Қойылымның жанры – лирикалық драма.
«Әйел құпиясы» спектаклі көрерменге жол тартты
1,097
оқылды

Күні кеше Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Әйел құпиясы» спектаклінің премьерасы өтті,- деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қойылымның жанры – лирикалық драма. Авторы – Эдуардо Де Фелиппо. Қазақ тіліне аударған – Тасболат Омаров. Қоюшы режиссері – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.

Бұл спектакльде біздің қоғам үшін өзекті саналатын мәселенің бірі жетім бала мен жалғызбасты ана тақырыбы қозғалған. Қай заманда болса да, ел болашағы өскелең ұрпаққа тікелей байланысты екені анық. Сондықтан да «тәрбие тал бесіктен» дейміз.

Қош, сонымен оқиға ауқатты Доминико Сорианонға 25 жыл күң болып жүрген әйел Филумена Мартураноның өлім аузында жатқан жерінен басталады. Жасы шамамен қырықтан асқан Филуменаның соңғы тілегі һәм қалауы – Доминикомен некесін қию. Әйелдің соңғы тілегіне Доминико қарсы келмейді. Шіркеу қызметкері келіп, екеуінің некесін қиып кетеді. Өлім аузында жатқан Филумена сол бойда «сырқатынан жазылып», тілегінің сырын ашады. Осылайша, біз әйелдің қулығына алданып қалған Доминико Сорианоның мәжбүрлі некеге тұрғанына күйінгенін көреміз. Бірақ Филумена ұзақ жылдар бойы Доминиконы сүйіп, оның барлық жүрісіне көз жұмғанын айтады. Филумена итальяндық үйге қызметші болып келгеннен кейін 2 жылдан соң Доминиконың әйелі қайтыс болады. Екеуінің арасында жақын байланыс болғанымен, Доминико Филуменаға үйленуге ұсыныс білдірмеген.

Ұзақ жылдар бойы осы ұсынысты күткен Филумена, Доминиконың жас «медбике» қызға үйлену жоспарын біліп қояды. Осы себепті Филумена қулығын асыруға мәжбүр болады. Мұндай шешімге тағы бір құпия дүние: үш баласы барын айтып, солар үшін осы қадамға барғанын айтады. Ол 25 жыл бойы балаларына ақшасын аямай, үш баласы бар екенін ешкімге айтпастан бағып жеткізеді. Бірақ балалар әкесінің де, анасының да кім екенінен бейхабар.

Айғай-шудан соң «үш баланың бірі сенікі» дегенді айтып, Филумена үйден кетіп қалады. Осы кезде бүкіл әңгімені естіп тұрған медбике қыз да: «бес жасымда әкем-шешем екеумізді осылай үйден қуып жіберген еді» деп неке келісімшартын жыртып, ол да адвокатпен кетіп қалады. Зәулім сарайда Доминико жалғыз қалып қойды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Доминико Филуменаның өзі үшін орны қаншалықты қымбат жан екенін түсініп, оған «өмірлік жарым бол» деп ұсыныс білдіреді.

Әрине, қойылымнан кейін көрермен ретінде көңілімде ерекше бір әсер, түрлі ой қалды. Әрине, езу тартатын, күлкілі жерлері де болды. Дегенмен қойылымның ойландыратын тұсы көп. Шығарма сапалы болғандықтан, ерекше сипаты мен салтанаты көрінеді. Сендіріп ойнаған актерлер мен актрисалар, атмосфера беретін декорация, жарық пен музыка – бәрі сондай үйлесімді. Қойылымда әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынас философиясы, өмірлік, отбасылық құндылықтар жайындағы ойлардың бірі басым болмай, тепе-теңдік сақталып отыратыны байқалады.

Қай қоғамның болса да, ең қасиетті құндылығы Ана мен Бала болу керек екенін тамаша жеткізе білді. Ана – тіршілік көзі, бала – өмірдің жалғасы! Сондықтан аталмыш спектакль ұрпағының болашағы үшін жанкешті тірлікке барған ана туралы десек, қате айтқанымыз емес.

Сонымен,  көрермен көзайым болып, театрсүйер қауым асыға күткен спектакльдің басты рөлдерін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жанат Чайкина (Филумена Мартурано), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Кеңес Нұрланов (Доминико Сориано) сомдады.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті