Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті.
Сенат төрағасы Вавьерниамен кездесті
962
оқылды

Онда тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастық мәселелерін және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге арналған бірлескен жобаларды талқылады.

Палата Спикері Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­мен ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды бағыт екенін айтты. Өткен 30 жыл­дың ішінде нәтижелі екіжақты байланыс орнап, берік серіктестік қалыптасты. Сол арқылы бірқатар келісімге қол жеткізілді.

Кездесуде тараптар бірлескен жұмыс арқылы ОДМ қағидасын және 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламаны іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті орнықты даму бағытына баса мән беретінін атап өтті. Соған сәйкес аталған салада оң өзгерістерді көздейтін жүйелі шаралар қабылданып, кешенді жобалар әзірленіп жатыр.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Саммитінде сөйлеген сөзінде орнықты даму мақсаттарын іске асыру біздің мемлекет үшін ұлттық басымдық екенін атап өтті. Осыған байланысты көз­деген нәтижелерге қол жеткізу үшін елімізде мақсатты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмысқа Парламент депутаттары да бел­сенді қатысуда. Соның аясында былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды», – деді палата Төрағасы.

Сұхбат барысында аталған Пар­ламент­тік комиссия қызметінің нәтижелері де сөз болды. Сондай-ақ әзірленіп жатқан жобалар, оның ішінде Сенаттың Қоғамдық жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмола облысының әкімдігі бірлесіп қолға алған акселератордың маңызы талқыланды.

Катаржина Вавьерниа БҰҰДБ орнық­ты даму мақсаттарын іске асыруда және оның өсу қарқынын қол­дау бағытында Қазақстанмен ынты­мақ­тастықты ны­ғай­туға мүдделі екенін айтты. Сондай-ақ ол институттармен және мүд­делі тараптармен байланыс орнатуға ашық екенін жеткізді.