанат пен Света Айтбаевтарды және Миуа әжейді қабылдады.
«Бүгін атағы әлемге тараған Димаштай ұл тәриелегені үшін бүкіл түркі мемлекеттері халықтарының атынан шексіз алғысымды білдіремін. Әйгілі әншіге творчестволық табыс тілеймін», – деді елші Қ. Омуралиев.
Димаштың әкесі өнер қайраткері Қанат мырза бас хатшыға жылы қабылдауы үшін ыстық ықыласын білдірді. 80 жастағы Миуа әжей Бас хатшыға ақ батасын берді.
Кездесуге Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысының орынбасары Мерей Мұқажан да қатысты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.