Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – еліміздің бас қаласын жетекші медициналық туристік орталық ретінде таныстыру. Сонымен қатар медициналық туризмді дамытуға және әртүрлі елдің осы саладағы жетекші мамандарымен байланыс орнатуға және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
20 мамыр мен 1 маусым аралығына жоспарланған іс-шара барысында шетелдік делегация қаланың озық медициналық мекемемелерін аралап, ондағы медициналық қызметтермен және қолданыстағы технологиямен танысып, елорданың туристік инфрақұрылымын тамашалайтын болады.
Ұлттық нейрохирургия орталығына келген қытайлық делегация әуелі орталық туралы және Гамма-пышақ заманауи кешені туралы фильм тамашалады. Орталықты аралай жүріп, ондағы үздік заманауи медициналық құрылғылардың жұмысымен танысты. Орталықтың туристік мүмкіндіктері және нейрохирургия саласындағы жетістіктеріне қызығушылық танытып, мамандармен пікір алмасты.
Аурухананың Гамма-пышақ кешенінің медициналық физигі Жанерке Әбішова 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шведтік Elekta компаниясы өндірген Гамма-пышақ заманауи кешені туралы айтты. Оның айтуынша, Қазақстан осындай жоғары технологиялық жабдықтары бар ТМД аумағындағы үшінші және Орталық Азиядағы бірінші ел саналады. Бүгінде әлемде 400-ге жуық Гамма-пышақ қондырғысы бар, олардың жартысы АҚШ пен Жапонияда орналасқан деп айтуға болады.
Гамма-пышақ – бұл мидың ісіктерін, тамырлы және функционалды ауруларын емдеуге арналған радиохирургиялық қондырғы. Жұмыс принципі – 192 кобальт-60 көздерінен радиоактивті сәулелену қолданылады, оның сәулелері патологиялық фокустың аймағында жиналады және біріктіріледі. Олар ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Мидың сау тіндері мен науқастың бүкіл денесі сәулеленбейді. Операцияның өзі ауыртпалықсыз, бассүйегінің трепанациясын қажет етпейді. Операция бірреттік, яғни сәулелік терапия сияқты бірнеше сатыда жүргізудің қажеті жоқ. Сондықтан бүгінде Гамма-пышақ радиохирургиялық емдеудің «Алтын стандарты» болып табылады.
– Қытай елінен келген делегация біздің жұмыс істеу ережелеріміз бен тәсілдерімізге қызығушылық танытып, пациенттеріміз туралы сұрады. Гамма-пышақ кешенін аралап, пациенттерді емдеуге дейінгі және емдеуден кейінгі жоспарлы диагностикалау, МРТ өту барысымен танысты. Біздің тәжірибеміз әріптестеріміз үшін пайдалы ақпарат болды деп ойлаймын. Мәселен, біз күніне 2-ден 4-ке дейін пациент қабылдайтын болсақ, айына орта есеппен 40-қа жуық пациент қабылдаймыз. Үш жылда 1 500 адамға көмек көрсеттік, – деді медициналық физик Жанерке Әбішова.
Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы әріптестік аясында екі елдің медицина саласындағы ынтымақтастығы да өте өзекті саналады. Қытайдағы агенттік директоры Чжан Сяоюй Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пекин қаласында болғаны туралы айта келіп, екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық нәтижесінде қазақстандық медицинаға қызығушылығының артып отырғанына тоқталды.
– Біз медициналық туризмді дамыту бағытында да байланыстар орнатудамыз. Сіздердің медицина жоғары деңгейде дамып келеді. Медициналық орталықтардағы құрылғылар сапалы әрі жаңа, заманауи озық технологиялармен жабдықталыпты. Қызметкерлердің жүзі жылы, мамандықтарына деген сүйіспеншілігі мен әріптестердің бір-біріне деген сыйластығы байқалады. Қытайда да медицина жақсы дамып келеді. Бірақ пациенттердің көптігі сонша, біз оларға көмектесіп үлгермейміз. Кезектің көптігінен кейбір пациенттерге емдік диагностикалауды кешіктіріп алып жатамыз. Сондықтан Қазақстанға келіп, елдеріңіздің медицина саласының мүмкіндіктерімен танысқымыз келді. Қазақстандағы осы бағытпен танысқан соң екі елге де пайдасын тигізер келіссөздер жүргізілуі мүмкін, – деді Чжан Сяоюй.
Қытайдан келген делегация құрамында Гуаньчжоу, Тарбағатай, Үрімші аймағының өкілдері бар.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ақпараттық тур әлі де жалғасады. Елімізде медициналық туризмді дамыту бағытындағы бұл қадам шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға да зор мүмкіндіктер ашады деп күтілуде. Шара аясында Қытайдан және ТМД елдерінен келген делегация UMC корпоративтік қоры, Балаларды оңалту ұлттық орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ауруханасы, UMIT халықаралық онкологиялық томотерапия орталығы, Green Clinic, Razzak Residence Clinic, Doctor Dent, Callisto Beauty Clinic, Tulip Medicine сынды медициналық мекемелерін аралап, танысатын болады.
Айта кететін болсақ, жыл өткен сайын Қазақстанға келетін шетелдік туристер қатары артып келеді. Дертіне шипа іздеп келушілер негізінен Астана мен Алматы қалаларындағы ірі медицина орталықтарына жүгінеді. Осы мақсатта туристерді елге тарту жүйелі жұмысты қажет етеді. Қазір елімізде JCI стандартымен жұмыс істейтін, халықаралық аккредиттеуден өткен бірқатар жетекші клиника бар. Мамандардың айтуынша, олардың әлеуеті жоғары әрі заманауи озық технологиялармен жабдықталған. Жоғары дәрежелі білікті мамандармен қамтылған. Егер шипа іздеп келген шетелдік турист үшін ыңғайлы, қолжетімді әрі сапалы медициналық орта қалыптасатын болса, отандық медицина елдегі пациенттер үшін де тиімді бола түспек.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ