“Бәйшешек” кітабының түрік тіліндегі нұсқасы Kardelen деп аталады.
Жәмила Бақтиярқызының кітабы түрік тіліне аударылды
1,532
оқылды

Ыстамбұл қаласындағы Medipol университетінде жас жазушы, журналист Жәмила Бақтиярқызының “Бәйшешек” кітабының түрік тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

“Бәйшешек” кітабының түрік тіліндегі нұсқасы Kardelen деп аталады. Кездесуге Ыстамбұлдағы Димаш Құдайбергеннің концертіне арнайы қатысқан өнер қайраткерлері, өнер академиясының ректоры Асхат Майемиров, белгілі заңгер Бақыт Шалқарұлы, Жәмиланың қос анасы Ғалия Әбіләзизқызы және Жанна Қасымқызы, Клара, Айнур, Ардақжан, Ыстамбұлдағы  қазақ консулы Алмас Алмат, дипломаттар, университеттің оқытушылары және Түркияда оқитын 150-ден астам қазақ студенттері қатысты. Сонымен қатар "Қазақстан" телеарнасының Түркиядағы тілшісі Айдос Әшім бейнетаспаға түсірді. 

Іc-шараны ұйымдастыруда бастамашы болған Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл құттықтау сөз сөйледі. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі, Қазақстан Мәдениет орталығының басшысы, алғашқы қазақ консулы қызметін атқарған ардагер Ержан Уәйіс кітаптың көркемдік шеберлігіне, жазу стиліне, түрік дүниесінің әдеби қорынан лайықты орын алатынына сендірді. Жиында Қазақстанның халық әртісі, өнер қайраткері Нұрлан Өнербаев басқосуды жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін Бас консул мырзаға алғысын білдірді. Жоғары оқу орны ректорының орынбасары Сәлім мырза Medipol университетінің аты жазылған естелік табақшаны сыйға тартты.

Жиын соңында атақты әнші Нұрлан Өнербаев және белгілі әнші Досымжан Таңатармен “Ауылым” әнін студенттермен бірге шырқады. 

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев кітапты толық оқып шығып, алғыс лебізін білдірген арнайы хат жолдағанын айта кету керек.

«Бізді алға қарай жетелеуші – дәл осы сенім. Ата-бабамыздың келешек ұрпақ – бізге деген сенімі. Біздің қазақ атын әлемге паш етерімізге деген сенімі. Осы сенімді ақтау жолында Отанға қызмет ету зор бақыт! Бәйшешекті түрік тіліне аударып, бауырлас түрік халқына ұсынудағы ниетіміз де осыдан туды. Әлем қазақты өнері, әдебиеті, мәдениеті арқылы таныса екен дейміз.  “Бәйшешек” кітабының түрік тіліндегі нұсқасын таныстырып, осы елде білім алып жүрген қазақ жастарымен кездесіп, бір қуанып қалдық. Менің шығармашылығымды сыйлап, іс-шараға қатысып, ақ батасын берген тәуелсіз Қазақстанның Стамбұлдағы алғашқы бас консулы, ардагер журналист Ержан Уәйіс атамызға, мені қолдап келген барша аға-апаларыма көп рақмет», - деді кітап авторы Жәмила Бақтиярқызы.

Айта кетейік, Жәмилә Бақтиярқызы 10 жасынан бастап сирек кездесетін аутоиммундық миастениямен (жүйке бұлшық еттерінің әлсіздігі) ауырған. Аталған дертпен 8 жыл күрескен бойжеткен 20 жасында дертті толықтай жеңіп шығады. «Бәйшешек» кітабында ауыр дертпен күрескен автордың өмірі жайлы баяндалған.

Жәмила Бақтиярқызы Қазақ ұлттық университеті журналистика факултетін бітірген. Қазір Астанада Еуразия университетінің магистратурасында оқиды. Жас қаламгер «Бәйшешек сенім, күрес, жеңіс” және “Қарлығаш. Махаббат ескерткіші” кітаптарының авторы. Бұл кітаптар әлем халықтарының бірнеше тіліне, атап айтқанда өзбек, қырғыз, орыс, кәріс, ағылшын, ұйғыр, испан, француз тілдеріне аударылды.

“Бәйшешек” кітабының Астанада, Алматыда өткен тұсаукесері қазақ әдебиетінің көрнекті қайреткерлері, Еңбек Ері Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин, Зейнеп Ахметова, Надежда Лушникова, Ханбибі Есенқараева, тағы басқа ақын-жазушылар қатысқан болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.