«AMANAT» партиясы жанындағы аза­маттық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста екі түрлі маңызды мәселе талқыға түсті.
Дүбірлі доданың маңызы зор
912
оқылды

­Басқосуда алдымен осы жылдың 8-14 қыр­күйегі аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарының дайындық барысы мен іс-шара жоспар­ларының орындалу жайы сөз болды. Одан соң «AMANAT» партиясының 2023-2027 жыл­дарға арналған «Халықпен бірге» сай­лауалды бағдарламасының Жол кар­та­­­с­ында көрсетілген мәдениет және архив ісі са­ласы қызметкерлерінің жалақысын екі есеге ұл­ғайту мәселесіне байланысты ұсы­нымдар мен ­пікірлер тыңдалып, тиісті тұл­ғалар жауап берді. 

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей назарындағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары­ның маңызына тоқталды. 

«Бұл дүбірлі дода – біздің мемлекетіміз үшін де, Қазақстан халқы үшін де аса ма­ңызды шара. Сонымен бірге біздің ұлттық спортымызға тигізер үлесі де зор болмақ. Өз­­­­дерін көшпелілердің ұрпағы санайтын кез келген ұлт көз тіккен бәсекені жоғары дең­гейде өткізу – баршамызға міндет. Сондай-ақ түбі бір түркі көшпенді халықтардың мәдени-рухани жақындасуына септігін тигі­зіп, ынтымақтастығын арттыра түсері сөз­сіз. Сондай-ақ елімізді әлемге әйгілеудің тағы бір орайы туды деп түсінеміз. Түркі мен қазақты бөліп қарауға болмайды, сондықтан көшпенділер ойыны біз үшін, болашақ ұрпақ үшін де бабалар аманатының жаң­ғыруы ре­тінде бағалануы тиіс», – деді ол. 

Шынымен де, байрақты бәсекеден күтер үміт зор. Осымен 5-ші рет ұйымдастырылғалы отырған дода негізгі 3 бағыт – спорт, мәде­ниет, ғылым бойынша жүзеге аспақ.

Жалпы, шараның ұйымдастырылуы мен оның ерекшеліктері туралы баяндаған Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев қазірдің өзінде 84 ел қаты­суға өтінім беріп үлгерді деп отыр. 

«Қазір ұйымдастыру жұмыстары пы­сық­талу үстінде. V Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарын өткізу үшін мемле­кеттен тиісті қаражат бөлінуде. Соған сәй­­­­кес ауқымды шараны ұйымдастыру мақ­сатында елордада ешқандай да жаңа спорттық кешен салын­байды. Бізде бұрын­нан бар мәдени спорттық кешендер жеткі­лікті. Сондықтан барлық шаралар кестесі белгіленген 7 нысанда алдын ала жоспар­ланып Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып пысықталуда», – деді ол. 

Белгілі болғандай, V Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарына 85 елден ке­летін спортшылар барлығы 21 спорт тү­рінен бақ сынасады деп күтілуде. Одан бө­лек, 150-ден артық мәдени іс-шара ұйым­дас­тырылып, 100 мыңнан артық туриске қыз­мет көрсетілмек екен. Вице-министрдің сөзінше, Астанада жүзге тарта киіз үй тігіл­ген этноауыл жүйесі құрылмақ. Мұнда ұл­ты­­мыздың салт-дәстүрі мен мәдени өмірі қо­нақ­тарға насихатталады. 

Ал отырыстың келесі маңызды тақырыбы болып белгіленген «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген мәдениет және архив ісі саласы қызметкерлерінің жала­қысын екі есеге ұлғайту мәселесіне ойысқан депутаттар мәдениетіміздің мәйегі болған бұл саланы назардан еш уа­қытта шығаруға болмайтынын баса айтты. 

Бұл тұрғыда Парламент Мәжілісінің де­путаты Жанарбек Әшімжан біршама кем­шіліктердің орнын толтыру керектігі тура­сында сөз қозғады. 

«Біздің елде мәдениет пен мұрағат сала­сының қызметкерлері шынын айтқанда қолдауға зәру. Себебі олардың жасап отырған жұмыстары мен ғылыми ізденістері алып отырған жалақысына сай емес», – деді депутат.

Сала қызметкерлерін мемлекеттік тұр­ғыда ынталандыру, «AMANAT» партиясы тара­пынан да қолдаудың бар екендігі жасы­рын емес. Өңірдегі сала мамандарының жала­қы­сын ұлғайту туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив құжаттама, кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли айтты. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2022-2025 жылға дейін аталған сала ма­ман­дарының жалақысын жыл сайын 20 па­йызға ұлғайту бағдарламасы жүзеге асыры­лып келеді. Қазір мамандар 225 мың теңге кө­­ле­мінде жалақымен қамтылды. «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарлама­­сында бекітілген қағида бойынша келесі жылы қызметкерлердің жалақысы тағы екі есеге дейін ұлғайтылатын болады», – деді ол. 

Демек, бұл – мемлекеттің бекіткен жос­парына сай мәдениет саласы мен мұрағат қызметкерлерінің еңбегіне сай ескерулер заңда қаралып, алдағы уақытта сала маман­дарының жалақысы жоғарлайды деген сөз. 

Отырысты қорытындылаған кеңес тө­р­аға­сы Аманжол Әлтай Мәжілісте көтерілген барлық мәселе тиісті мекемелерге міндетті түрде жеткізілетінін айтты.

Бердібек ҚАБАЙ